Қазақстанның екі өңірінде полиция аса ірі көлемдегі екі ұрлықтың бетін ашты
Ақмола облысында бірнеше ер адам ірі көлемде ақша салынған көлікті айдап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысында полицияға белгісіз адамдардың Mercedes-Benz автокөлігін заңсыз айдап кеткені туралы хабарлама түсті. Көлік ішінде 24 млн теңге болған. Тәртіп сақшылары дереу іздестіру шараларын бастап, күдіктілердің ықтимал бағытын тексеріп, бейнебақылау камераларының жазбаларын талдады.
Үш күннен кейін полицейлер Қызылорда облысының екі тұрғынын ұстады.
ШҚО-да да полиция 10 млн теңгенің ұрлығын ашты. Полицияға Өскемен қаласының 34 жастағы тұрғыны хабарласып, үйіне бөгде адамның кіріп, ұрлық жасағанын айтқан. Анықталғандай, күдікті дәліздегі пластикалық терезеден үйге кіріп, ақша мен зергерлік бұйымдарды қолды қылған.
Жедел іс-шаралар барысында 33 жастағы ер адам ұсталды. Ұрланған заттар иесіне қайтарылды.
Екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.