«Арқаныңды кесіп тастаймын»: Астана тұрғыны альпинистің жұмысына кедергі келтірді (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Альпинист жұмысын жалғастыра алмаған

Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде өнеркәсіптік альпинист жариялаған видео тарады. Ол Астанадағы жасыл бульвар тұрғын үй кешенінің тұрғынымен болған кикілжің туралы мәлім етті, деп жазады Azattyq Ryhy.

Бейнежазбада қала тұрғыны альпинист жұмыс істеп тұрған арқанды «кесіп жіберемін» деп қорқытқан.

Бұған альпинист «Қолыңнан келсе, кес. Мен жұмыс істеп жатырмын» деп жауап береді.

Алайда осындай қауіптен кейін маман жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған, себебі жағдайды қауіпті деп есептеген.

Қазір желі қолданушылары бұл жанжалдың не себепті туындағанын және осындай жағдайда жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануы керектігін талқылап жатыр. Басым бөлігі альпинистің жұмысына кедергі келтірген тұрғынды айыптаған.

Еске салсақ, бұл осындай бірінші жағдай емес. 2023 жылы зейнеткер альпинисті ұрымен шатастырып, қосымша арқанын кесіп тастаған еді. Абырой болғанда оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Альпинист арыз жазудан бас тартты.