Президент ауылдардағы өзекті мәселелерді тізбектеп шықты

Автор: Асыл Арман

Айтуынша көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы екенін айтты

Фото: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдалануды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазіргі таңда бұл корпорациялардың ауыл экономикасына еш көмегі тимей тұр. Мен жолдауымда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыру туралы тапсырма бердім. Үкімет және Президент Әкімшілігі бұл жұмыспен айналысып жатыр. Нақты нәтиже күтемін.

Осы корпорациялардың және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал», – дейді президент.

Сөз арасында көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы екенін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары жетіспейтінін қозғап өтті.

«Ал оңтүстік өңірде суару арналары мен ирригация жүйелеріне қатысты мәселе – өте өзекті. Тиісті инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қолдауға және инвестор тартуға мүмкіндігі артады.

Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізу қажет. Жалпы, Үкімет ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.