Семейде тұратын І-топтағы мүгедектігі бар отбасы контент жасау тәсілімен бөлісті
ТикТокта контент жасап, пайдалы блог түсіру арқылы танымал болып келе жатқан, отбасылық құндылықтары және кіршіксіз махаббаттарымен көпшіліктің жүрегін жаулаған – Олег және Гүлмира Шепетиндер отбасы. Олар тағдырдың қатал сынағына сынып қалған жоқ. Оның орнына бірігіп, бірге күресіп келеді.
СТРЕСС СОҚЫРЛЫҚҚА СОҚТЫРДЫ
«Менің көзім ешқашан ауырған емес, қосымша бір дертім де жоқ. Ешқандай жарақат та алмадым. Көз жанарымның көруі бір күнде бірден нашарлай бастады. МРТ, анализдердің бәрін тапсырдым. Өкінішке қарай, дәрігерлер себебін анықтай алмады. Яғни, туғанымнан 24 жасыма дейін көз көруім 100 пайыз болатын. Дәрігерлердің болжамынша, бұл күйзеліс пен стресстен болуы мүмкін», - деп бастады сөзін Олег.
Олег көру қабілетінен 7 жыл бұрын айырылған.
«Әлі есімде, сол көзім бұлдырлап, бір тәулік ішінде оң көзім де көрмей бастады. Содан кейін, көруім нашарлай берді. Емханадан емхана, әр түрлі қалаға, шетелге де бардық. Ешкім көмектесе алмады. 2021 жылы көру бойынша бірінші топтағы мүгедектік, өмір бойына берілді. Диагноз – оптикалық нервтердің артропатиясы», - дейді Олег.
2017 жылдан бері Олег жыл сайын комиссиядан өтіп, мүгедектікке қайта куәландырылып отырады. Оның жары Шепетина Гүлмираның да диагнозы – оптикалық нервтердің артропатиясы.
«Мен 2021 жылы көру қабілетінен толық айырылдым. Көзіме ота жасалды, өкінішке қарай, оның нәтижесі сәтсіз болды. Себебі, ота кезінде көзімнен қан кете бастады. Шыны тәрізді қан кету болды, деді дәрігерлер. Салдарынан, көру қабілетінен толығынан айырылдым. Негізі, туғанымнан катаракта диагнозы қойылған болатын. Бірақ анық болмаса да, бәрін көретінмін. Семейдегі нөмірі үшінші интернатта оқыдым. Қарапайым мектеп бағдарламасы, алайда, 11 емес, 12 жыл оқыдым.
2017 жылы глаукома пайда болды, яғни, жоғары көз қысымы. Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында операция жасау ұсынылды. Бірақ, өкінішке қарай, операция сәтсіз өтті. Қан кету ашылып кетпесе, бәрі жақсы болар ма еді», - деп еске алды Гүлмира.
МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ТАБЫСТЫРҒАН
Көз жанарынан айырылған Гүлмира мен Олег 2019 жылы танысқан. Осылайша, жандары күйзелісте жүрген екеу бір біріне медеу болған.
«Семейдегі медициналық колледжге оқуға түстік. Массаж жасауды үйрендік. Көзі нашар көретін немесе мүлдем көрмейтін жандарды оқыту Қазақстанда бұрыннан тәжірибеге енген. Бірақ, Семейде сол жылы алғаш рет мұндай тәжірибе енгізілді. Сол жерде біз 2 жыл оқыдық. Жолдасыммен осы оқуда таныстым. Олег маған көңілін білдірді. Әдемі сыйлықтар, гүлдер сыйлап, бірге болу керектігімізді айтты», - деп жылы естелігімен бөлісті.
Олег жергілікті ауруханада массажист болып жұмыс істейді. Колледждегі оқуын аяқтап, тәжірибе өтіп, сол ауруханада жұмыс істеу жөнінде ұсыныс алған. Ал, Гүлмира болса, оқуын бітірген соң, ұзақ жұмыс таппай, ақыры «Жанарынан айырылған жандардың қауымдастығында» келісімшарт негізінде мәдени шараларды ұйымдастырумен айналысады.
«Үйде болсын, жұмыс орнында, компьютерде болсын, көзі көрмейтін жандарға жұмыс орындары көбірек ұсынылса екен тілегіміз бар», - дейді Гүлмира.
ПАЙДАЛЫ БЛОГ
«Біз блог жүргізуді 1,5 жыл бұрын бастадық. Өкінішке қарай, біздің бірінші аккаунт блокқа түсіп қалды. Оның себебін біз түсінбедік. 49 мың адам біздің ол парақшаны оқыды. Ал екінші рет ашқан парақшамызға өте мұқият қараймыз. Қазір тиктоктың барлық алгоритмін білеміз, қандай контент түсіруді анықтап алдық. Мұның бәрін өз бетімізбен үйрендік. Бізде қазір 59 000 оқырманымыз бар. Бұл – 8 айда жинаған оқырмандарымыздың саны.
CapCut немесе InShot қосымшаларын видеоны монтаждау үшін қолданамыз. Бұл екі қосымшаны көп адам біледі. Өте ыңғайлы. Тиктоктың өзінде де видео редакторы бар. Видеоны TalkBack қосымшасының көмегімен өңдейміз. Ол көзі көрмейтін жандардың бәрінің дерлік телефонында бар шығар. Видеоны өңдеу үшін ғана емес, жалпы телефонды осы қосымшаның көмегімен пайдаланамыз. Әлеуметтік желіні пайдалануға да осы қосымшаның пайдасы зор», - дейді Олег.
КӨЗ ЖАНАРЫНСЫЗ БЛОГ ЖҮРГІЗУ
Олег пен Гүлмира күніне кемінде 3-4 видео жүктейді. «Көзі көретін адам бір видеоны 5-7 минутта монтаждаса, біз, әдетте, 40 минут, 1 сағат уақытымызды жұмсаймыз» дейді Олег.
«Түсірген кезде де бірнеше рет қайталаймыз. Дайын видеоны алдымен ата-анамызға, достарымызға жібереміз. Олар видеоны дұрыс түсірдік пе, камераны дұрыс қойдық па, бізге айтады», - дейді Олег.
«Біз көзі көрмейтін не нашар көретін жандарға кеңес беретін видеолар жүктейміз. Мысалы, киім жуатын машинаны қалай қолдануға болатынын көрсететін видео жүктедік. Режимді таңдау оңай, алайда температураны қою қиын. Неге? Себебі, батырманы басып отырасың, алайда, кейде ол басылмай қалуы мүмкін. Сондықтан, біреуге хабарласып, температураны қойғызып алуға болады. Ол қосымшаны көптеген көзі нашар көретін жандар біздің видеодан көріп, жүктеп алды. Көзі жақсы көретін жандар да біздің парақшаны қарап отырады. Бір-бірімізден үйренеміз», - деді Гүлмира.
ВИДЕОНЫ ЖҮКТЕУ
Бұл жұптың ұраны – «Обнимаем до хруста». WhatsApp-та дәл осындай атпен жұптың жанкүйерлері құрған топ та бар екен.
«Олар бізді жақсы көретін адамдар, бізбен кездесуді ұйымдастырғысы келеді. Қазақстанның әр түкпірінен адамдар бар. Тиктокта күніне жүздеген адам директке жазады. Олар бізге үлкен мотивация береді. Басқа қалаларда тұрса да, «көмек керек болса, жазыңыз» деген хаттар жібереді. Жүрегі мейірімге толы адамдар бар. Оларға көп рахмет! Позитивті, мейірімді болайық!» - деді сұхбат соңында Олег.
Бұл жұптың арманы – дені сау ұрпақ сүю және мүгедек жандарға қолдаудың артқанын қалайды.
Бүгінде мүгедектер құқығы «Қазақстан Республикасы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңы шеңберінде қорғалады. Сондай-ақ, мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары бекітілген. Мүмкіндігі шектеулі жандар ерекше қорғауды, айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Біздің мемлекетімізде ол үшін құқықтық жағдай толық жасалған. Алайда, оның орындалуында олқылықтар бар, деп, Гүлмира пәтер мәселесіндегі қиындықтармен бөлісті.
«Мәселен, біз бірінші топ мүгедектігі бар адамдар ретінде пәтер кезегінде тұрмыз. Менің бұл кезекті күтіп жүргеніме 9 жыл болды. Ал, Олег 6,5 жыл кезегін күтуде. Яғни, пәтерге кезек өте баяу жылжиды. Тағы бір кемшілігі, бұл жалға берілетін тұрғын үй және жекешелендіруге болмайды. Сондықтан, біз ипотека рәсімдеу үшін бастапқы жарнаны жинауға көштік. «Отбасы Банкте» мемлекеттік бағдарламалар бар екен. Солардың кезегінен өтіп кетсек, өз шаңырағымызға қол жеткізсек деген тілегіміз бар. Пәтер кезегіміз жетпейтін сияқты», - дейді Гүлмира.
Пайдалы блог түсіріп, мейірімді болуға шақырған жұп осындай ізгі тілектерін де айтты.
Айта кетерлігі, статистика бойынша Қазақстанда 705 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның жүз мыңға жуығы кәмелетке толмағандар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, оның 85 мыңы зағип адам бар. Яғни, елімізде осынша адам мемлекеттің қолдауына мұқтаж.
Авторы: Сымбат Ғалымжан