Петропавлда тыйым салынған діни ағымның материалдарын таратқан ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО-да жыл басынан бері діни заңнаманы бұзудың 7 фактісі тіркелген

Петропавл полицейлері «YouTube» видеохостингіне мониторинг жүргізу барысында діни сипаттағы бейнематериалдарды тарату фактісін анықтады. Аталған жайт бойынша Петропавл қаласының 50 жастағы тұрғыны ұсталып, оған қатысты әкімшілік материал жинақталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында діни заңнаманы бұзудың 7 фактісі тіркелген. «YouTube» желісінде тыйым салынған бейнематериалдарды таратқан тұрғын 132 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл төлеуге мәжбүр болады.  

«Діни заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі саналады. Біз бұл мәселені үнемі назарда ұстаймыз», - деді СҚО ПД ЭҚІҚБ бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Алмас Шитқанов.

Қазақстан Республикасында тыйым салынған «Ата-Жолы» оккульттік-мистикалық діни ағымының әдісі бойынша азаматтарға дәстүрлі емес емдеу қызметін көрсеткен Петропавл қаласының екі тұрғынына ҚР ӘҚтК 489-бабы 10-бөлігі бойынша 50 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл  салынды.

«Полиция қызметкерлері «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол берілетінін ескертеді. Аталған бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады. Жыл басынан анықталған 7 факт бойынша 6 адамға 50-ден 100-ге дейінгі АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Бір материал сараптамада», - деді Алмас Шитқанов.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО