$ 516.86  598.68  6.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақтың Робин Гуды» алаяқтық ісі үшін 6 жылға сотталуы мүмкін

Ол қайырымдылық мақсатында ақша жинау кезінде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген

«Қазақтың Робин Гуды» алаяқтық ісі үшін 6 жылға сотталуы мүмкін
Фото: Видеодан скрин/instagram.com/qazaq_robin_hood

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында «қазақтың Робин Гуды» деген лақап атпен танымал блогер Ілияс Сариевке қатысты істің жарыссөзі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы – «ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша қаралып жатыр. Айыпталушылар орындығында блогердің өзі және MM Travel турфирмасының басшысы Ақтоты Дүйсеева отыр.

Прокурордың айтуынша, айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің көрсетулерімен толық дәлелденген.

Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сондай-ақ прокурор жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық қанағаттандыруды сұрады.

Тергеу барысында айыпталушылардың қылмыстық әрекеттерінің 26 эпизоды анықталған. Олар бір өндіріске біріктірілген. Эпизодтар қатарында: науқастардың еміне ақша жинау, аз қамтылғандарға тұрғын үй алып беру, сондай-ақ Меккеге қажылыққа жолдамалар сату бар.

Айта кетейік, «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариевтің 2024 жылдың ораза айында дертке шалдыққан Інжудің еміне халықтан қаражат жинау кезінде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

Серіктес жаңалықтары