Биылғы жылдың басынан бері өңірде шамамен 1000 экологиялық іс-шара өткізілді
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «AMANAT» партиясы кезекті кең ауқымды «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізді. Елдің барлық өңірлерінде қатысушылар аумақтарды тазалап, қоғамдық орындарды абаттандырып, экологиялық мәдениетті насихаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы Аягөз қаласындағы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» саябағында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды: жаяу жүргінші жолдары мен демалыс аймақтары тазаланып, қар үйінділері мен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Акцияға қала тұрғындары, мәслихат депутаттары, партия мүшелері мен белсенділер қатысты. «Аягөз қалалық №3» бастауыш партия ұйымының мүшесі Жанғали Мадымовтың айтуынша, көркейту бағытындағы бірлескен жұмыс – ауданның экологиялық мәдениетін дамытуға қосылған маңызды үлес.
«Табиғатты аялау – әр азаматтың борышы. Мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті дамытуға көмектеседі. Егер бәріміз бірігіп әрекет етсек, туған қаламыз бұрынғыдан да көркейе түсетініне сенімдімін», – деді Жанғали Мадымов.
Ақмола облысы Бурабай ауданында Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің студенттері үшін «Таза Қазақстан» тақырыбында экологиялық дәріс өтті. Жастар ситуациялық тапсырмаларға жауап беріп, «Жасыл ойлар» танымдық модуліне қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша тазалықты сақтау – әр азаматтың міндеті деген ортақ қорытындыға келді.
Ақтөбе облысындағы Торғай өзені бойында партия белсенділері мен «Жастар рухы» ұйымының өкілдері шамамен 1 тоннаға жуық қоқыс жинады. Бұл аймақ – 100-ден астам құс түрі мен балықтардың ірі популяциясы мекендейтін танымал демалыс орны. Қатысушылар осындай табиғи аумақтарда тазалықты тұрақты түрде сақтау қажеттігін атап өтті. «AMANAT» партиясының Ырғыз аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Айымгүл Оразымбетова Ырғыз – Торғай аңғары – жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі екендігін атап өтті.
«100-ден астам құс түрі мен шамамен 20 мың тонна балық ресурсы мекендейтін өзен жағасында адамдар отбасымен демалып, балық аулайды. Сол себепті бұл аумақта тазалықты тұрақты түрде сақтау аса маңызды», – деді Айымгүл Оразымбетова.
Атырау облысы Мақат ауылындағы «Мақат» бастауыш партия ұйымының мүшелері көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын, саябақтар мен қоғамдық аумақтарды тазарту жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар «Таза бейсенбі» акциясы тұрғындар арасында жалпы экологиялық жауапкершілік сезімін қалыптастырып, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартатынын атап өтті.
Шымкенттегі Д. Қонаев атындағы саябақта жоспарланған 300 мың гүл тұқымының шамамен 90 мыңы егілді. Акцияға партия филиалдарының 50-ден астам қызметкері, «Жастар рухы» белсенділері және еріктілер қатысты. Биылғы жылдың басынан бері «Таза бейсенбі» аясында қалада шамамен 45 тонна қоқыс жиналып, 4 мыңнан астам тұрғын экологиялық іс-шараларға белсене қатысқан.
«Таза қала — бұл тек коммуналдық қызметтіңғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай акциялар арқылы біз табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға қамқорлықты арттырамыз», — деді «AMANAT» партиясы қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов.
Жамбыл облысы Мерке ауданында акция қатысушылары Орталық стадион аумағын тазалап, 0,7 тонна тұрмыстық қалдық жинады. Активистер бұл акция жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге септігін тигізетінін атап өтті.
Жетісу облысының Талдықорған қаласында акция қатысушылары Ж. Балапанов көшесіндегі скверді тазалап, демалыс аймағын ретке келтірді және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Жастар рухы» партиясының жастар қанатының өкілдері мұндай акцияларға қатысу экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды қадам екенін атап өтті.
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында шамамен 50 қатысушы — мемлекеттік орган қызметкерлері, партия мүшелері және жас еріктілер 50 қап қоқыс жинап, қоғамдық аумақтармен қоса маңайдағы учаскелерді тазалады. Биылғы жылдың басынан бері өңірде шамамен 1000 экологиялық іс-шара өткізіліп, 100 тоннадан астам қалдық жиналды.