Мың аттың дұғасы: Nowness фильміндегі қазақ суретшісімен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Шымкенттік Саид Атабеков шығармашылығының ерекшелігі

Осыдан 2 ай бұрын NOWNESS жаһандық сандық бейне арнасы «Ат үстінде» (‘Astride’) қысқаметражды фильмін жарыққа шығарды.

2022 жылдың тамызында итальялық дизайнер Маттео Гуарначча және әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 10 жас дизайнер елімізге келіп, қазақ мәдениетін ертоқым арқылы зерттеді. Оның нәтижелері Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайындағы көрмеде ұсынылды.

Фильмнің режиссері – Дэвид Леон Файн.

Өнер, дизайн, сән, сұлулық, музыка, саяхат жөнінде креативті фильмдерді жариялайтын Nowness фильмді қазақ тілінде (ағылшын субтитрларымен) жариялады.

Azattyq Ruhy тілшісі фильмде сұхбат берген өнер иесі, заманауи суретші-безендіруші Саид Атабековпен сұхбаттасты. Шымкентте тұратын шығармашыл тұлға өмірлік ұстанымы, жоспарлары мен өнері жайлы айтты.

«Фотосериям «Мың аттың дұғасы» деп аталады. 1000 фотоға дейін жеткізуім керек. Қазірге дейін, 10 жылдың ішінде, 500-ге жуық фото жинадым», - деп сұхбат берген суретші «жылқы» тақырыбы – оның өмір бойғы және қазіргі негізгі қызығушылығы. Қазір бұл фотосериядағы сурет саны 800-ге жеткен.

Саид Атабеков 1965 жылы көрші Өзбекстан елінде туған, қазір Шымкентте тұрады. Өзінің шығармашылық жолын 1993 жылы Оңтүстік Қазақстанның алғашқы арт-топ «Қызыл трактор» құрамында бастады.

Саид Атабеков бейнелер мен фотосуреттерден бастап инсталляциялар мен қойылымдарға дейінгі әртүрлі әдістерді қолданады. Оның этнографиялық элементтерге үндеуі посткеңестік шындық туралы естеліктерден де, қазіргі әлемдегі суретші ретіндегі өзінің мәртебесін өте сезімтал талдаудан да шабыттандырады. Орталық Азия туралы иконографиялық стереотиптердің тартымдылығы мен экзотикасын бейнелейді.

ШЫМКЕНТ ЖӘНЕ ӘЛЕМ. ӨНЕР – ШЕКСІЗ

«Мен Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесін бітірдім. Біздің тобымыз бар. 90-жылдары білім ала бастағанда, сол топта көп кісі болды. Бағытымыз дүние жүзіндегі өнерді үйреніп, өзіміздің өнерімізді шыңдау болды. Ол кезде, Кеңес кезінде, өнерді саяси құрал ретінде пайдаланса, 90-жылдары біз өз өнерімізді жасағымызды келді».

Соңғы көрмелерінің ішінде Suns and Neons above Kazakhstan, Уarat, Баку (2017), Тhe Other & Me, Sharjah Art Museum (2014), 5-ші Мәскеу биенналесі (2013), Венеция биенналесіндегі Орталық Азия павильоны (2011, 2007, 2005), Ostalgia, New Museum, Нью-Йорк (2011), Time of the Storytellers, KIASMA, Хельсинки (2007) және 9-шы Стамбул биенналесі (2005) атап өткіміз келеді.

2007: «WAY TO ROME»  SCCA Almaty, Kazakhstan

Жеке көрмелері:

2017: 66 Lbs. Андакулова галереясы / Дубай, БАӘ

2016: «Дала қасқырлары». Есентай Галереясы. Алматы, Қазақстан

2015: «Дала қасқырлары». Artwin Галереясы, Мәскеу, Ресей.

2011: «Шыңғыс ханның арманы». Impronteart галереясы Милан, Италия

2007: «Римге жол». Алматы, Қазақстан.

ӨНЕР ҰЛТҚА БӨЛІНБЕЙДІ

«Өнер ұлтқа бөлінбейді. Бірақ біз өз нақышымызды, рухымызды енгізгіміз келді. Дала рухын енгізгім келді. Атақ, ақша, байлық емес, түпкі мақсатымыз өнерді дамыту еді. Өнердің үлкен күші бар. Атом бомбасынан да күшті. Біз соны өте өз білімімізбен пайдаланғымыз келді», - деп ойымен бөлісті қылқалам шебері.

2011 жылы Саид Атабеков халықаралық голландиялық Клаус ханзада атындағы мәртөбелі сыйлықтың лауреаты атағын иемденді. Айта кетерлігі, жеңімпазға берілетін қаржылай сыйақының құны – 100 мың еуро. 10 суретші 25 мың еуродан алады. Оның бірі Саид Атабеков еді. Бір қызығы, біздің суретшінің аталған байқауға қатысу өтінішін Италия берген. Сол жылы фондттың дипломы мен 25 мың еуроның сертификатын табыстауға Шымкентке Голландияның Қазақстандағы елшісі арнайы келген болатын.

Суретшінің жеңіп алған гранттары:

2007: Вермонт студия орталығы, Вермонт, АҚШ (Vermont Studio Center).

Марапаттары:

  • 2011: Ханзада Клаус сыйлығының лауреаты
  • 2017: Лондон өнер биенналесі
  • Луиджи Печчи заманауи өнер орталығы. Прато, Италия
  • Третьяков галереясы. Мәскеу, Ресей.
  • Антверпендегі Ван Хедендаагсе Кунст мұражайы. Антверпен, Бельгия.
  • Centro Videoinsight-Турин, Италия
  • Devi art Fondation, Үндістан

 «ДАЛА ҚАСҚЫРЛАРЫ»

«Әр жұмысымда қазақтың рухы болса деймін. Соңғы кезде жылқының төңірегінде жұмыс істеймін. Оның суреті, ері, үзеңгісі – осының айналасында жұмыс істеймін. Неге десеңіз, шет елге барып көрме жасағанда, қазақтың рухын ерекше көрсеткім келеді де тұрады. Дала қасқырлары» фотосериясын 2010 жылдары бастадым. Оңтүстікте көкпар көп болады. Дұға жасап, бата беріп жатқан сәт ерекше. Оны «Мың аттың дұғасында» жинаймын. Тағы, әр аттың фотолары бар. Аттила, Шыңғыс хан, Майбах, Месси, Лазер деген аттар бар. Солардың бәрінің фотоларын жинаймын. Көкпаршылардың киімдерін суретке түсіремін. Олар әр түрлі логотипті киім киеді ғой. Тотти, Реал мадрид, немістің пошта компаниясы, версачи сияқты атақты фирмалар, т.б. үйіндегі киімін киіп келеді ғой. Соларды түсірем. Маған қызық логотиптерін түсірем. Қазір ондай 250-дей сурет бар».

 

NOWNESS ТУРАЛЫ. ҚАЗАҚ ӨНЕРІН ӘЛЕМГЕ НАСИХАТТАУ

«Ол кезде шетелдің бір топ суретшілері Қазақстанға келген. Олардың мақсаты – отыратын орындықты әлемнің көп еліне барып, зерттеу. Бізге келгендегі мақсаты – орындық пен аттың ерін зерттеу. Менің достарым, кеңесші ретінде мені шақырды. Алматыда өтті. Ер жасайтын ұсталарға бардық. Егер қаласаңдар, Шымкентке апарып, ағаштан жасайтын ерді көрсетейін, дедім. Сөйтіп, Қазығұрт ауданына келіп, Алтынтөбе деген ауылда Рыхматіллә көке деген атаны түсірдік. Шымкентте аттың әбзелдерін сататын дүкендерден видео түсірді», - дейді қылқалам шебері.

«МЕН ҚАЛАНЫҢ АДАМЫ БОЛА АЛМАЙМЫН»

Саид Атабековтың Шымкентте шеберханасы бар.

«Мен Шымкентте тұрамын. Дубайдағы, Миландағы галереямен жұмыс істеймін. Үлкен қалаға барғым келмейді. Ауылдың баласымын, керісінше, ауылға кеткім келеді. Қаланың адамы бола алмайды екенмін. Екі киіз үй сатып алдым. Соларды қойып, өзіме шағын шеберхана жасап алдым", - дейді ол.

Суретші – көпбалалы әке.

«Төрт балам бар. Қызым дизайнер оқуын бітірген. Шымкенттегі Ә.Қастеев көркемсурет училищесінде киім дизайнері мамандығын оқыды. Көкпаршылардың киімінің модасы тақырыбында дипломдық жұмысты қорғады. Сол үшін ризамын. Балаларым дизайнер, архитектор. Кенже балам IT саласында».

ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА ТІЛЕК

«Шетелдерде ауқатты адамдар өнерге үлкен қолдау танытады. Елін, өнерін, мәдениетін ойлайтын ұрпақ бізде де көп болса деген тілек бар. Өнерге, мәдениетке көңіл бөлінсе деген өтініш бар. Қазір Шымкентте жастар KIIZSPACE деген орталық ашты. Мен олармен араласып тұрамын. Олардың да мақсаты - өнерді дамыту. Қаншалықты бай болсаңыз да, өнер, мәдениеттен қараң қалсаңыз, болмайды. Өнер, мәдениетті білетін жастар ғана елімізді өзгерте алады», - дейді өнер иесі.

Саид Атабеков 2022 жылы қаңтарда украиндық мамандардың елге келіп, көкпар туралы фильм түсірмек болғанын ерекше атап өтті.

«Біздің елдегі Қаңтар оқиғасы мен Украинада болып жатқан соғыстан бұл келісімшарт жасалмай қалды. Бастама жүзеге аспады. Өз елімізде де көкпар туралы фильмдер түсірілсе екен деген тілек бар», - деп сөзін қорытындылады суретші.    

Авторы: Сымбат Ғалымжан