Қазақстанда үй жанындағы дүкендерге мемлекеттік қолдауды кеңейту ұсынылды

Автор: Алмас Ерсін

Үй жанындағы дүкендерді сатып алуға берілетін несиелерді субсидиялау және кепілдендіру ұсынылды

Фото: © istockphoto.com

Қазақстанда үй жанындағы дүкендерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту ұсынылды. Бұл мәселе 22 тамызда Сауда және интеграция министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смайылов қолданыстағы ережелер қазір жұмыс істеп тұрған үй жанындағы дүкендерді сатып алуға берілетін несиелерді субсидиялауға мүмкіндік бермейтініне назар аударды.

Қоғамдық кеңес қолданыстағы үй жанындағы дүкендерді сатып алуға берілетін несиелерді субсидиялау және кепілдендіру мүмкіндігін ережелерге енгізуді ұсынды. Сонымен қатар кәсіпкерлерге бір жоба аясында инвестициялық несиені айналым қаражатын толықтыруға арналған несиемен қатар алуға мүмкіндік беру ұсынылып отыр.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев саланы одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың қажет екенін атап өтті.

«Сауда – отандық өндірісті дамытудың аса маңызды қозғаушы күші. Сауда саласында шамамен 1,5 млн адам жұмыспен қамтылғанын, ал саланың өзі ЖІӨ құрылымында екінші орында тұрғанын үнемі айтып келемін. Сондықтан мемлекеттік қолдау – саламызды одан әрі дамытуға, оның тиімділігін арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік беретін маңызды құрал», – деді Арман Шаққалиев.