Олар құрылыс материалдарының арасына жасырынған
Ақтөбе облысында шетел азаматтары жүк көлігі арқылы Қазақстанға кірмек болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК-нің мәліметінше, 2025 жылғы 23 қарашада Шекара қызметі Ақтөбе облысының «Жайсаң» автокөлік өткізу пунктінде заңсыз көші-қон әрекетін тоқтатқан.
Жүк көлігін тексеру барысында шекаралық жасақ құрылыс материалдарының арасында 10 шетелдік азамат анықталды.
Қылмыстық кодекстің 24 және 394-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
ҰҚК Шекара қызметі осындай құқық бұзушылықтар қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтыратынын атап өтіп, азаматтарды шекара арқылы заңсыз өту схемаларына қатыспауға шақырады», – делінген ҰҚК хабарламасында.