$ 516.86  598.68  6.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанай тұрғыны алаяқтарға сеніп пәтерін сатып жібере жаздады: бірақ 4 млн теңгесінен айырылып қалды

Зейнеткер тиімді инвестиция деген жарнамаға алданып қалған

Қостанай тұрғыны алаяқтарға сеніп пәтерін сатып жібере жаздады: бірақ 4 млн теңгесінен айырылып қалды
Фото: Қостанай облысы ПД

Қостанай қаласының тұрғыны алаяқтарға 4 млн теңге аударып, олардың қысымымен пәтерін сатып жібере жаздады. Алайда мәмілені риелтор дер кезінде тоқтатып үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ПД-ға сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 64 жастағы әйел интернеттен «тиімді инвестициялар» туралы хабарландыру көргеннен кейін алаяқтардың құрбанына айналған. Үлкен табыс уәдесіне сенген ол көрсетілген сілтемелерге өтіп, 4 млн теңге аударып жіберген.

«TikTok желісінде инвестиция туралы хабарландыруды көрдім. Бір рет байқап көрейін дедім. Маған менеджер хабарласып, салымды көбейту үшін 50 мың теңге енгізу керек деді. 50 мың салып едім, бір аптадан кейін қайтарып берді. Содан кейін ақырындап көбірек ақша аудара бастады. 700 мың теңге несие алдым, миллионға жуық алтындарымның бәрін ломбардқа тапсырдым», – дейді зейнеткер.

Алаяқтар салым көлемі артқан сайын пайда да көбейетінін айтып, әйелді толық сендіргені соншалық, ол көршісін де 6 млн теңге аударуға үгіттеген.

«Алаяқтар жәбірленушінің жылжымайтын мүлкі бар екенін білген соң, одан әрі құнықты. Пәтерін сатуға көндіріп, орасан пайда түсетінін уәде еткен. Тіпті өздері риелторлық компанияға хабарласып, әйелдің «көмекшілері» ретінде таныстырып, пәтерді нарықтық бағадан арзанға шұғыл сатуға қойдыруды талап еткен», – деп хабарлады Қостанай облыстық ПД.

Риелторда бірден күдік туған: байланысқа үшінші тұлға шыққан, сату туралы қатты асықтырған, әрі бағасы қалыптыдан төмен көрсетілген. Ол көрсетілген мекенжайға барып, пәтер иесімен кездескенде, әйелдің қысымға ұшырап жүргенін түсініп, дереу полицияға хабар берген.

Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, әйелдің классикалық алаяқтық схеманың құрбаны болғанын түсіндіріп, пәтердің сатылуына жол бермеген.

«Алдыңғы күні маған бір адам келді, жылжымайтын мүлікті өте қысқа мерзімде, шұғыл сату керек деді. Құжаттардың бәрін бірден жіберді. Бірақ пәтер иесінің өзі емес екені анықталды. «Сіз оған кім боласыз?» деп сұрасам, «отбасының жақын досымын» деді. Сосын нысанға бардық, пәтер иесінің өзімен кездестік. Ол да шұғыл ақша керек екенін айтты», – дейді риелтор.

Интернет алаяқтығына қатысты аса ірі көлемде зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Серіктес жаңалықтары