Қызыл кітапқа енген Бүркіттің суға шомылып жатқандағы сәті ұлттық паркте фототұзаққа түсірілді
«Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық паркінде сирек кездесетін бүркіттің суға түскен видеосы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Парк аумағында жүргізіліп жатқан тұрақты мониторинг жұмысы аясында орнатылған фототұзақтар арқылы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген бүркіттің (Aquila chrysaetos) бейнежазбасы алынды.
ҚР Қызыл кітабына енгізілген бұл түрдің тіркелуі парк аумағындағы биоалуантүрліліктің жоғары деңгейін және табиғи экожүйелердің жақсы сақталғанын айғақтайды.
«Алынған деректер болашақта жыртқыш құстарды қорғау шараларын жетілдіруге, олардың мекендеу ортасын сақтауға және антропогендік әсерді төмендетуге бағытталған іс-шараларды жоспарлауға негіз болады.
Сирек әрі жасырын өмір салтын ұстанатын жануарларды ұзақ мерзімді бақылауда фототұзақ технологиясын қолдану тиімді құрал болып саналады. Бұл бейне парк аумағындағы тұрақты мониторингтің маңыздылығын көрсетіп, экожүйені сақтау бағытындағы ғылыми жұмыстың нәтижелілігін дәлелдейді», - делінген «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық паркінің хабарламасында.