Театр, өнер, тәрбие және саясат: Жұлдыз Әбдукәрімованың болашаққа қатысты эксклюзив сұхбаты

Автор: Аягөз Құрмаш

Актриса болашақта пікірі мығым қоғам белсендісі болғым келеді дейді 

Фото: Instagram/zhuldyzabdukarimovaofficial

Күні кеше театр актрисасы Жұлдыз Әбдукәрімова мен оның адвокаты алаяқтыққа қатысты қаралып жатқан ісі туралы баспасөз мәслихатын өткізген еді. Конфференциядан тыс Azattyq Rýhy тілшісі актрисаның өзінен эксклюзив сұхбат алды.

-Жұлдыз ханым, қазір көп адамдармен кездесу өткізесіз. Оның ішінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен кездескеніңізді білеміз. Бала құқығын қорғау саласындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға ниеттісіз бе?

-Мен ел алдында жүргеннен кейін қоғамдық істерге онсыз да араласамын. Қандай да бір жағдай болса, міндетті түрде үн қатамын. Ал шахматтан әлем чемпионаттарындағы балалардың жеңісі сынды қуанышты жаңалықтарға Instagram парақшамда үнемі қолдау көрсетіп отырамын. Ол біреудің қолқасымен болатын дүние емес. Меніңше, болашақ ұрпақты, өскелең буынды қолдау қажет. Ал пікірталас туғызатын жағдайларда ешкім үнсіз қалмауы керек деген ойдамын. Балаларды қорғау - елде тұрып жатқан әр азаматтың парызы. Менің бір мекемеге кіріп, соның аясында қызмет етем деген мақсатым жоқ. Тек балаларға қолдау көрсету.

-Декретте отырған аналар қазір өздерін жұмыссыз, жай отырған адам ретінде сезінеді. Көп коучтың да айтатыны осы. «Анасына баласы тұлға ретінде қарауы керек» деп жатады. Сіз 10 жыл қоғамда бой көрсетпедіңіз. Осыған қатысты не дей аласыз?

-Олай айтатын коучтармен мүлдем келіспеймін. Үйде отырып бала тәрбиелеудің өзі – қоғамға пайда әкелумен пара-пар. Неге? Себебі ана баласының болашағына жауапты. Ана өз баласына мейірімін төгіп, махаббатын бере алмаса, бала өсе келе қатігез болады. Қылмыс қайдан болады? Ананың махаббаты мен көңіліне, назарына зәру болғаннан. Анасының мейірімін жеткілікті ала алмаған, сіңіре алмаған бала өмірге өкпелі болып өседі. Өзімді айтатын болсам, қоғамнан алыстадым, құр отырдым деп айта алмаймын. Мен 10 жыл бекер отырған жоқпын. Бұл дүниеге бала әкелдім. Оларды өсірдім, тәрбиеледім. Өзім де дамуымды тоқтатқан жоқпын. Қосымша кітап оқыдым, өз мамандығым бойынша жеке іштей  дайындалып жүрдім. Оған ешқандай налам, өкпем жоқ.

-Қазір сіз модель, актриса, қоғам белсендісі ретінде барлық мүмкін жұмысқа араласып жүрсіз. Бұл осы 10 жылда кеткен есені қайтарып, біреуге бірдеңе дәлелдеу жолындағы әрекет емес пе?

-Біреуге бірдеңе дәлелдеу деген ойымда да болған жоқ. Білесіз бе, адам дамыған сайын, өскен сайын ішіндегі әлеуетінің зор екенін сезе бастағанда, өзіне қызық саланы тапқанда тек алға қарай ұмтылады. Ол үшін алынбайтын қамал жоқ болып көрінеді. Сондықтан менің театр, кино, блогерлік, тіпті телевизиядағы бағытты алып жүріп, қоғамдық істермен араласу, балалармен әңгімелесуге де уақытым, ниетім мен қауқарым жеткілікті. Адам өзіне сенімді болған кезде ғана осындай дүниелермен айналыса алады деген ойдамын. Ол біреуге дәлелдеу емес. Адам ең бірінші өзіне өзін дәлелдеуі керек. Ал менде дәлелдеу ғана емес, ішімдегі потенциал артқан сайын қызығушылығым көбейіп отырады. Бір орында тұрып қалсақ, қашан бар қабілетімізді қолданамыз, қашан өсеміз? Балалар өсті. Олар жетілген соң сенің іс-әрекетіңді көреді, қайталайды. Ол тәжірибемде бар. Балаларым кішкентай емес, қазір алды 17-ге келіп қалды. Соларға қарай отырып мен дұрыс іс-әрекет жасап жүргеніме көзім жетті. Сондықтан бұл жерде ешкімге ештеңе дәлелдеу емес екенін нық айта аламын. Көпшілік солай айтты екен деп сынып қалуға да болмайды. Ол әңгіме бар және болады да. Бұл бақытсыз адамдардың әрекеті деп ойлаймын. Олардың сөзіне бола тоқтап қала берсек, сол жерде «өлдім» деген сөз.

- Адам өмірінде болған кез келген дүниеден сабақ алады дейді. Үйіңізден айырылып, алданып қалғаныңыздан қазір өзіңіз қандай сабақ алып жатырмын деп ойлайсыз?

-Көп сабақ алдым. Әлі де алып жатырмын. Бұл оқиғаның болғанына еш өкінбеймін. Бастапқыда өкініш, ашу-ыза сынды барлық эмоцияны бастан кешірдім. Ал қазір олай емес. Осындай жағдайға тап болған кезде қасыңда кімнің қандай адам екенін біледі екенсің. Кім қандай әрекет жасайды, өзің қандай әрекет жасайтыныңды көресің. Бұл саған не үшін берілгенін сезесің, соған қарай әрекет етесің. Өзім «жертва» позициясын, жылап отырғанды ұнатпаймын. Мүмкіндігің болса, барлығын қолыңа ал да, әрекет ет. Егер ол саған бұйырып тұрса, ешқайда кетпеді. Демек, бұл жерде де менің миссиям бар. Сол миссиямды орындап, халыққа алаяқтықтан қорғануды жеткізуім керек. Егер 10 адамға болсын пайда тисе, сол үшін қуанамын. Менің миссиям осы деп білемін. Яғни, адамдардың осындай жағдайға душар болуынан алдын алу, қорғау. Көп мекеменің табалдырығын тоздырдым. Сонда алаяқтан жәбірленіп, жылап отырған, дәлелдей алмай жүрген көп адамды кездестіремін. Оларды көріп, ішім ашиды, жүрегім ауырады. Себебі алаяқтар қарапайым халықты алдап соғып отыр. Олар «алданамын» деп ойламайды. Тура солай менде де. Бірақ мендегі артықшылық ол халықтың алдында азды-көп танымал болуым. Оны дұрыс жаққа қарай пайдаланып, осы жолда энергиямыды бағыттауым керек.

- Болашақта өзіңізді кім деп көресіз, мысалы, 5-10 жылдан кейінгі Жұлдыздың бейнесі қандай?

- 5-10 жыл...Өте қызықты сұрақ. Мен қайда бара жатқанымды білмеймін, бірақ қайда бара жатқанымды сеземін. Патриот болғаннан кейін шығар, елімнің атын шығаратын, танытатын, пайдамды тигізетін қоғам белсендісі болғанымды елестетемін. Бірақ өзімді саясатта көрмеймін. Өнер адамы үшін, ел алдында жүрген соң театр жолында боламын деп ойлаймын. Себебі театрды жүрегіммен жақсы көремін. Театрды дамытатын, оның ішіндегі барлық мәселені шешіп, жағдайды дұрыстай алатын адам болғым келеді. Ол енді арман, бірақ оған қарай барынша қадам басқан дұрыс. Оған да кезең-кезеңімен, асықпай, баяу болса да, келе жатырмын.

- Жұлдыз ханым, бізге арнайы уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет, сәттілік тілейміз!