Кен орнында қауіпсіздік сақталмағаны дәлелденді
Екібастұз қалалық соты «Майқайыңалтын» компаниясының кен орнында 2024 жылдың қаңтарында құтқарушылар отырған автобус воронкаға құлап кеткен қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айыпталушылар орынтағында «Майқайыңалтын» АҚ-ның алты бірдей бұрынғы басшысы болды: экс-бас директор, оның бірінші орынбасары, Майқайың жерасты кен орнының директоры мен оның орынбасары, бас инженер және бас маркшейдердің міндетін атқарушы. Оларға тау-кен жұмысын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзды деген айып тағылды.
Барлық айыпталушы кінәлі деп танылды.
Компанияның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның бірінші орынбасары Қанат Баширов 3 жыл 6 айға, кен орнының директоры Андрей Шувалов 3 жыл 6 айға сотталды. Директордың орынбасары Берік Назыров пен рудниктің бас инженері Дінмұхамед Қайыпқанұлы 3 жылдан алды. Ал директордың тағы бір орынбасары Иван Терешков 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Соттың мәліметіне сүйенсек, 2014 жылдан бастап кен орнында кеңістікті қуыстап қазу жүйесіне көшкен, алайда қауіпсіздік мақсатында қалған бөлігін құлату жұмысы жүргізілмеген. Соның салдарынан жер астында бос кеңістіктер пайда болған. Соған қарамастан, кәсіпорын бұл учаскені пайдалануды жалғастыра берген және жобалық құжаттамада (2011 және 2013 ж.) көзделгендей, оны уақтылы тексеріп, толтыруды қамтамасыз етпеген.
Соттағы жарыссөздерде мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың тәуекелдерді білгенін, бірақ кеншілер мен құтқарушылардың қауіпсіздігі үшін жеткілікті шара қабылдамағанын айтты. Прокурор алты адамның әрқайсына минималды қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Тараптар белгіленген мерзім ішінде оны аппеляциялық тәртіпте қайта қарауды сұрай алады.