Корей ғалымдары Аралды сексеуілді оазиске айналдыру үшін $1,7 млн бөлді

Автор: Azattyq Rýhy

Сексеуіл ормандарының пайдасы

Осыдан бірнеше күн бұрын  еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Корея Республикасының Корея орман қызметі мен Қазақстанның биоалуандығын сақтау қоры бірлесіп, Арал теңізінің құрғап қалған табанына (13 300 га) 5 млн сексеуіл көшетін отырғызған болатын. Бұл жұмыс 1980 жылдардан бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Azattyq Ruhy тілшісі Аралдағы қазақ орманшыларының жұмысы мен құрғап қалған теңіздің бүгінгі жай-күйі туралы Жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметпен сұхбаттасқан еді.

 АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰРҒАП ҚАЛҒАН ТАБАНЫ

Сәкен, жуырда ғана Аралды қайта қалпына келтіру мақсатында сексеуіл отырғызып келгендеріңізді білеміз. Неліктен сексеуіл? Аралды тірілтудің басқа да ғылыми жолдары жоқ па?

Сексеуіл көшетін отырғызу туралы айтпас бұрын, Арал теңізінің қысқаша тарихына тоқтала кеткім келіп отыр. Жақында ғана Арал теңізі көлемі жағынан әлемдегі төртінші көл еді. Бай табиғи қорларымен танымал болатын. Ал Арал маңы гүлденген әрі биологиялық алуан түрлі табиғи орта болып саналды. 1960 жылдарға дейін теңіз 1000 текше шақырым су көлемінде 68 000 шаршы шақырым ауданды алып жатты. 1950 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейін Аралдың суы каналдар жүйесі арқылы Орталық Азияның кең алқаптарын суарды. Ирригацияға жұмсалған су шығынының шамадан тыс өсуі теңіздің тартылуына алып келді. Арал теңізінің мөлшері мен тұздануы бұрын-соңды болмаған деңгейге азайды. Шаң-тозаңның әсерінен атмосфераның ластануы үш есе өсіп, салдарынан күн радиациясының таралуына және топырақ бетінің температурасына әсерін тигізді. Құмның көшуінен үлкен аумақтар, егістіктер, жолдар мен тұтас аудандар құмның астында қалды. Аралдықтардың көз алдында Аралқұм деген жаңа шөл пайда болды.

Ең алдымен құм көшкінін тоқтату үшін сексеуіл отырғызылды.  Әрине, сексеуіл отырғызудан бөлек, отандық және шетелдік ғалымдар Аралды қалпына келтірудің бірнеше жолдарын ұсынған болатын. Атап айтсақ,  Сібір өзендерін бұру, Каспийден су айдау, мұздықтардың еруі есебінен өзендердің ағынын күшейту және т.б. жолдар қарастырылды. Дегенмен, оның барлығы қымбат әрі орындау жағынан қиын болды. Соңғы уақытта ең тиімді жол ұсынылуда. Ол – теңіздің құрғап қалған табанына абориген-өсімдіктерді отырғызу. Мұны Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да құптады. Қазақстан аумағында Арал теңізінің табанындағы ағаш пен бұталы өсімдіктер құрғаған ауданның 15-20%-дан аспайтын бөлігін құраса, ал олардың табиғи өсу үдерісінің жылдамдығы жаңадан пайда болып жатқан шөлді жерлерден артта қалуда.

ТӘЖІРИБЕЛІК УЧАСКЕЛЕРДІҢ АУДАНЫ 400 ГЕКТАРДАН АСАДЫ

Қателеспесем, құрғап қалған теңіз табанына сексеуіл отырғызу 1980 жылдары бастау алды. Ғалымдардың аталған бастаманы бастауына қандай ғылыми себептер түрткі болып отыр?

Мамандар теңіз табанына зерттеу жұмыстары мен тәжірибелі нысандарды салуға кіріспес бұрын табиғи жағдай туралы қолдағы бар мәліметтерді талдады. Арал теңізінің шөлді ауданындағы көшпелі құмдарды бекіту мен шөлді жерлерде қорғаушы орман екпелерін құру үшін орман мелиорациялық жұмыстарының тәжірибесі зерттелді. Орман өсіру жағдайларын зерттеумен қатар, Қазақстан мен Орта Азия шөлдерінің ағаш өсіру тәжірибесі талданып, жалпыланды. Солтүстік Арал маңы аймағында қара сексеуіл мен сұр терескеннің көшет материалдарын өсіру технологиясы, сонымен қатар орман дақылдары мен қорғаушы екпелерді сексеуілден жасау технологиялары анықталды. Осы деректерге сүйене отырып, институт 1989 жылы эксперименттік тәжірибеге кірісе бастады. Бұл үшін Арал теңізінің құрғап қалған табанының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Қасқақұлан аралы аумағынан 26 тәжірибелік учаскелер таңдалды. Қазіргі уақытта тәжірибелік учаскелердің жалпы ауданы 400 гектардан асады. Бұл профиль топырақты-гидрологиялық жағдайдың барлық спектрінің зерттеу аймағын көрсетеді. Қара сексеуіл, көпбұтақты жыңғыл, жүзгін мен басқа да өсімдіктер сыналды.

Отырғызылған көшеттердің жерсінуі қалай жүріп жатыр?  

Бақылау жұмыстары көрсеткендей, отырғызылған сексеуіл көшеттерінің жерсінуі 66 пайызға дейін жетті. Бұл оң көрсеткіш топырақты-гидрологиялық, ауа райы жағдайлары мен отырғызу маусымына байланысты болды. Қалған сыналған өсімдіктер жерсінбеді. Демек, орман мелиоративті екпелерді тек сексеуіл, сарсазан және жыңғылдан егу ұсынылды. Сонымен қатар, ғалымдар ғылыми зерттеулердің оң нәтижелерін пайдалана отырып, орман мелиоративті орман екпелерін құру бойынша жұмыс жобаларын әзірлеуге кірісті. Құрғап қалған теңіз табанына 600 гектар алқапта сексеуілдің алғашқы екпелерін Қазалы орман шаруашылығы отырғызды. Бұл зерттеулер жас екпелердің және жалғыз тұрған ағаштардың жанындағы қара сексеуілдің табиғи түрде жаңаруына ықпал ететін жасанды әдістер үшін теориялық негіз болды.

СЕКСЕУІЛДІҢ БІР ТАМЫРЫ 4 ТОННАҒА ЖУЫҚ ҚҰМДЫ ҰСТАП ТҰРАДЫ

Сексеуіл орманының құм мен тұзды тежеуден бөлек, тағы қандай пайдасы бар?  

Сексеуіл ормандары топырақты қорғайтын, эрозияға қарсы тұратын, суды және климатты реттейтін маңызды рөлді атқарады. Қазақстанның орманмен көмкерілген алқаптарының басым бөлігін сексеуіл ағаштары алып жатыр. Олар орман құрайтын ағаш түрлерінің барлық ауданының 65 пайызын құрайды. Республиканың орман қорының жартысын алып жатқан ақ және қара сексеуілдің ауданы – 6,3 млн гектар.Табиғатымызда сексеуілдің үш түрі бар: ақ, қара және зайсандық. Қазақстанда сексеуіл орманының алқабы Аралдың солтүстігінен республиканың оңтүстік шекарасына дейін, Каспий теңізінен Алтай тауына дейін таралады. Оған Арал-Каспий платасы, Маңғыстау, Үстірт шөлдері, оңтүстік Балқаш құмдары, Үлкен және Кіші Борсықтар және т.б. кіреді. Сексеуілдің тамыры тереңге кетпейді, тек бірнеше ылғал сіңіретін тамырларға бөлініп, құмның үлкен массасын қамтиды.

Сонда сексеуілдің бір тамыры шамамен, қанша масса құмды ұстап тұрады?

Сексеуілдің бір тамыры 4 тоннаға жуық құмды ұстап тұруға қабілетті. Жалпы, сексеуілдің ең көп тараған түрі – қара сексеуіл. Ол сексеуіл алқаптардың 80 пайызын құрайды. Биіктігі 8 метрге дейін жететін ағаш немесе бұта, діңі өте мықты, әсіресе тамыры.

КОРЕЙ ҒАЛЫМДАРЫ ЖӘНЕ АРАЛ ЭКОЛОГИЯСЫ

Аралда сексеуіл егу жұмыстарына Корей Республикасы қаражат бөлген екен. Екі ел арасындағы аталған серіктестік қашаннан бері басталды?

2017 жылдан бастап Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау қоры Корей Республикасының Орман қызметімен және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануалар дүниесі комитетімен бірлесіп «Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғап қалған табанының фито-орман мелиорациясы» жобасын іске асыруда. Осы жобаға Корея елі 1,7 млн АҚШ доллар қаражат бөлді. 2018-2020 жылдар аралығында Қызылорда облысы «Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» аумағында 13 300 гектар ауданда 5 млн қара сексеуіл отырғызылды. Арал теңізінің құрғап қалған табанындағы орман мелиорациясы жұмыстары үшін Қазалы орман питомнигінде сексеуіл көшеттері өсіріліп, дайындалады. Питомниктің ауданы 32 гектарды құрайды, жылына 4 млн-нан аса сексеуіл көшеттерін өсіріп шығара алады. Питомник жыл сайын Арал теңізінің құрғап қалған табанына 5-7 мың гектар ауданда сексеуіл көшеттерін отырғызады. Бұдан бөлек, питомникте орман дақылдарының көшеттерін өсіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеулік жұмыстар жүргізіледі.

— Неліктен бұл жобаға Корей елі таңдалды, оларға бұдан келер пайда қандай?

— Қазіргі уақытта корей ғалымдары Азия ормандарының экологиялық тұрақтылық мәселесін шешуде. Елдің дағдарыс кезеңіндегі және экономикалық өсімі барысындағы Корей Республикасының орман шаруашылығы саласындағы жинақталған үздік тәжірибесі көптеген елдерде қызығушылық тудыруда. Корей соғысынан кейін ормандардың жағдайы өте нашар болды. 1970 жылдары Корея елі ормандарды қалпына келтіру жоспарына кірісті. Бұл жоспарды іске асыруға елдің барлық азаматтары қатысып, тез өсетін ағаш пен бұталарды қолмен отырғызды.

Соңғы қырық жыл ішінде Оңтүстік Корея елі орман шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Корей орманшылары 12 млрд ағаш отырғызып, ормансызданған тау бөктерін 97,4 пайызға қалпына келтіріп, сонымен қатар биологиялық әртүрлілікті сақтап, оның санын көбейтті.  Жалпы, 1980 жылдардан бастап 2020 жылға дейін Арал теңізінің құрғап қалған табанына 190 мың гектардан аса сексеуіл орманы отырғызылды. Жыл сайын Корея Республикасы елден тыс жерлерге жасыл белдеу құру үшін 2-3 млн АҚШ доллар қаражат жұмсайды. 2019 жылдың тамызында Корея Университетінің профессоры, жобаның бас инженері Сон мырза Корея Орман қызметінің мамандарымен бірлесіп, Арал теңізінің табанында ғылыми-зерттеулік жұмыстар жүргізді. Теңіз топырағының морфологиялық өзгерісін анықтау үшін топырақтың және сексеуіл жапырағының сынамалары алынды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан