«Айтылуы, көтерілуі тиіс проблемалар жетерлік»: Аманжол Әлтай қоғамдағы түйткілді мәселелер жайлы

Автор: Әйгерім Ердәулет

Ол мәдениет, спорт, әлеуметтік мәселелерді қозғады

Былтыр 3 наурыз күні «AMANAT» партиясынан Парламент Мәжілісі депутатының бос мандатын партиялық тізім бойынша филолог, ғалым, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтайға беру туралы шешім қабылданған болатын. Ол Мәжіліс таратылғанға дейін небәрі 9 ай уақыт депутат лауазымында болды. Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттаса отырып, «AMANAT» партиясымен бірге атқарған шаруалары, осы уақыт аралығында қандай мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысқаны жайлы қозғап өтті.

– Аманжол мырза, «AMANAT» партиясымен бірге елге-жұртқа маңызды қандай шаруалардың басы-қасында болдыңыз? Қай өңірлердің мәселесін көтердіңіз?

– Халықты толғандырған, елдің жүрегін мазалаған, көкейтесті мәселелер көтердім дей аламын. Өзім депутаттық мандат алған Ұлытау облысының мәселелерін көтердім. Біріншіден, жол мәселесі. Жезқазған-Қызылорда және Жезқазған-Қарағанды ортасындағы тас жолдың салыну мәселесін айттым. Сол өңірдегі Сарыарқа магистралі бойынша газ мәселесі, Ұлытау облысының халқын газбен, сумен қамтамасыз ету мәселесін, елді аралаған кезде халықтың маған жолдаған өзге де талап-тілектерін тиісті министрліктердің назарына жеткізіп отырдым. Осы өңірлердегі ауылдық жерлердегі мектептердің апатты жағдайда тұрғандығын көтердім. Дәлірек айтқанда, Ұлытау облысындағы Түгіскен, Қызылжар, Манадыр ауылдарындағы мектептердің апатты жағдайда тұрғандығын, оқушылардың санына мектептің қазіргі күйі сай келмейтіндігін айтып жеткіздім.

«AMANAT» партиясының жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасымын. Осы қысқа ғана мерзім ішінде «Мирас» кеңесінің Астана қаласында 4 отырысын өткіздім және Түркістан қаласында көшпелі отырысын өткіздік. Мұнда біздің руханиятқа, мәдениетке байланысты, жалпы мәдениеттің әрбір маңызды салаларына байланысты көптеген көкейтесті тақырыптар қозғалды.

– Мәжілісте небәрі 9 ай қызмет еттіңіз. Айтыңызшы, осы аралықта қандай шаруалардың басы-қасында болдыңыз? Өзіңіз жолдаған депутаттық сауалдар арқылы нақты қандай мәселелер шешілді?

– Менің Парламент төріне келіп жұмыс атқарғаныма, небәрі 9 ай ғана уақыт болды. Оның екі айы каникул екенін ескерсек, сонда таза жұмыс атқарған мерзімім – 7 ай уақыт. Осы қысқа ғана мерзімнің ішінде 4 депутаттық сауал жолдадым.

Бірінші депутаттық сауал білім саласына қатысты болды. Сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолданды. Нақтырақ айтсам, 2021 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар балаларды мәдениет және спорт бағытындағы қосымша білім мен спорттық секциялар, шағармашылық үйірмелермен қамту мақсатында мемлекеттік тапсырыстар шеңберінде қаржы бөлінді. 2022 жылдан бастап білім және ғылым бағытындағы үйірмелерге қаржы бөлінді. Осы қаражаттың игерілуі барысында әділетсіздіктің, тамыр-таныстықтың болуы, аты бар да заты жоқ, сапасыз үйірмелердің қаптап кетуі мәселелерін көтердім. Оқушыларды формальды түрде тіркеп қойып, мемлекет қаражатын талан-таражға салу фактілері орын алды. Осы мәселені көтердім.

– Премьер-министрдің сол тұстағы орынбасары Ералы Тоғжанов қойылған сауалыңызға тұшымды жауап бере алды ма?

– Бірінші депутаттық сауал бойынша қанағаттанарлық жауап алдым. Яғни нақты-нақты қойылған талаптар бойынша жұмыс атқарылып жатқандығын, депутаттық сауалда көтерілген кемшіліктерді жою мақсатында кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқандығы туралы олар ұғынықты жауап қайтарды.

Ал екінші депутаттық сауалым, Президенттің «дамыған өңірлер», «қуатты Қазақстан» қағидаты бойынша, яғни өңірлердің дамуы, сол өңірлердің ғылым мен білімінің дамуына тікелей байланысты. Бізде ұлттық университеттер Алматы және Астана қалаларында ғана шоғырланған, өңірлерде ұлттық университет статусы бар білім шаңырақтары жоқ. Соған орай, Қарағандыдағы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетіне, сол сияқты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық университет мәртебесін беру жөнінде ұсыныс жасап, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдадым.

– Ал бұл сауалыңыз бойынша қазір қандай шаруалар атқарылып жатыр? Премьер-министрдің жауабына көңіліңіз толды ма?

– Екінші сауал бойынша ұлттық университет мәртебесін беру жөнінде Премьер-министрдің жауабын алдым. Бүгінгі таңда Ғылым және жоғары білім министрі осы мәселе бойынша үкіметтік деңгейде айналысып жатыр. Алдағы уақытта атаулы білім-ғылым шаңырақтарына ұлттық университет мәртебесі беріледі деп күтіп отырмыз.

Үшінші депутаттық сауалым Теміртау қаласының экологиялық мәселесіне байланысты. Теміртау қаласындағы атмосфераға өндірістен шығатын зиянды қалдықтардың 90 пайызы қаладағы «АрселлорМиттал» компаниясына тиесілі. Жалпы «АрселлорМиттал» компаниясының иесі Лакшми Миттал мырзаның дүниежүзіндегі 4 контингентте, 18 мемлекетте 100-ге тарта өндіріс орны бар екен. Сол 100-ге тарта өндіріс орнының жалпы атмосфераға шығаратын зиянды қалдықтарының 50 пайызын Теміртаудағы «АрселлорМиттал» компаниясы құрайды. Сонда қарап отырсаңыз, ең зиянды өндіріс орны болып саналатын «АрселлорМиттал» компаниясына осы уақытқа дейін ұзақ жылдар бойы «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған.

Депутаттық сауалда өндіріс орнының экологиялық талаптарды орындамай келгендігі, белгілі рұқсат етілген деңгейден бірнеше есе асып кеткендігі бойынша нақты талаптар қойылды. Кешенді аудиторлық халықаралық мамандардан құралған кешенді тексеріс жүргізу керектігі туралы маңызды талаптар қойылды.

– Атышулы бұл компанияда қызмет етіп жүрген жандардың өлімі жиілеп кетті. Бұл компанияға толықтай тексеріс жүргізілді ме?

– Бүгінгі таңда осы аталған өндіріс орны «АрселлорМиттал» компаниясына кешенді аудиторлық тексеріс жүргізіліп жатыр. Өзім қанағаттанарлық жауап алдым. Алдағы уақытта осы депутаттық сауалда көрсетілген басты кемшіліктерді түзеуге бағытталған талаптардың орындалуына Үкімет тарапынан күш салатындығы айтылды.

Сонымен бірге төртінші сауал, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне мән бермей келе жатқандығымызға байланысты. Депутаттық сауалды жолдауға негіз болған мәселенің бірі – дәл сол 31 мамыр күнін Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырау күні деп белгілеп қойғандығы. Мұның ешқандай ақылға сыймайтындығын айтып, депутаттық сауал жолдадым. Біз 31 мамыр күні кешегі Алаш арыстарын, ұлттық мемлекеттігіміз үшін, ұлттың тәуелсіздігі үшін, ұрпақтар бақыты үшін бүкіл ғұмырын арнаған, сол үшін арпалысып өткен, Алаш арыстарын еске алу күнін соңғы қоңырау күнімен қатар атап өтуіміз ешқандай ақылға қонбайтындығын айтып, нақты-нақты талаптар қойып, депутаттық сауал жолдадым.

Соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан басқа күнге ауыстыру керек екендігін, бұл күні Алаш арыстарын және ашаршылық құрбандарын еске алуға бағытталған бірнеше шара ұйымдастыру керектігін айттым. Әрбір отбасында балаларға ашаршылық құрбандары мен қуғын-сүргін құрбандары жөнінде тәрбие сағаттарын өткізу, еске алу рәсімінің өткізілуі керектігін, сол күні біздің телеарналарда жеңіл эстрадалық даңғаза музыкалар болмауы керек екендігін, сол қуғын-сүргін құрбандарының мазмұнын ашатын арнайы бағдарламалар болуы керек екендігін, ақпарат құралдарында арнайы осы тақырыпта мақалалардың жазылуы керек екендігін, мектептер мен университеттерде біздің тарихшыларымыз, зиялы қауым өкілдері жастармен арнайы кездесулер өткізулері керектігін, осы секілді бірнеше маңызды шаралардың өтуі керектігін айтып, депутаттық сауалда көтердім.

– Бұл сауал Парламент Мәжілісінің соңғы отырысында қойылғаны, жауабы да көп күттірмегені есімізде.

Иә, төртінші депутаттық сауалым бойынша министрліктен жылдам жауап келді. Шешімі де тез болды. Осы депутаттық сауалдан кейін Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан 1 маусымға – Балаларды қорғау күнімен бір күн етіп ауыстырды.

Мәжілістің жалпы пленарлық отырыстарында, комитеттің кеңейтілген отырыстарында, Үкімет сағаттарында 50-ге тарта сұрақтар қойдым. Халықты толғандырған, елдің жүрегін мазалаған, көкейтесті мәселелер көтердік.

Депутаттық жұмыс атқарған 9 айдың ішінде арнайы өңірлерді аралап, арнайы кездесулер өткіздім. Өзім депутат болып сайланған Ұлытау облысында мен бармаған, халықпен кездесу өткізбеген ауылдар, елді мекендер жоқ шығар деп ойлаймын. Өйткені түбегейлі барлығын аралап, шалғайдағы кішкентай ауылдарға дейін барып, халықпен кездесіп, олардың депутатқа айтсам деген жүрек түбіндегі ойларын тыңдап, ашық әңгіме өткізіп, әрбір барған сапарымда жалпы кездесуден кейін ауыл тұрғындарымен жеке-жеке қабылдаулар өткіздім.

– Сіз «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» кеңесіне жетекшілік етіп жүрсіз. Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болдыңыз. Мәдениет саласының қандай проблемалары қазір өте өзекті болып тұр?

Бүгінгі таңда педагогтар жөнінде арнайы заң қабылданды. Олардың жалақысы екі есеге көтерілді. Дәрігерлердің де жалақысы көтерілді. Енді бізде ең күрмеуі қиын, шешімін күтіп отырған мәселе – мәдениет саласының қызметкерлері. Осы мақсатта Астана қаласындағы мәдениет саласы қайраткерлерінің басын қосып, дөңгелек үстел өткіздік. Ол жерде қазіргі мәдениет саласындағы қордаланған мәселелер айтылды. Сол дөңгелек үстелде мәдениет қайраткерлері айтқан, көкейтесті күрделі мәселелердің бәрі тиісті министрлерге жолданды. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев біздің комитетке арнайы келіп, кездесу өткізген кезде осы мәселелердің бәрі айтылды. Бұл тек қана бір министрмен кездесуде емес, үкімет сағаттарында бүгінгі мәдениет саласының күрделі ахуалы, олардың жалақысының төмендігі, әлеуметтік мәселелердің шешілмегендігі, баспана мәселесі секілді түйткілді проблемалардың бәрін қозғап, көтеріп отырдық.

Бұдан бөлек, ауылды жерлерде спорт залдардың жоқтығы, дәрігерлердің ахуалы, ауыл дәрігерлерін техникамен қамтамасыз етудегі кемшіліктер, ауылдардағы медициналық пунктердің жоқтығы осы мәселелердің бәрін көтердік. Сонымен бірге, бүгінгі білім сапасы, мәдениет саласының ахуалы, ақпарат саласындағы түйткілді мәселелерді қозғадым.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар?

– Алла қаласа, алдағы уақытта 19 наурызда өтетін сайлауға қатыссам деп бекініп отырмын. Әрине, депутат болу үшін жылы орынға, лауазымға емес, халыққа қызмет ету үшін барамын деген жоспарым бар. Айтылар, көтерілуі тиіс мәселелер жетерлік.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!