Торғайдан Түркияға дейін велосипедпен жүріп өткен Ернат Мелсұлы өзінің мақсаты мен өмір салты жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Ол шетелдік мамандардың жазбаларын оқып, зерттеп, бұл көлікті жыл бойы қауіпсіз айдаудың амалын тапқан

2024 жылы Франция астанасы Парижде Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Тарихта 33-рет өткелі жатқан әлемдік жарыс тек спорттық қана емес, сонымен қатар рухани тұрғыда серпіліс сыйлайтын іс-шара, дейді велосаяхатшы Ернат Мелсұлы.

2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай, ұлт ұстазының туған жері Сарытүбек ауылынан Ыстанбұлдағы Гүнешлі ауданында зиратта жерленген Мұстафа Өзтүріктің зиратына дейін велосипедпен жүріп өткен Ернат Мелсұлы бұл сапарын келесі жылы жалғастырмақ ниетте. Осы тұрғыда Azattyq Ruhy тілшісі велосаяхатшымен сұхбат құрды.

«ВЕЛОСИПЕД – МЕНІҢ ӨМІР САЛТЫМ»  

«Велошабандоз дегеннен гөрі өзімді велосаяхатшы дегенді жөн көремін. Түпкі мақсатым - Жер шарын велосипедпен аралап шығу. Жұмысыма, бос уақытыма байланысты жылда 2-3 ай жүріп, алдында аяқтаған сапарымды сол жерден әрі қарай жалғастыру. Мысалы, былтыр Ыстанбұлға дейін барсам, келесі 2024 жылы Ыстанбұлдан әрі қарай Болгария, Сербия, Венгрия, Германия және т.б. еуропалық елдер арқылы Парижге дейін жету. Олимпиада атмосферасын сезінсем, оқырмандарға пайдалы, танымдық ақпарат жеткізсем деген ойым бар. Тұрақты мақсат – қоғамымыздағы ірі тарихи тұлғалар мен оқиғалардың мерейтойын атап өту, насихаттау және ел, жер тану», - деп бастады сөзін Ернат Мелсұлы.

ВЕЛОСИПЕДКЕ ДЕГЕН МАХАББАТ

«Велосипедті кез келген ауылдың баласы тебеді. Ауылдағы қарабайыр велосипедпен өзенге, тоғайға дейін күнде теуіп жүрдік. Ал Астанада 16 жылдай тұрамын. Кез келген басқа қаладан көшіп келген адамның бір үлкен мақсаты – баспаналы болу. 3-4 бөлмелі пәтерге қол жеткізу үшін сол кезде үнемдеу қажет болды. Барлық нәрседентүнемдедім. Сосын спортпен тұрақты айналысқанды жақсы көремін. Жүгіремін, жүзуге барамын, үстел теннисін ойнаймын. Сөйтіп велосипедпен тұрақты жүруге көштім. Бұл - спорт әрі көлік құралы. Үйімнен Қазмедиаға дейін, мысалы, 6 шақырымды күнде велосипедпен қатынаймын. Саламатты өмір салтын ұстанамын әрі ақшаны үнемдеймін», - деп еске алды спикер.

ВЕЛОСИПЕД САН ТҮРЛІ БОЛАДЫ

«Былтыр Түркияға баратын кезде жаңа велосипед алдым. Ол үшін жеке конверт ашып, 1 жыл ішінде 1 миллион теңге жинадым. Саяхатқа арналған велосипед жол талғамай жүруі тиіс. Іздеп, ақыры таптым. 750 мың теңгеге алдым. Ол әрі жеңіл, әрі жүйрік. Оған дейін Қытайда жасалған «маверик» деген велосипедім бар-тын. Ол тауда жүруге арналған. Ал жаңа велосипедім «Стивенс» Германияда жасалады. Ол жеңіл, тіпті, тепкіншектерді басып озу оңайға түседі», - дейді Ернат мырза.

ЖАҢА СЕРІГІМ – «СҰРЖЕКЕЙ»

«Мен велосипедке ат қоямын. Мысалы, ауырлау, қытайлық велосипедтің түсіне байланысты оны «Көкқасқа» атадым. Ал жаңа велосипедімді сұр түсті болған соң, «Сұржекей» деймін. Қазақта жүйрік атқа арналған ән бар ғой, есімін содан алдым», - дейді ол.

Ернат Мелсұлы – журналист, ағылшын тілінің оқытушысы. Велосипед, әдетте, маусымдық көлік саналғанымен, Ернат мырза шетелдік мамандардың жазбаларын оқып, зерттеп, бұл көлікті жыл бойы қауіпсіз айдаудың амалын тапқан. Қазір Астана тұрғыны қайда барса да, тек осы көлікті пайдаланады.

Алдымен кең-байтақ қазақ даласында қашықтықтарды бағындырған велосаяхатшы 2022 жылы алғашқы рекордын орнатты.

«Былтыр ақпан айында А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап, велошеру өткіздім. Ол ресми түрде Қазақстанның алғашқы қысқы веломарафоны болып тіркелді. Күн райы минус 28 градус болғандықтан, оңай болған жоқ. Ауыз-мұрнымды тұмшалап, алғашқы 50 шақырымды жүріп өттім. Одан кейін, дәрігерлер тексеріп, аздап демалып, тағы 50 шақырымды бағындырдым. Қан қысымымды өлшеп, сорпаны ішіп алған соң, үшінші 50 шақырымды жүріп өттім. Бұл Астанадағы Триатлон паркте өтті. Ол жердегі бір айналымның ұзындығы – 3 шақырым. Сонда мен 50 рет айналдым», - дейді сұхбат беруші.

ТОРҒАЙДАН ТҮРКИЯҒА ДЕЙІН...

Велосаяхатшы 2022 жылы өзінің ең алғашқы ең ұзын қашықтықтағы велошеруін жүріп өтті.

«Мен Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны жерінен ұлт ұстазының туған күнінде, 5 қыркүйекте, велошеруімді бастадым. Сарытүбектен бастап, Қазақстанның 4 облысы - Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау арқылы жүрдім. Қазақстанда 3 мың шақырымды 1 айда жүріп өттім. Сол кезде геосаяси жағдай өзгеріп, Украинадағы соғысқа байланысты Ресейде мобилизация жарияланды. Әзербайжан шекараны, тіпті, су жолын жауып тастаған соң, Грузияға жетіп алуға тура келді. Кутаисиге дейін ұшақпен барып, әрі қарай велосипедпен Қара теңіздің жағасымен Түркияға өттім. Керемет әсер алдым», - дейді Ернат Мелсұлы ерекше сапары жайлы.

Трабзон, Ризе, Орду, Самсун қалалары арқылы Орталық Түркияға жеткен.

«Қырықкале қаласы арқылы Анкараға жеттім. Анкарада елшілік өкілдері және Кечирөн ауданының әкімі Тұрғыт Алтыноқ деген әкімі қарсы алды. Олар велосипедімнің құрал-жабдықтарына дейін жөндеп, күтті. Анкарадағы Абай саябағында ресми қарсы алу шарасын өткізді. Түркияның жергілікті БАҚ өкілдері осы іс-шарадан ақпарат таратты. Содан, Анкарадан әрі қарай жүре бастағанымда, әр түрлі кісілер тоқтатып суретке түсіп, «көлікпен жеткізіп тастайық» деп ұсыныс айтқандар да болды», - деп жылы естеліктерін еске алды.

БАУЫРЛАС ЕЛ

Велосаяхатшы өзі жүріп өткен Түркияның әр шаһарын қазақ жерімен байланыстырып, әңгімеледі.

«Жалаладдин Руми «Дүние жүзін кез, бірақ міндетті түрде Конияны көр” деген екен. Мен ол кісінің басына барып, зиярат жасадым. Әрі қарай Ескішеһир қаласына бардым. Юнус Емре ақынның туған қаласы Ескішеһирде НАТО-ның ұшу базасы орналасқан екен. Қалада күнде сағат сайын әскери ұшақтар жаттығу жасайды. Бұл қалада қазақтың студент жастары көп. Әлеуметтік желіден менің келе жатқанымды көрген 100 шақты студент орталық алаңда әп-сәтте жиналып, мені құшақ жая қарсы алды. Әрі қарай, Ақшеһир қаласына өттім. Ол жер - Қожанасырдың туған жері, мазары бар екен. Қожанасырдың әңгімелерін сипаттайтын мүсіндер бағын араладым. Әрі қарай Бусра қаласына жеттім. Осман империясының негізін қалаушы Осман ғазы мен оның ізбасары Орхан қазының зираты осы қалады екен. Бусрада Ұлыдақ тауы бар екен. Түрікшеден аударғанда «ұлы тау» дегенді білдіреді екен. Мен бұл жерді біздің Ұлытауға ұқсаттым. Одан кейін Ыстанбұлға жеттім», - дейді Ернат мырза.

ТҮПКІ МИССИЯ

Ыстанбұлдағы Мұстафа Өзтүріктің зиратына барып, дұға бағыштап, осылайша, велосаяхатшы өзінің түпкі мақсатын орындаған.

«Зираттың басында мені Мұстафа Өзтүріктің туыстары мен достары қарсы алды. Ол кісінің немере ағасы 80 жастағы қария Мансұр Тәйжінің батасын алдым. Ыстанбұлда Елшіліктің ұйымдастыруымен Абай ескерткішінің алдына барлық қазақтар, қалың қауым жиылып, ресми мені қарсы алды.

Ерекше атап өткім келетіні, Ақтөбеде Темірбек Жүргенов атындағы мұражайда Алмат Әлім деген қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы туралы тың ақпаратты естіп едім. Екінші дүниежүзілік соғыста немістердің тұтқынына түсіп, кейін Түркияға барып, отбасылы болып, орнығып кеткен Алмат Әлімнің ұлы Төре ағамен Ыстанбұлда кездестім. Сөйтіп, қазақтың тұңғыш скрипкашысының зиратына барып, Ақтөбеден арнайы алып шыққан бір уыс топырақты салдым», - деп аманатты орындағанын айтты.

Ернат Мелсұлы Ыстанбұлда Мұстафа Өзтүріктің таэквандо мектебіне барып, жетекшісі, таэквандошының шәкірті Жамал Кабадэ мырзаға Сарытүбектен Ыстанбұлға дейін киіп барған «Жасасын, Алаш, жасасын» ұраны жазылған, Ахмет Байтұрсынұлының суреті бар жейдесін табыстаған екен.

2024 ЖЫЛ – МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ ТУҒАНЫНА 70, ҚАНЫШ СӘТПАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 125 ЖЫЛ!

«Мен Мұстафа Өзтүріктің зиратында аяқтаған шеруімді келесі жылы тура сол жерден бастап, Парижге дейін жүріп өтемін. Үлкен идеяның бірі – Жазғы Олимпиадаға қатысатын спортшыларға моральдық қолдау көрсету. Әрі қарай Солтүстік теңіз арқылы Шотландияға өтіп, ол жақтан Ұлыбританияны аралау – мақсатым. Келесі жылы ұлы ғалым, әлемдік деңгейдегі тац тұлға Қаныш Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толады. Екінші дүниежүзілік  соғыстан кейін Кеңес Одағы делегациясының қатарында Лондонға барып, Уинстон Черчиллмен кездескен Қаныш Имантайұлының «Халқым менен де биік» деген сөзі бар. Сол жүрекжарды сөз Британия астанасында айтылған. Міне, сол Біріккен Корольдікті велосипедпен араласам деймін. Әлемнің әр түкпірінде орналасқан Абайдың ескерткіші мен саябақтарын өз көзіммен көріп, «Толық адам» ілімін халықаралық деңгейде насихаттағым келеді»,- деп ағынан жарылды асқақ рухты азамат.

Сымбат Ғалымжан