ШҚО полициясы қарт кісіні тонама болған күдіктіні ұстады
Шемонаиха қаласында болған жағдай жергілікті жұрттың назарын аударды. 17 қараша күні 96 жастағы жалғыз тұратын қарт әжейдің үйіне белгісіз адам заңсыз кіріп, ақша талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, «102» арнасы арқылы Шемонаиха ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне пәтерлердің бірінде айғай-шу болып жатқаны жөнінде хабар түскен. Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жеткен.
Тексеру барысында ер адамның терезе арқылы қарт әйелдің үйіне кіріп, күш көрсету арқылы ақша талап еткені белгілі болды. Одан бөлек үй ішінен құнды заттарды іздей бастаған сәтте көршілердің дауысын естіп, оқиға орнынан қашып кеткен.
«Полицейлер жүргізген жедел шаралардың нәтижесінде Шемонаиха ауданының 43 жастағы, бұрын сотталған тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген облыстық ПД хабарламасында.