Алматының жаңартылған бас жоспары көпшілік талқысына ұсынылады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қаланың жаңа бас жоспар жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда қаланың жаңартылған Бас жоспары жұртшылықтың талқысына шығарылады. Қоғамдық тыңдау 24-26 желтоқсан күндері өтетінін қаланың бас сәулетшісі Алмас Жаңбыршы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас сәулетшінің айтуынша, Алматының бас жоспарына түзету енгізу – қаланың өсу қарқыны мен жаңа сын-қатерлерді көрсететін стратегиялық маңызды қадам.

«Мемлекет басшысының бас жоспарға жедел өзгеріс енгізу туралы тапсырмасы бойынша біз қоршаған ортаны қорғауды күшейтіп, қалалық ортаны дамытып, аймақтарды қайта бөлу арқылы тау бөктерін ретсіз құрылыстан қорғауды көздейтін біраз жұмыс бітірдік», - деді сәулетші.

Жаңартылған бас жоспар жобасы бойынша қоғамдық тыңдау биыл 24-26 желтоқсан күндері өтпек. Өтетін уақыты мен орнын қала тұрғындарына алдын ала хабарлап айтады.

«Әр алматылық өз ауданының қалай дамитынын білуі үшін жобамен таныса алады: қай жерде мектеп, жол, емхана, саябақ салынатынын, сондай-ақ салынуы мүмкін құрылыс жөнінде алдын ала біле алады. Бұл тұрғындарға баспанаға қатысты шешімдер қабылдауға көмектеседі. Әр адам пікір білдіре де алады, оны міндетті түрде ескереміз», – деп атап өтті Алмас Жаңбыршы.