Буллинг, «Келешек» ерікті жинақ жүйесі, балалар болашағы – депутатпен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Президент өз Жолдауында мектептердің психологиялық қызметін дамыту қажеттігін баса айтты

ҚР Президенті Жолдауында экономикалық дамуға басымдық берілгенімен, әлеуметтік сала да ұмыт қалмады. Әсіресе, білім саласы бойынша, бала болашағы, мектепте өршіп тұрған буллинг және одан қорғау, сапалы білім беру туралы нақты тапсырмалар берілді.

Биылғы Жолдаудың ерекшелігі және тарихилығы біздің мемлекетіміздің ендігі дамуының экономикалық жаңа дамуына байланысты нақты қадамдар жасалуында. Бірақ соған қарамастан, әлеуметтік мәселелер де ұмыт қалған жоқ. Оның ішінде білім саласы, еңбек нарығына қатысты тұтастай бағдарламалар және бағдарламалық ұсыныстар айтылды.

Azattyq Ruhy тілшісіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова мектептердегі психологиялық қызметті күшейту, «Келешек» жинақ жүйесінің мақсаты мен оның қалай жүзеге асырылатыны туралы толығырақ айтып берді.

БУЛЛИНГТЕН ҚОРҒАУ

«Бірінші айтылған дүние – мектептегі психологиялық қызметті дамыту. Буллинг дегеніміз - соңғы 10-15 жылда өршіп, белең алып тұрған мәселе. Балалар арасындағы психологиялық тұрғыдан көрсетілетін қысым деуге болады. Біздің кезімізде де мектепте буллинг болды. Бірақ ол кездегі тәрбие мүлдем басқа. Қазір өсіп келе жатқан ұрпақтың психологиялық тұрғыда дамуы, ақпаратты қабылдауы, сол ақпаратқа сәйкес іс-әрекет етуі мүлдем бөлек. Соған байланысты психологиялық қызметті дамыту өзекті», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Буллингті тоқтатуға қатысты арнайы бір мекеме құру қажет пе?

«Бізде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бар. Қазір ол Оқу ағарту министрлігінің құрамында. Егер ол Комитеттің құзіреттілігін тікелей Премьер-министрге не Президентке бағынышты ететін болсақ, онда ол құзырлы органның статусы да өзгеретін еді. Сол жағын қарастыру қажет секілді. Екінші мәселе барлық өңірдегі бала құқығын қорғау жөніндегі комитеттердің де статусын сол негізде өзгертуге болар еді. Бізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бар. Сол уәкілдің статусына байланысты заңнамалық нормаларды өзім қазір ойластырып жүрмін», - дейді депутат.

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде әрбір 5-ші жасөспірім буллингке ұшырайды. Мұндай статистика Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығында айтылғанын еске саламыз.

«Қазіргі Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің де жұмысына көңіліміз толып, қай жерде мәселе көтерілсе, сол жаққа барып, мәселені шешуге атсалысып жүрген еңбегін көріп, бағалап жатырмыз. Енді, бұл адамның тұлғалығына, жанашырлығына байланысты қасиеті. Бірақ бір институт заңдық негізде жұмыс істеуі үшін, бәлкім, заңды қайтадан қарау керек шығар деп ойлаймын. Бұдан бөлек, буллингке қатысты Оқу-ағарту министрлігі тарапынан құжат қабылдануы қажет. Сол нәрсенің өзінің бір жазасы болатындығы, яғни, бұл басқа адамның құқығына қол сұғу екендігін біз мектептен балаларға үйретуіміз қажет. Қазір көпшілігі «біз тәрбие жөнінде концепцияны қабылдасақ және сол тәрбиенің аясында жұмыс істесек» дейді. Жалпы, тәрбиенің концепциясы өзекті, ол да кезек күттірмей атқаратын шаруа. Оқу-ағарту министрлігі жазда тәрбие жөнінде құжат қабылдайтындарын жеткізді. Бірақ, буллингке қарсы құжат қабылдануы және оны оқушылар мен ата-аналар арасында насихаттау ол бөлек дүние болуы қажет деп ойлаймын», - дейді Жұлдыз Досбергенқызы.

БАСТАПҚЫ БІЛІМ БЕРУ КАПИТАЛЫ

Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ, деді Президент. Сол себепті де, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды.

«Қыркүйек айының соңына қарай Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің аясында «Келешек» жинағы қалай жүзеге асырылатыны жайлы, «Ұлттық қор балаларға» деген заңның аясында оның жинағы, салымы қалай болады деген оймен үлкен Комитет отырысын ұйымдастырғалы жатырмыз. Бұл жерге барлық мүдделі органдарды шақырамыз. Оның ішінде Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қаржы орталығының өкілдерін, Бала құқықтары уәкілі - барлығын шақырып, бұл салым қалай жүзеге асатынын талқылаймыз. Жолдауда жинаққа қатысты айтылған ең негізгі мәселе оның «еріктілігі». Яғни, ата-аналар ерікті негізде өзінің салымын салуы қажет. Жұмыссыздық болған жағдайда немесе ата-аналар айлығынан қалай салып отырады, бұның жүйесі қалай құрылады бұның бәрі бізге қызық», - дейді депутат.

ЖИНАҚ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

«Біз баланың болашағы мен өзімізді байланыстырған халықпыз. Кез келген ата-ана үйіндегі малын да, барын да баланың болашағы үшін беруге дайын. Өйткені, баласының болашағынан үлкен үміт күтеді. Сәйкесінше, «Келешек» деген бағдарлама сіздің өзіңіздің қандай да бір жинақтарыңызға, ерікті салым сала отырып, инвестиция ретінде, бала 5 жасқа дейінгі, мектепалды даярлықта, үйірмеге, балалардың қызығушылығына байланысты тағы басқа, спорт, шығармашылық, ғылыми үйірмелерге бағытталған жинақ болады», - дейді ол.

ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА СӘЙКЕС ЖИНАҚ

«Біз тек қана мектептегі пәндік біліммен ғана баланы еңбек нарығына дайындаймыз десек, қателесеміз. Еңбек нарығында бала IT, шығармашылық, ғылыми дағдыларды дамытуы керек. Оның барлығын бүгінгі таңда мектеп бағдарламасынан алу қиын болып қалды. Соған байланысты мектептен тыс уақытта да үйірмеге қатысу, орталықтарға қаражат бағыттайтын бағдарлама болатынына мен қуаныштымын. «Ұлттық қор балаларға» заңы қабылданды. Яғни, «Ұлттық қордың» инвестициялық түсімінен түскен қаражат балаларға мемлекеттің тарапынан инвестиция ретінде салынатын болды», - деп түсіндірді Жұлдыз ханым.

Ал қаражат 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй мен білім беру мақсатында нақты нысаналы қаражат ретінде сақталады.

«Келешек» жинағы - дәл осы мектепалды даярлықтан бастап, мектепті аяқтағанға дейінгі бағдар жүйесін құратындай бағдарлама».

Авторы: Сымбат МОЛДАТАЙ