Кеңседен Балиге дейін: фрилансер «номадтық жаңа өмір салты» жайында айтып берді

Сымбат Ғалымжан

SMM саласын меңгеру арқылы көңіл көкжиегін кеңейткен Арайлым Кәрімқызымен сұхбат

Кеңседен Балиге дейін: фрилансер «номадтық жаңа өмір салты» жайында айтып берді
Коллаж: Azattyq Ruhy

«Менің есімім Арайлым. «Журналистика» мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ 8 жылдан бері әлеуметтік желідегі маркетингпен (SMM) айналысып жүрмін. Дәл қазір армандаған өмірімді сүрудемін. Ол үшін миллиондаған доллар мен зәулім үйлер қажет емес екен». Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында қыс мезгілінде Балиге уақытша қоныс аударған фрилансер Арайлым Кәрім сөз басын осылай бастады.

Арайлым 2017 жылдан бері негізгі жұмыспен қатар SMM-мен айналысқан. Соңғы 1 жылда тұрақты жұмысынан толықтай фрилансқа ауысқан. Арайлым фрилансер болудың артықшылығы мен кемшілігін қатар тізіп, айтып берді.

«Кей адам фрилансер болу оңай деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Себебі уақытың өз қолыңда болған кезде, оны бос жұмсамау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жүйелілік пен тиянақтылық қажет... Есесіне еркінсің. Қай жерде, қай уақытта жұмыс істегің келеді, өз қолыңда. Өзіңді дамытуға, шекараңды кеңейтуге уақыт көбірек. Жүйелік ойлаудан шығасың. «Бүгін дүйсенбі, ертең сенбі» дегенді ұмытасың. Өміріңді толықтай сүресің. Бар уақыт өзіңдікі болады», - деген Арайлым фрилансер болудың артықшылықтарын айтты.

Арайлым Кәрім 2014 жылы алғаш қызметін телевидение саласында редактор, журналист ретінде бастаған. 2015 жылы әлеуметтік желі енді дами бастаған кезде SMM саласына бет бұрған. Бірнеше телеарнада, ақпараттық порталдарда осы бағыт бойынша қызмет атқарып, соңғы 4 жылын толықтай SMM-ге арнаған.

Бұл ретте, Арайлымнан фрилансерлер үшін ең қолайлы мемлекеттер қандай екенін де сұрадық.

«Меніңше, Вьетнам мен Индонезия (Бали). Ауа райы қолайлы, халқы мейірімді, интернет жақсы істейді. Бастысы, өмір сүру қымбат емес.

Фрилансер болып істеу маған еркіндік сыйлады. Бұл шешім өзімді тануға жасаған үлкен қадам болды. Ел көресің, жер көресің дегендей. Барлығы «фрилансерлер таңертең спортпен айналысады, сосын жұмыс істейді, кітап оқиды, хоббиімен айналысады» деп ойлайды. Бірақ ол адамға байланысты. Ешқайсын істемесең де, санаңда өзгерістер болып жатады. Кей көзқарасыңның өзгеріп жатқанын байқамай да қаласың кейде», - дейді Арайлым.

Сұхбат беруші блогты қазақша жүргізеді. Мұндағы мақсаты – әлеуметтік желіде қазақша контентті дамытуға өз үлесін қосу.

«Қыс біте салысымен, елге ораламын. Туыстарым, отбасым, достарымның көбі Қазақстанда тұрады», - дейді Арайлым. 

Фрилансер болу, көшпелі өмір салтымен өмір сүрудың артықшылықтарымен қатар, кемшін тұстары да бар.

«Үнемі тұратын жеріңді ауыстырып отыру – қиын. Көңілден шығатын үй табу қиын, көп уақытың кетіп қалады. Кей нәрсе біз үйреніп қалғандай емес, сондықтан басында әдетіңді өзгерту қиын. Мысалы, Балиде күн 6-дан кете батып кетеді. Біз жазда күннің 9-ға қарай ғана бататынына үйреніп қалғанбыз, тез бітіп қалатындай көрінеді. Өз-өзіңді тәртіпке салмасаң, бәрі құрдымға кетті дей бер», - деп, бастысы дисциплина екенін тағы еске салды. 

Фрилансер айына қанша табыс табады?

«1 млн теңгенің шамасында. Жұмысыма байланысты. Көбірек табуға болады, ерінемін», - дейді Арайлым.

Яғни, табыс мөлшері жұмыс көлеміне, ал жұмыс құны мен көлемі фрилансердің еркіне байланысты.

Жуырда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазіргі таңда бакалавр білімін 4 жыл оқу артық деді. Яғни, қазір уақыт күтпейді. Мамандықты одан да аз уақытта меңгеру мүмкін. Арайлым бұл туралы өз пікірін бөлісті.

«Иә, бірінші курста, мысалы, мектеп бағдарламасындағы сабақтарды қайта оқисың, оның не қажеті бар. Көбіне практикаға ден қойып, 3 жылда бітіріп тастауға болады деп ойлаймын. Бірақ университетте білім алу міндетті түрде керек. Өте маңызды», - дейді ол.

SMM мамандығын меңгеру үшін, спикердің айтуынша, негізгі теориясына 1,5 ай жеткілікті.

«Бірақ бұл салада барлығы тәжірибемен келеді, сондықтан тағы 2 жыл тәжірибеден кейін мықты маман болып алуға болады, меніңше. Тәжірибең көбейген сайын, мықтысың. Мен жылына 2-3 рет хард скилдарымды және софт скилдарымды дамытатын курстарға қатысып тұрамын. Үнемі сергек болу үшін», - деп құпиясын да айтты.

Биыл қыста Вьетнам, Индонезияны мекен еткен фрилансер Арайлымнан алдағы онжылдықта ең сұранысқа ие болатын мамандық түрлері қандай екенін де сұрап, пікірін білдік.

«SMM-ның болашағы зор. Қазір көбі SMM-ның орнын рилсмейкер, таргетологтар басып жатыр дейді. Олай емес, SMM тек бір шағын бизнестің парақшасын жүргізу емес қой, қаласаң, әлемнің кез келген түкпірінен жұмысқа тұра аласың. Booking-тың, Dior-дың social marketing бөліміне, мысалы. Және ол тек Инстаграммен шектелмейді. Әлеуметтік желі өте көп», - деді ол.

SMM, таргетолог, мобилограф мамандықтарымен енді жұмыс істей бастаған жас маманға Арайлымның айтар топ-5 кеңесі:

  • Үнемі ізденісте бол. Өзіңді дамытудан жалықпа. Бәрін білемін, тойдым деуден аулақ болу;
  • Өзіңе жауапкершілік алудан қорықпа;
  • Креативті және критикалық ойлауға ден қой;
  • Шешімдеріңе батыл бол;
  • Сен жүргізетін жобалар сенің өміріңнің мәні емес. Сондықтан өз уақытыңды өзің жоспарлауды үйрен. Өйткені артқа шегіну оңай.

«Ойдағы шекарадан шықсаң, бәрі де мүмкін. 20-21 жастағы талай new money миллионер соның дәлелі емес пе?» - деп сөзін қорытындылады Арайлым.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.