Тоқаев: Бір палаталы жаңа Парламентте президент квотасы болмайды

Автор: Асыл Арман

Ол өз сөзінде Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс түсіп жатқанын айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйлеп, жаңа Парламентте президент квотасы болмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен биылғы Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді», – дейді мемлекет басшысы.

Ол өз сөзінде жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатқанын, Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсіп жатқанын тілге тиек етті.

«Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар.

Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутат бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.