Оралдықтар енді бірнеше түнгі клубта арақ-шарап іше алмайтын болды
Ол клубтар линцензиясынан айырылып қалды
Орал қаласының прокуратурасы полициямен бірлесіп, алкогольді заңсыз сату фактілерін анықтау және алдын алу бойынша кешенді шара жүргізіп келеді. Биыл алкоголь саудасына қатысты 95 адам әкімшілік жауапқа тартылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотпен алкоголь өнімдерін сағат 21:00-ден кейін сатқаны үшін «G» бар-дүкенінің иесі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, әкімшілік айыппұл салынды және алкоголь өнімін бөлшек саудада өткізуге лицензияның қолданылуы 3 ай мерзімге тоқтатылды.
Сонымен қатар, көңіл көтеру орындарының қызметтеріне де аса назар аударылуда.
Атап айтқанда, 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімін сатқаны үшін биыл 2 көңіл көтеру орындарының алкоголь өнімін өткізуге лицензиялары тоқтатылды.
«29.10.2025 жылы сот «The Bar» түнгі клубында 21 жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін сатқан жеке кәсіпкердің лицензиясын 3 айға тоқтатты.
Қала прокуратурасы алкогольді заңсыз сату қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін, қылмыстың өсуіне ықпал ететінін және азаматтардың денсаулығына зиян екендігін ескертеді.
Алкоголь өнімдерінің айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасады», – делінген прокуратура хабарламасында.