«Бізге коронавирустың ауыр формасы келгендей» – отандық дәрігер

Автор: Azattyq Rýhy

Петропавлда жансақтау бөліміне түсіп жатқандар саны көбейді

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде коронавирусқа шалдыққандар саны 15 мыңға жуықтап қалды. Бұл көрсеткіш күн сайын артуда. Дәрігерлердің сөзінше, науқастар  саны көбейіп қана қоймай, вирустың өзі де басқа, күрделі сипат ала бастады. Маусым айының басынан инфекциялық ауруханаға түскендердің ауру белгілері де өзгерген. Бастапқыда жеңіл форма болса, қазіргі сырқаттардың жағдайы ауыр. Azattyq Rýhy тілшісі петропавлдық коронавируспен жұмыс жөніндегі инфекциялық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Данияр Бейсембаевпен сұхбаттасқан еді.

- Коронавирусқа шалдыққан сырқаттармен қашаннан бері жұмыс істеп жүрсіз?

- Петропавлда ақпан айында коронавирус инфекциясына шалдыққандарды емдеуге арналған қарқынды терапия бөлімшесі ашылды. Бірақ сырқаттар түскен жоқ. Бұған дейін ауырғандардың барлығы жай ғана дене қызуы көтерілуі, бас ауруы сынды қарапайым шағымдары ғана болды. Кейбіреулері тек сараптама оң нәтиже көрсеткендіктен ғана ауруханаға жатқызылды. Маусым айының басынан Петропавлда жансақтау бөліміне түсіп жатқандар саны көбейіп кетті. Екіжақты пневмонияға шалдыққандар саны артты. Жасы 60-тан асқан әйел 1 маусымнан бері жасанды жолмен тыныс алып жатыр. Трахеостома шығарылды. Біз оны онкология диагнозымен байланыстырдық. Алайда тағы бір мысал келтірсем, 35 жастағы жігіттің де жағдайы ауырлап кетті. Оның созылмалы ауруы жоқ. Мұндай жағдайлар күн сайын көбейіп жатыр. Бастапқыда біз де коронавирусқа күмәнмен қарағанымыз рас. Шетелдерде түсірілген видео мен протоколдарда жазылған аурудың формасы бізге енді келді.

- Өздеріңіз жұқпадан қалай қорғанасыздар?

- Біз 6 сағат жұмыс істейміз, 12 сағат демалып, ісімізге қайта кірісеміз. Жұқпаға шалдыққандармен тікелей қатынаста болғандықтан, үйге бармаймыз. Арнайы қонақүйде тұрып жатырмыз. Ауруханадан шыққан бетте өткізу пункті бар. Ол жерде киімімізді ауыстырамыз. Жұмыста жүргенде екі қабатты медициналық маска одан кейін респираторлық маска, көзілдірік, екі қолғап киеміз. Денемізде ашық жер болмайды. Қорғаныс киімінде жұмыс ісеуге тура келеді. Медициналық персонал да басқа қызметкерлер де 14 күн жұмыс істейді, 14 күн карантинде болады. 2-3 күнге үйге баруы мүмкін. Сосын жұмысқа қайта кіріседі. Талап бойынша қорғанып жүрсең, қорқыныш жоқ деп ойлаймын. Мен өзгелер үшін қауіптенемін. Балаларым, анам, әйелім бар. Қазір көпшілік вирустан қорғану қажеттігін ұмытып кетті. Медициналық масканы айына бір рет емес, күніне бірнеше рет ауыстыру керек. Қоғамдық орындарға баруды шектеп, әлеуметтік қашықтықты сақтаған абзал.

- Бастапқыда көпшілік дүкеннен сарымсақ, зімбір сынды өнімдерді жаппай сатып алып жатты. Қазір белгілі бір азық-түлікке деген сұраныс байқалмайды. Жалпы жұқпадан қорғану үшін қандай тағам, дәрумендер тұтынған дұрыс?

- Уақытылы тамақтану керек және вирусқа қарсы препараттар қолданған дұрыс. Аскорбин қышқылы мен цинк имуннитетті күшейтеді. Олар ағаның қорғаныш қабілетін түзеді. Ең дұрысы жабық ғимараттарда маски кию керек, қолды залалсыздандырып отыру маңызды. Қоғам вирусқа жеңіл қарай бастады, ал ол біздің есімізге оның дұрысемес екендігін салып жатыр.

- Бұған дейінгі вирус пен қазіргінің қандай айырмашылығы бар?

- Көктем айларында баршамыз карантинде отырдық. Оның пайдасы тиді. Енді талап жеңілдетілді. Ауру саны да күрт артты. Оның себебі белгісіз. Бізге вирустың басқа, ауыр формасы келгендей. Жұқпа ошақтары көбейді. Бұған дейін ауырғандар қарым-қатынас жасағандар тізімінен болатын. Қазір ауру ошағын анықтау қиын болып жатыр. Біз әрбір жағдай бойынша анкеталық мәлімет жинаймыз. Адам еш белгісіз ауру таратып жүре беруі мүмкін.

- Балалардың жағдайы қалай?

- Ауырған балалармен қарым-қатынас жасағандар көп. Олардың жағдайы жаман емес. Дене қызуы 39 - 39,5 градусқа дейін көтеріледі. Бірақ алдын-ала ештеңе айтуға болмайды. Сырқаттардың жағдайы кез-келген сәтте қиындап кетуі мүмкін. Оны болжау мүмкін емес.

- Көпшілік инфекцияға сенбей жатыр. Сақтық шараларының сақталмауының бір себебі де осы. Ондай азаматтарға не айтар едіңіз?

- Айтқанымдай, оған біз де басында күмәнмен қарадық. Енді, міне, ауырғандарды көріп күнде емдеп жүрміз. Сырқаттардың жағдай күрт төмендейді. Тыныс алуы ауырлайды. Қазір вирустың белсенді түріне тап болғанымызға көзім жетті. Халықты қорқыту емес, қорғау мақсатында «сақ болыңыздар» дегім келеді. Әлеуметтік қашықтықты сақтау, талдауы оң нәтиже көрсеткендер сыртқа шықпай, өздігінен оқшаулану қажеттігін еске салғым келеді. Симтомды аурулар көбейді. Біз денсаулық сақтау саласының барлық ресурстарын іске қосып жатырмыз. Қосымша провизорлық орындар ашылып жатыр. Алайда, ол шексіз емес. Егер ауру осылай дендей берсе, жағдайымыз қиындайды. Ауыр сырқаттар көбейеді. Ал көпшілік жағдайды дұрыс қабылдай алмай жатыр. Айтқаным екі адамның болсын жүрегіне жетіп, аурудан қорғап қалса, мақсатымның орындалғаны деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО