Мұнай бағасы 70 доллар болған жағдайда Қазақстан экономикасы қалай өседі

Автор: Махан Миражан

Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып жатыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан экономикасы 2027-2029 жылдары жылына орта есеппен 5 пайыздан жоғары өседі деп болжанып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вице-министрдің сөзінше, болжам әлемдік экономикадағы ахуал мен сыртқы нарықтардағы жағдайды ескере отырып жасалған. Бұл ретте халықаралық ұйымдар мен инвестициялық банктер мұнай бағасына қатысты болжамдарын төмендеткен. Осыған байланысты Қазақстанның базалық сценарийінде мұнайдың бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде алынған.

«Біз болжамды қалыптастыру кезінде әлемдік экономикадағы негізгі үрдістерді және сыртқы нарықтардағы жағдайды ескердік. Мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, ішкі экономикалық белсенділік сақталады», - деді Азамат Әмрин.

Үкіметтің есебінше, мұнай бағасы барреліне 70 доллар болған жағдайда Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі деп күтіледі.

Мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, экономикалық белсенділікті ішкі факторлар есебінен сақтау көзделіп отыр. Атап айтқанда, өсімнің негізгі бөлігін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс қамтамасыз етеді деп болжанған.

Айтуынша, мұнай бағасы 70 доллар болатын сценарийде сыртқы саудада оң баланс сақталады. Тауар экспорты 2027 жылғы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін өседі деп күтіледі. Ал импорт көлемі осы кезеңде 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін ұлғаяды. Бюджет кірістері де артады деп болжанып отыр. 2027 жылы республикалық бюджетке 19,9 трлн теңге түсуі мүмкін. Бұл биылғы бағалаудан 2,8 трлн теңгеге көп.

Мұнай бағасына байланысты қалыптастырылған болжам аясында Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 2027-2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде белгіленген.

Сонымен қатар Үкімет Ұлттық қордың таза валюталық активтерін арттыруды жоспарлап отыр. Болжам бойынша, оның көлемі 2027 жылы 65,2 млрд долларға, ал 2029 жылы 70,6 млрд долларға жетеді.

«Осылайша, мұнай бағасы барреліне 70 доллар болатын базалық сценарийде Қазақстан экономикасының өсімі ішкі экономикалық белсенділік пен мұнайдан тыс секторлардың дамуы есебінен қамтамасыз етілуі мүмкін», - деп түсіндірді Азамат Әмрин.