Бұл субсидияланатын сыйақы мөлшерлемесінің кеш төленуіне байланысты жасалып отыр
«ҚазАгроҚаржы» АҚ субсидияланатын сыйақы мөлшерлемесінің кеш төленуіне байланысты қарыз алушыларға есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар жойылатынын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Акция 2025 жылғы 24 қарашада басталып, 2026 жылғы 1 наурызға дейін жалғасады. Компанияның мәліметінше, бастама субсидия төлемдерінің кешігуінен туындаған берешегі бар аграрлар үшін қарыз жүктемесін жеңілдетуге бағытталған.
«Бұл шара бұрын жинақталған мерзімі өткен берешекке де, акция кезеңінде қалыптасқан қарызға да қатысты. Қатысу үшін қарыз алушылар субсидияланатын бөлігін қоса алғанда, мерзімі өткен сыйақыны толық өтеуі, сондай-ақ мерзімі өткен негізгі борышты жабуы қажет», — деп түсіндірді «ҚазАгроҚаржы» баспасөз қызметі.
Клиенттер акцияға қатысу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарына өтінішпен жүгінуі тиіс.