Қостанай облысында үш мая шөп өртеген ер адам 4,5 жылға сотталып кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға 2025 жылдың 25 тамызында болған

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысында ер адам бөтеннің мүлкін қасақана өртеп жібергені үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық соттың мәліметінше, Бейімбет Майлин ауданының сотында Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (бөтеннің мүлкін қасақана жою, өрт қою арқылы) бойынша айыпталған азаматтың ісі қаралған.

Сотта белгілі болғандай, 2025 жылдың 25 тамызында айыпталушы мас күйінде Красносельское ауылы маңындағы шаруа қожалығында болған. Ол өзін малшы ретінде жұмысқа алмағанына ренжіп, қасақана өрт қойған.

Нәтижесінде ер адам жалпы салмағы 14 тонна болатын үш мая шөпті өртеп жіберген. Сондай-ақ жәбірленушіге және тағы бір азаматқа тиесілі мүлік тұрған бір жылжымалы вагон да өртеген.

Салдарынан жәбірленушіге 932 800 теңге, екінші азаматқа 101 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.

Прокурор айыпталушының бұрын да ауыр қылмыс жасап, жазасын өтегенін ескеріп, оның әрекетін қайталады деп танып, 5 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші жазаны соттың өз қалауы бойынша белгілеуді сұрап, азаматтық талап-арыздың толық қанағаттандырылуын өтінген. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады.

Сот жазаны тағайындау кезінде айыпталушының шын жүректен өкінуін жеңілдететін, ал қылмыстың қайталануы мен алкогольдік масаң күйде қылмыс жасауын ауырлататын мән-жай ретінде белгіледі.

Нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, оны қатаң режимдегі түзету мекемесінде өтеумен 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар азаматтық талап толық қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.