Батыс Қазақстаннан 17 кеңестік жауынгердің сүйегі табылды: «Атамның аманаты» ұйымының жауапкершілігі мен ұлы миссиясы

Автор: Аягөз Құрмаш

Қоғамдық емес ұйым 4 мыңға жуық жауынгердің сүйегін тапты

Фото: Атамның аманаты

Ұлы Отан соғысына аттанған 1 млн 300 мың қазақстандықтың 601 мыңнан астамы от ортасынан оралмады. Хабар-ошарсыз кеткен 271 мыңнан астам жауынгердің ұрпақтары әлі күнге дейін аталарын іздеп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тарихи жадты жаңғыртып, соғыста жоғалған аталарын іздеген ұрпаққа үміт сыйлап отырған «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі - Қазақстандағы жалғыз үкіметтік емес қоғамдық ұйым, 2019 жылдың мамыр айынан бастап екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен майдангерлерді іздестіруімен жүйелі түрде айналысатын үкіметтік емес ұйым.

Осы орайда ұйымның жұмысы мен атқарған қызметі жайлы «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары Әбубәкір Смайыловпен әңгімелесуді жөн көрдік.

Ұлы мұрат жолында ұйысқан ұйым

Әбубәкір Смайыловтың айтуынша, ұйымда алдарына ұлы мұрат қойып, оның салмағын сезінетін адамдар топтасқан.

«Олар бос уақыттарында соғыста із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздестіреді. Бірқатар құрылтайшы қайырымдылықты мақсат етіп отыр. Яғни, біздің волонтерлар «Өлі разы болмай, тірі байымайдыны» басшылыққа алады. Ұйымға 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Жалпы сарапшылардың пікірінше Қазақстанда 2 млн-нан астам адам өзінің ата-бабасының дерегін іздейді. Соғысқа кетіп, қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар және олардың ұрпағы арасындағы сабақтастық үзілген. Бұл халықтың басына түскен қасірет деп те айтуға болады. Ал «Атамның аманаиты» осы сабақтастықты жалғап, жадты қайта жаңғыртып келеді», - дейді Әбубәкір Смайылов.

Ал нақты деректер бойынша, 1989 жылы ҚазССР-дің қорғаныс министрлігі 1941-1945 жылдары Қазақстаннан соғысқа 1,3 млн адам аттанды деген.

«Бірақ назар аударатын бір жайт бар, біз 1938-1939 жылдарды назардан тыс қалдырып жатамыз. Ал қазақстандықтар 1938 жылдан бері Қызыл армия қатарында міндеттерін атқара бастады. Біреу білсе, біреуі білмес Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде Хасан көлі маңындағы шайқастарда артиллерияны басқарған. 1939 жылы фин соғысында да мыңдаған қазақ қаза тапты. Олар жайлы деректер де бар. Біз есепті 1939 жылдан 1945 жылға дейін жүргізуіміз керек. Қазір біз 1939 жылдан бастап деректерді қамтуға тырысып жатырмыз. Сондай-ақ Қытай, Монғолия елдеріндегі қоғамдық бірлестіктер, қандастарға хат жазып жатырмыз. Ол жақта да деректер болуы мүмкін», - дейді ол.

Өзара байланыс және табылған тағдырлар

Смайыловтың айтуынша, соғыста ең қанды шайқас Ресей, Украина және Беларусь жерінде болған. Адамы шығын да көп болды.

«Ал Еуропада адам шығыны аз болды. Себебі Қызыл армия өзінің күшіне мінген кезеңде неміс әскері кейін шегініп бара жатты. Сол жерде қаза тапқан не болмаса із-түзсіз жоғалған Қызыл армия солдаттарының есімі айтарлықтай жақсы сақталған. Оның үстіне Еуропада бұл мәселеге мұқият қарайды. Еуропаның 22 мемлекетінде соғыс болған. Біз басы Нидерландыдан бастап Норвегияға дейін сол жақта жерленген қазақстандық жауынгерлердің тізімін алып, 20 мыңнан астам жауынгердің мәліметтер базасын жасақтадық. Оның 16 мыңының тізімін облыс, аудандарға бөліп, Қазақстанның әр аймағындағы газет, пабликтерге жариялап жатырмыз. Мектептерде алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдерімен жұмыс істеп жатырмыз. Олар да айтып жүрсін, мүмкін мектеп оқушылары арқылы «біздің атамыз қандай еді» деп сымсыз телефон арқылы аталарын тауып қала ма деген де үміт жоқ емес», - дейді төрағаның орынбасары.

Спикер атағандай, мұндай мысалдар да аз емес. Мысалы, жақында Жамбыл облысы Жуалы ауданына қордың Бақыт Хасенқызы деген қызметкері барып 3 адамның дерегін тауып қайтқан.

«Сондай іліктен себеп шығып, жоғалған адамдар табылып жататын сәттер болады. Бұл өзара байланысқа жатады. Осылайша, бұл мәліметтерді, облыстарда жариялап, сол жақтағы өкілдерге тапсырдық. Олар жұмыс істеп жатыр. Оның алғашқы нәтижелері де қуантты. Сербияда қаза тауып, жерленген қазақстандық жауынгерлердің ұрпақтары Қызылорда мен Қарағандыдан табылды. Олар 18 сәуірге билет алып қойды, Ыстамбұл арқылы Белградқа барады. Сербиядағы Қазақстанның консулдығындағы азаматтар қолғабыс етеді. Сыртқы істер министрлігі, Еуропадағы Қазақстан елшіліктеріне ризашылығымыз зор. Болашақта олармен ынтымақтастықты нығайта түсеміз деп ойлаймыз», - деді Смайылов.

Батыс Қазақстан – майдан аймағы

Оның айтуынша, дүйім жұрт Екінші дүниежүзілік соғыстың оты тек Еуропа мен Ресей, Беларусь, Украина аумағына жетті, алайда Сталинградқа келіп, қазақ жеріне өткен жоқ деп есептейді.

«КСРО Қорғаныс Халық Комиссарының 1941 жылғы 26 қарашадағы №0444 бұйрығымен Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы майдан аймағына жатқызылды және осы өңір фашистік ұшақтардың бомбалауына ұшырады. Орда ауданы аумағында фашист әскерлерінің десантымен ұрыстар жүрді. Әуе қорғанысы штабтарының деректеріне сәйкес, фашистік авиация Шонғайға 24, Сайқынға 36, Жәнібекке 40-қа жуық әуе шабуылын жасаған. Толық емес мәліметтер бойынша кем дегенде 300 бейбіт тұрғын мен әскери қызметші қаза тауып, шамамен 250 адам жараланған. Қазіргі уақытта аталған аймақта соғыстан қалған зерттелмеген 50-ге жуық бауырластар зираты - төмпешіктер бар.  Онда кезінде окопта қаза тапқан жауынгерлердің сүйектері жатыр. «Атамның аманаты» ұйымының қызметкерлері ол жерді барлаған кезде бір шұңқырдың ішінен 17 жауынгердің сүйегі шықты. Олардың барлығы - Ресей азаматтары», - дейді ол.

Олардың медальондары арқылы сараптама жасалып, аты-жөні анықталған. Бастарына белгі орнатылды. Сайқын елді мекенінде сол 17 жауынгердің есімдері жазылған мемориалдық ескерткіш орнатылды.

«Біз олардың тізімін Ресейге тапсырдық. Олар да із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болуы да мүмкін. «Батыс Қазақстан – Сталинград майданының аймағы» халықаралық тарихи-іздестіру  экспедициясының бастамашысы ретінде далалық қазба жұмыстарын 2025 жылдың маусым-шілде айларында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Экспедицияға біздің шақыруымыз бойынша Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан, Волгоград және Вологда облысынан үш бірдей жасақ қажетті құрал-саймандарымен (мина іздегіш аспаптар және т.б.) келмекші. Олардың ішінде далалық қазба жұмыстарын жүргізіп, табылған мәйіттерді рәсімдеуде тәжірибесі мол мамандар мен криминалистер бар», - дейді Әбубәкір Смайылов.

Сүйектерді елге жеткізу және мәртебе мәселесі

Халықаралық экспедицияға ресейлік іздеушілермен қатар Еуразия ұлттық университетінің студенттері, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің курсанттары, жалпы саны 400-ге жуық адам тартылып, олар 15 күннен 4 ауысымда (әрбір топ шамамен 100 адамнан) жұмыс істемек.

«Біздің еріктілер Ресейдің сайттары, арнайы платформалары арқылы жұмыс істейді. Белгілі уақыт өткен соң, құпия сақталатын уақыт алынып тасталып, архив жаңара түседі. Архивтен дивизия, бөлім жауынгерлерінің тізімі жарияланады. Олардың ішінде қазақстандық солдаттар да бар. Он мыңнан астам өтініштің 4 мыңы бойынша солдаттарды тауып, туыстарына қай жерде жатқанын хабарладық. 19 жауынгердің сүйегі елге жеткізіліп, арулап жерленді. Бірақ біз олардың мәртебесін өзгерте алмаймыз. Оларды «табылды» деп өзгертудің жолы Ресейде жатыр. Біз бұл мәселе бойынша Парламентке өтініш жолдаған едік. Депуттаттар да бұл бойынша сауалдар жолдады. Осыдан кейін өзгеріс болады деген үміттеміз», - дейді ол.

Әбубәкір Смайылов елге жауынгерлердің сүйегі қандай жағдайда жеткізілетінін айтты.

«Бізге атасын тапқан ұрпақтар бауырластар зиратында жерленген атасының сүйегін «елге жеткізуге бола ма?» деп жатады. Бауырластар зиратында жерленген мәйітті қазып, елге жеткізуге рұқсат жоқ. Жергілікті үкімет органдары зиратты күтіп қарайды. Ал елге жеткізілген 19 сарбаздың сүйегі қазба жұмыстары кезінде, белгісіз жерленген зираттардан табылған. Сарбаздардың қалтасындағы  құжаты, медальондар бар. Ресейлік әріптестер біздің азаматтың сүйегі табылғанын хабарлайды. Кейін елдегі ұрпақтарын біз іздеп тауып береміз. Мәселен, 24 сәуірде ШҚО-ның ұшқыш азаматы елге жеткізіледі. Оны бізге Ресейдегі жеңіс музейінде табыстайды. Ол жауынгердің туыстары Риддер қаласынан табылды. Астанадағы әскери-тарихи музейде ұрпақтарына сарбаздың сүйегін табыс етеміз», - дейді Смайылов.

Сондай-ақ Ресейдің Удмуртия аймағынан қазақ сарбазының өзі табылмаса да, медльонын табылған.

«Жауынгердің аты – Төкен. Төкен және Қайырғали деген ағайынды жігіт соғысқа бірге аттанған. Қайырғали соғыстан аман-есен келіп, өмір бойы өзінің інісін іздеген. Інісі үйленбеген, бойдақ. Енді оның сүйегі табылмаса да, жеке заттары табылып отыр. Кім біледі, бауырластар зиратында өзі де жатқан шығар. Болашақта ондай да деректер шығуы мүмкін. жауынгердің ұрпақтары ол заттарды музейге тапсырамыз деп шешім қабылдады», - деді ол.

Сондай-ақ, «Атамның аманаты» бірлестігі басшысының орынбасары «Батырларға тағзым» сайтының мәселесін көтерді.

«Өкінішке қарай, ол жұмыс істемейді. Естелік сайт сияқты тұр. Ішіне ұрпағы өз атасының ерлігі жайлы салып қоя алады. Бірақ ол сайт арқылы жауынгерлерді табу мүмкін емес. Бізге жұмыс істейтін, жауынгердің статусын өзгертетін өзгерістер қажет. Архив комитетінің қызметкерлері осы мәселені де пысықтайтын болды», - дейді Әбубәкір Смайылов.

Ата-баба аманатын орындау – ұлтқа қызмет ету

Әбубәкір Смайылов «Атамның аманатының» миссиясы тарих ақтаңдағын жауып, белгілі бір кезеңді аяқтау екенін айтады.

«Бұл - ата-баба аманатын орындауға, ерлікті ұмытпауға, елдікті ұлықтауға, және ұлт тарихындағы тағы бір ақтаңдақты жабуға бағытталған игілікті іс. Өйткені өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мемлекет басшысы айтқандай ортақ парызымыз», - деп түйіндеді ол.