Ол алдағы жоспары туралы да айтып өтті
ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Қайнар Абасов Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында Палатада екі жарым жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы және алдағы жоспары туралы айтып берді.
– Қайнар Бегалыұлы, Мәжілістің VII шақырылымы Президенттің Парламентке жүктеген негізгі тапсырмаларын тиісті деңгейде орындай алды ма?
– Мұндай өзгерістің болатынын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауын жариялаған кезде белгілі болды. Бұл негізгі сабақтас іс-әрекет. Себебі мұның бастамасы ретінде саяси реформа, референдум, конституциялық өзрерістер болып, «Мәжілістің тарауы» соның негізгі соңғы нүктесі болды деп есептеймін. Себебі бұл ары қарай Жаңа Қазақстанға өзгерістер енгізу үшін қажетті шара болды. Сондықтан да мұндай шешімді Қазақстанның болашағы үшін, өзгерістер үшін біз қолдаймыз. Меніңше, Мәжілістің VII шақырылымы Президенттің Парламентке жүктеген негізгі тапсырмаларын, яғни саяси реформаны жүзеге асыру міндетін тиісті деңгейде атқарды деп ойлаймын. Қысқа мерзімде, яғни екі жылдың ішінде 200-ден астам заңға өзгерістер енгізілді. Оның ішінде «AMANAT» партиясы фракциясы атынан депутаттардың бастамашылдығымен 50-ден астам заңға өзгерістер енгізілді. Ең соңғы отырыстың өзінде аграрлық комитет 3-4 депутаттық сауалын жіберіп үлгерді. Ең бастысы партияның Жол картасы бойынша алдымызға қойылған жоспарды қадағалап, оның түпкі мақсатына жету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды.
– Парламент Мәжілісінде Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болдыңыз. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығын өзекті мәселелер әбден қордаланған сала деуге болады. Депутаттардың көмегімен аталған бағытта қандай мәселелердің шешімі табылды?
– Ауыл шаруашылығы саласындағы басты өзгеріс – жер кодексіне енгізілген өзгеріс. Мәжілістің VII шақырылымы депутаттарының қолдауымен 2016 жылдан көтеріліп келе жатқан жер мәселесіне нүкте қойылды. Яғни, шетелдіктерге жердің сатылмайтыны, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару туралы заңдар қабылданды. Нәтижесінде «AMANAT» партиясының Жер аманаты жобасының комиссиясы сол заңдардың негізінде бірқатар жұмыс атқарды. Дегенмен әрине көптеген мәселелерді шешіп үлгермедік. Сол сияқты Ауыл шаруашылығы министрімен ортақ тіл таба алмай-ақ кеттік. Десе де келесі сайланымның депутаттары бұл мәселені шешу жолдарын ары қарай да жалғастырады деп ойлаймын. Қазір қоғамдағы ең өзекті проблема – қымбатшылық. Ал оның негізі – ауыл шаруашылығы өнімдері. Олардың бағасы қазір шарықтап тұр. Яғни халықтың табысы өсіп жатқан жоқ, ал баға күн санап көтеріліп барады. Менің ойымша бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей жауапкершілігі. Осы мәселеге қатысты аграрлық комитет арқылы депутаттық сауалдар мен ұсыныстарымызды жолдадық.
– Осы бағытта депутаттық топтың және өз атыңыздан жолдаған депутаттық сауалдар бойынша алған жауаптарыңыз қаншалықты қанағаттанарлық болды? Үкімет депутаттардың көтерген мәселелеріне қаншалықты құлақ түре білді?
– Шындап келгенде біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің проблемаларды шешу жұмысына қанағаттанған жоқпыз. Себебі бүгінде министрлік пен өңірлердің арасындағы алшақтық өте үлкен. Министрлік өзінше бөлек өмір сүріп жатыр, ал өңірлердегі проблемалар баяғы жартас, сол жартас болып, сол күйі шешімін таппай отыр. Мәселен бағасы қымбаттап жатқан сәбіз, пияз, бидай сынды негізі өнімдердің басым көбі суармалы жерлерді қажет етеді. Суармалы жерлер бойынша партияның алдына қойылған мақсатын министрлік орындаған жоқ.
Ветеринария мәселесі бойынша айтарым, «конкурсты дер кезінде өткізе алмадық» деген сылтаумен жұмысты тоқтатуға болмайды. Өйткені малдарды егу процесін көктемде орындау керек болса, оны сол кезде істеу қажет. Ал олар дәріні күзде бір-ақ жеткізеді. Сол сияқты көктемгі дала жұмысының қаржысын қысқы мерзімде бөлу керек, ал министрлік оны күзге дейін созады. Шаруаларға тыңайтқыштар дер кезінде жеткізілімейді. Меніңше, осының барлығы да бағаның қымбатшылығына әкеп соғуда. Ауылдағы тоқыраудың негізі себебі ол – Ауыл шаруашылығы министрлігінің белсіздігі. Мен басқа сөз таба алмаймын. Өйткені министрлік әлі де аяғына нық тұрмаған, тізерлеп отыр деуге болады.
Шаруалардың негізінен сұрап отырғаны – мемлекет өз мойнына алған міндеттерін орындау мәселесі. Жемқорлық тәуекелдер бар деп субсидия бермей қою да үлкен мәселе. Шаруалар 5 жылдық жоспар құрып, инвестициялық шығынға батады. Заңдар өзгереді. Өңірлердегі кәсіпкерлер тағы тығырыққа тіреді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректерінің көбі жалған. Ауыл шаруашылығы біздің бюджеттік кезеңге тәуелді емес. Малға «ертең өзгеріс енгізілгенге дейін шөп жемей тұра тұр» деп айта алмайсың. Сол сияқты шегірткеге де тоқтау бола алмаймыз. Мал ауруы да сол сияқты мәселе. Біз мұндай мәселелерді тендердің мерзіміне тәуелді ете алмаймыз. Міне осының бәрін түсінетін министр керек. Менің ойымша ауыл шаруашылығында өндіріс өндіріп, сол еңбегінен пайда көріп, халықты жұмыспен қамтып, салығын адал төлеген адам министр болуы керек.
– Ауыл шаруашылығындағы ең даулы мәселенің бірі – субсидия десек болады. Неліктен әлі күнге дейін шаруалар субсидияның рахатын көре алмай отыр?
– Субсидиялауда жүйе жоқ. Қателеспесем бұл бағытта 5-6 бағдарлама қабылданды. Бірақ соның біреуі де аяғына дейін жеткен жоқ. Өйткені министрлік тек қаржыны игеруді мақсат етеді. Яғни басқасымен бас қатырмайды, нәтижесін ойламайды. Бұл жүйелік қателік. Менің ойымша, Жаңа Қазақстанда министрлерді ешбір жауапкершіліксіз, екі-үш жылдан кейін басқа қызметке кете беретін жүйені доғару керек. Егер бұлай жалғаса беретін болса, онда елімізде құлақ асатын Үкіметтің болуы екіталай.
Бұл жерде бізде мықты Президентіміз бар. Ол сөзсіз. Ендігі кезекте жүйені ауыстыру керек. Өйткені әрбір министр келіп, алдыңғы министрдің жұмысына талдау жасамастан, оның бастаған жұмыстарын қысқартуды әдетке айналдырған. Ал оның арғы жағында сан мыңдаған шаруалардың тұрғанын олар ойламайды. Шаруалар неліктен шағымданады? Мәселен кәсіпкер құс фабрикасын салады делік, субсидияның қайтарым мерзімі 15 жыл. Ал жаңа министр келеді де бағдарламадан субсидияны алып тастайды. Кәсіпкер ісін ары қарай қалай дөңгелетеді? Міне, осыдан проблема туындай бастайды. Субсидия деген не? Ол – ынталандыру. Біздікілер ойлайды «процентті субсидияласақ, ақша түседі» деп. Олай ақша келмейді. Неге? Өйткені тиянақтылық пен тұрақтылық жоқ. Өкінішке қарай, біздікілер алдымен қаражатты алып, одан кейін не істеу керектігін ойланады.
– Ведомствоның атқарып жатқан жұмысына көңіліңіз толмайтынын аңғардық. Сонда бұл бағытта нендей өзгерістер, қандай жүйе керек?
– Бізде бидай бойынша өнімділік ең төмен. Мысалы Канадада орта есеппен бидайдың өнімділігі 180 центнер, көрші Ресейде 30 центнерден асады. Соғысқа дейінгі Украинанікі 70-80 центнерді құрады. Ал бізде бар болғаны 10 центнер. Неліктен оларда көп? Себебі оларда ғылым мен инновация бар. Техникаларымыздың да, жеріміздің де 80-90 пайызы тозған. Біз әлі күнге дейін XX ғасырда жүрміз. Дамыған елдер ауыл шаруашылығына заманауи техникаларды қолдануда, олардың жерлерін роботтар жыртады. Ал біздің жерлерді әлі күнге дейін тозығы жеткен тракторлар жыртып жүр. Бұдан бөлек, еліміздің 49 пайыз халқы – ауыл тұрғындары. Бірақ бұл тек қағаз жүзінде. Көбі қалалы жерлерде жүр. Өйткені ауылда жұмыс жоқ. Қазақтың қазір жас жеткіншектері не мойкада, не стройкада. Бұл үлкен проблема. Сол себепті ауыл шаруашылығына салынған әрбір тиын өзінің нәтижесін беруі керек. Біздің ең басты байлығымыз – біздің жеріміз. Бірақ біздің ең осал тұсымыз – халқымыздың аздығы. Көрші Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде халық тығыз шоғырланған. Оларда жұмыс орындарына бәсекелестік жоғары. Сондықтан да олардың ауыл шаруашылығында біздегідей қиындықтар жоқ. Біз бұл мәселеде тек жоғары технологияны, инновацияны енгізу арқылы ғана алға шыға аламыз.
Кеңес одағы кезінде Қазақстан жерінде 2,5 млн гектар суармалы жер болған. Бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бізде 1,5 млн гектар суармалы жер бар. Оның 500-ы қолданылмайды, яғни 1 млн гектар ғана бар. Тәжік пен өзбек ағайындарда да тура осындай 1,5 млн гектар суармалы жері бар. Олар соны игеріп отыр. Біз болсақ, қолда бар дүниені тиімді пайдалана алмай отырмыз. Сондықтан да бізге технлогия көшінен қалмау керек. Әрбір депутат сайлануы үшін бағдарламасын дайындап, халықтың алдында есебін береді. Ал министр неге олай жасамайды? Неліктен мойнына міндеттеме алмайды? Меніңше Жаңа Қазақстанда осыған орай өзгеріс енгізілуі керек. Халық сол реформаны күтіп отыр.
– Мемлекет басшысы жаңа партиялардың құрылуына көптеген мүмкіндер берді. Сіздіңше алдағы болатын сайлауда бәсекелестік қалай болады?
– Бүгінде «AMANAT» партиясына тепе-тең келетін альтернатива жоқ. Бұлай дегеніме басқа партиялар ренжімесін. Өзге партиялардың ешқандай жүйелі бағдарламасы жоқ. Әрине мінберден балл жинайтын мәселелерді көтеруге болады. Бірақ олар шешіп жатқан мәселе бар ма? Олар әдетте «Біз айттық, бірақ шешілген жоқ» деп жатады. Бұл өте оңай позиция. Негізі үлкен билікке келетін адам «елге қызмет етемін» деген ұстанымда болуы тиіс. Жеке мүддесін ойлап, бұл жаққа зейнетке шығу үшін келуді көздесе, ондайлардан нәтиже болмайды. Бірақ меніңше, бұл сайлауда ондай адамдардың билікке өтуі екіталай. Белгілі бір саланы жетік меңгерген, соның ыстық-суығынан өзі өткен адам депутат болу керек деп ойлаймын. Өйткені ол сол салаға қатысты мәселеге лайықты бағасын бере алады. Ол ақын болуы мүмкін, ол жас саясаткер болуы мүмкін, ол кәсіпкер болуы мүмкін. Бірақ бастысы ол мақсаты бар тұлға болуы тиіс. Партиялық тізімге түсетіндер өз көзқарасы бар және проблемаларды шешудің өзіндік тәсілі бар адамдардың болатыны сөзсіз.
– «AMANAT» партиясы Мәжіліс депутатына кандидаттардың тізімін ұсынды. Бұл тізімнен сіз табылмадыңыз. Енді алда қандай шаруалармен айналысуды жоспарлап отырсыз?
– Мен партия мүшесі болып қала беремін. Осы партияның арқасында 2 жылдай саяси мәселелерге араластым. Мен Мәжіліске дейін кәсіпкерлікпен айналысып келдім. Әлі де сол бизнесім бар. Қол астымда 500 жұмысшым бар. Сол ісімді жалғастырамын. Сондай-ақ жаңа кәсіпкерлерді қолдау жұмысымен де айналысатын боламын. Өңірдегі өнімді көтеріп, жұмыс орындарын ашып, еліме пайдамды тигіземін деген ойдамын.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!