Полицейлер жасөспіріммен әңгімелесіп, сабырға келтірді
Талдықорғанда көпір маңында жасөспірім құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, «102» арнасына көпірде тұрған жасөспірімнің қауіпті әрекетке баруы мүмкін екені туралы хабар түскен. Ақпарат бойынша оқиға орнына дереу патрульдік экипаждар бағыт алды. Серік Танабаев, Айбек Ұзақбай, Баян Әлімхан және Елдар Елубаев жедел жетіп, жағдайды бақылауға алды.
Полицейлер жасөспіріммен сөйлесіп, психологиялық қолдау көрсетті. Әсіресе Елдар Елубаев пен Серік Танабаевтың кәсібилігі оның сабырға келуіне әсер етті.
Жасөспірім жақындауға рұқсат берген сәтте, қызметкерлер оны қауіпсіз жерге шығарды. Кейін ол кезекші психологтарға жеткізілді, мамандар қажетті көмекті көрсетті.
Қазір жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Осылайша полиция қызметкерлері бір өмірді құтқарып қалды.