Ақтауда косметологиялық салонға барған кішкентай баланың басы күйіп, шашы түсіп қалған

Автор: Асыл Арман

Нәтижесінде сұлулық салоны төленген ақысын ғана қайтарып берген

Фото: istockphoto.com

Ақтауда кәмелетке толмаған баланың шашына косметологиялық процедурадан кейін елеулі зиян келгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, Ақтауда әйел адам косметологиялық қызметтің салдарынан баласына ауыр зиян келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қаладағы сұлулық салондарының бірінде балаға био-түзету жасалғаннан кейін шашы жаппай түсе бастаған.

Қауіпті процедураның құны – 15 000 теңге

Әйел адамның айтуынша, қызмет көрсетілмес бұрын маман алдын ала кеңес беріп, 15 000 теңге көлемінде төлем алған. Алайда процедурадан кейін-ақ баланың шашы түсе бастап, бас терісі күйіп қалған. Бала физикалық қана емес, психологиялық күйзеліске ұшыраған.

Шебер кінәсін мойындамаған

Анасы мән-жайды анықтау үшін шеберге жүгінгенімен, мардымды жауап ала алмаған. Оның сөзінше, косметолог «баланың өзі үйге бара жатқанда шашын бүлдіргенін» айтып, келтірілген шығынды өтеуден бас тартқан.

Полиция оқыс оқиғаны тіркеді

Оқиға орнына учаскелік инспектор шақырылып, факті тіркелген. Ата-аналар Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне де шағым жолдаған.

Зардап шеккен тарап ақшасын қайтарып алды

Тексеру нәтижесінде департамент мамандары тұтынушының пайдасына шешім шығарды. Нәтижесінде отбасы көрсетілген қызметтің толық құнын – 15 000 теңгені қайтарып алды.