Қазақстандағы мұнайшылардың орташа айлығы 1,2 млн теңгеге жетті

Автор: Алмас Ерсін

Мұнай-газ саласында 65 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі

Фото: © istockphoto.com

Қазақстандағы мұнай-газ саласы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы шамамен 1,2 млн теңгені құрайды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy ortcom.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде көмірсутектерді барлау және өндіру саласында шамамен 65 мың адам еңбек етеді.

«Мұнай-газ саласындағы орташа айлық жалақы шамамен 1,2 млн теңгені құрайды. Бұл – республикадағы ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі», – деді Ерлан Ақбаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға маман даярлауға 18,7 млрд теңге бағытталған.

Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) 10,1 млрд теңге, ал өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 45,5 млрд теңге инвестиция салынған.