Электр энегриясы мен газ тарифтерінің қымбаттауы өңдеу өнеркәсібін тығырыққа тіреді – депутат

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол бірқатар ұсыныс айтты

Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов ел экономикасының орнықтылығы мен өңдеу өнеркәсібінің дамуын тарифтік саясаттың тұрақтылығы мен болжамдылығымен байланыстырды, деп жазады Azattyq Ryhy.

«Бүгінде электр энергиясы мен газ бағасының өсуі өндірістік шығындарды арттырып, бәсекеге қабілеттілікті төмендетуде. Алдымен, электр энергиясына тоқталайын. Электр тарифтерінің жүйелі түрде өсуі өнімнің өзіндік құнын көтеріп, ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекелестікті әлсіретуде. Өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі бес ферроқорытпа зауытының төртеуі электр қуатының қымбаттауына байланысты өнім көлемін қысқартуға мәжбүр болғанын хабарлады. Үкіметтің тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігі ферроқорытпа зауыттарын төмендетілген тарифпен электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырып жатыр», - деді депутат.

Ол атағандай, осындай қиындықтарды өңдеуші өнеркәсіптің өзге де кәсіпорындары - машина жасау, химия, тамақ өнімдерін қайта өңдеу, шыны және цемент өндірісі де бастан кешіп отыр.

«Аталған салалар да технологиялық циклі үздіксіз энергиямен жабдықтауды талап етеді, алайда оларға арналған қолдау тетіктері әлі де толық қалыптаспаған. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілері электр энергиясын орташа өлшенген тариф бойынша алуға құқылы. Алайда Үкіметте әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер бойынша тікелей баға реттеуден кезең-кезеңмен бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Осы ретте, кезең-кезеңмен бас тарту бастамасы өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін қосымша тәуекелдер туғызады», - дейді Жайымбетов.

Оның айтуынша, газбен жабдықтау саласындағы қазіргі жағдай ерекше алаңдаушылық тудырады.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ірі коммерциялық тұтынушы мәртебесі жылына 10 млн м³ және одан да көп газ сатып алатын кәсіпорындарға беріледі. Алайда бұл критерий формальды сипатқа ие болып, салалардың нақты ерекшеліктерін ескермейді. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, мысалы шыны ыдыс өндірушілері, «ірі тұтынушылар» санатына енгізілген. Дегенмен олар газды қайта сату үшін емес, тек технологиялық шикізат ретінде пайдаланады. 2023 жылы аталған кәсіпорындарға арналған тариф 1 000 м³ үшін 28 000 теңгеден 56 000 теңгеге дейін, яғни 100%-ға өсті, әрі әр алты ай сайын 20%-ға артатын тенденция сақталып отыр»», - деді ол.

Депутат атап өткендей, энергетика министрінің №96 бұйрығының 2-тармағына сәйкес үздіксіз технологиялық процесі бар кәсіпорындар, оның ішінде шыны зауыттары, газды шикізат немесе отын ретінде пайдаланатын тұтынушылар ретінде қарастырылмайды.

«Шыны өнеркәсібі - ұлттық экономиканың ажырамас саласы. Медициналық құты, тағамдық тара, құрылыс шынысы - осыларсыз бір де бір сала дамымайды. Тарифтердің өсуі қазақстандық шыны өнімінің бағасын ресейлік тауардан 33%-ға қымбаттатып тұр. Ал газдың өзіндік құнындағы үлесі 10,6%-дан 15,9%-ға дейін көтерілген. Үш зауыттың екеуі ғана жұмыс істеп тұр», - дейді депутат.

Осыған байланысты Жайымбетов келесі ұсыныстарды қарауды сұрады.

  1. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына электр энергиясының төмендетілген немесе орташа өлшенген тариф беру тәртібі мен критерийлерін бірізді ережелер арқылы бекіту.
  2. Шыны тара өндірушілерін және үздіксіз технологиялық циклі бар кәсіпорындарды газды шикізат немесе отын ретінде пайдаланатын санатқа қосу немесе оларды 5 - топтағы «өзге тұтынушыларға» жатқызып әділ тариф белгілеу.
  3. Өңдеу өнеркәсібінің технологиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік-экономикалық маңызын ескеретін газ тарифтерін әзірлеу.