Шетелге кеткен қазақ аз емес
Шетелге білім қуып, кейін сол жақта еңбек етуге қалған жастардың қарасы аз емес болып тұр. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр 32 мыңнан астам қазақстандық шетелге кеткен. Оны 2020 жылмен салыстыратын болсақ, 2021 жылы кеткен саны 10,7 пайызға көп екен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ал биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында елден кеткендер саны 20 мыңнан асқан. Енді Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметіне назар аударсақ, елден кетіп жатқан әрбір үшінші адам - этникалық қазақ екен.
Осы эмигранттардың төрттен бірі - 15 пен 28 жас аралығындағы жастар. Оның үстіне шет мемлекеттерге кеткендердің жартысынан астамы, яғни 77 пайызы жоғары білімді.
Сондықтан да мамандар жыл сайын елден кетіп жатқандар санының артуы ойланарлық мәселе екенін айтады.
Әсіресе, Қазақстанның дамуына үлес қоса алатын білікті әрі білімді азаматтардың басқа мемлекетке қоныс аударуы еліміздің экономикасына да, халықтың тұрмыс салтына да әсер ететіні сөзсіз. Алайда шетелде білім алып, олардың озық тәжірибесін елге келіп кіріктірсе, бұл жақсы үрдіс болар еді. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазіргі жастар еңбекқор, бәсекеге қабілетті екенін айтқан еді.
Ол Алматы жұртшылығымен кездесу барысында халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен әлемге прагматикалық көзбен қарау керектігін айтып, жастарды шетелде жұмыс істеуге шақырды.
«Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен әлемге прагматикалық көзбен қарау керек. Бос әңгімелерді тоқтату керек. Мысалы, «Шыңғыс хан қай рудан шықты» деген талас-тартысты қою керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда зиялы қауімнің кейбірі шетінен тарихшы, шыңғыстанушылар болып кетті. Мұның қоғамымызға пайда әкелеріне күмәнім бар. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеруде. Олар шын мәнінде, бәсекеге қабілетті, еңбекқор адамдар. Қазіргі жағдайда мен бір жерде өмір сүремін, туыстарыммен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген. Сондықтан құрметті ағайын бәріміз озық болайық. Сонда ғана жастарымыздың көз ашық, көкірегі ояу, ойлары ұшқыр болады. Көптеген сын-қатерге төтеп бере алады. Өз жағдайын өздері жасап, жақсы өмір сүре алады», – деген еді Тоқаев.
Біз бүгін Түркия елінде білім алып, сол жақта еңбек етіп жүрген Әйгерім Болдриковамен әңгімелестік.
«Мен Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келіп, Көкшетауда өсіп, жетілдім. Орта білімді аяқтаған соң Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түрік тілі және әдебиеті мамандығына оқуға түстім. Студент кезімде жүріп, Түркия елшілігіне қарасты Юнус Емре атындағы мәдени орталығында С1 сертификаты бойынша түрік тілін меңгердім. Осылайша, 2015 жылы Стамбул университетіне магистратураға түстім», - дейді Әйкерім Болдрикова.
Жас маман Стамбул қаласында 4-жыл тұрып жатыр.
«Қазір мен жылжымайтын мүлік агенттігінде бөлім басшысы болып жұмыс істеймін. Сондай-ақ, түрік және ағылшын тілдерінен сабақ беремін. Өз мамандығым бойынша да, жылжымайтын мүлік саласында қызмет етемін. Мұнда тілдерді білу мен дағдылар өте маңызды. Жалпы айтқанда білім алып, меңгерген барлық қасиетімді пайдаланып жатырмын», - деді Әйгерім.
Оның айтуынша, Түркияда тілдерді білетін, тәрбие мен еңбекқорлығының нәтижесінде әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген жастар баршылық.
«Түркия мен үшін екінші үй атанды. Сондықтан да бұл елдегі адамдар менің жақыным сияқты болып кетті. Екі елдің арасындағы айырмашылықты мен өзімше қабылдаймын. Қазақстан - мен үшін туған жер. Отбасым мен салт-дәстүрі сақталған - тыныш өмір. Ал Түркия мен үшін қозғалыс пен дамудың елі. Мұнда шетелдіктер өте көп. Бұл адамның көкжиегін кеңейтіп, көзқарасын өзгертеді. Түркияда «Bir lisan bir insan, iki dil iki insan» деген ұғым бар. Бір тілді меңгерген адамда шекара болады. Өзге тілді білу арқылы басқа адам боласың. Стамбұлда өмір Астанаға қарағанда 3 есе қарқынмен өтеді. Бұл жарқын болашақтан үміт күттіреді», - дейді жас маман.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Түркия арасындағы айырмашылық туралы да айтуға болады.
«Бұл жақта жол жүру ережелері мүлдем бөлек. Мен жүргізуші куәлігін көп уақыт ала алмадым. Бұл жақта барлығы қызмет ету саласына байланысты. Мысалы, университеттердегі жүйе жақсы жұмыс істейді. Қалалардағы жүйе де жақсы. Олардың компьютерлік технологияларға деген қарым-қатынасы мүлдем бөлек. Егер бізде кез келген студент компьютерлік бағдарламаны оңай меңгерсе, оларда мұндай жүйелілік жоқ. Олардың мектептерінде информатика сабағы да жоқ», - деді ол.
Әйкерім Болдрикованың айтуынша, цифрландыру бұл елде жақсы дамыған. Тек оны қолданудың тетіктерін білу керек.
«Мен студент болып жүрген кезімде ешқандай мәселе туындамады. Бұл жақта студенттерге қатты құрмет көрсетіледі. Қазақстаннан айырмашылығы да сол деп ойлаймын. Бұл жақта студенттердің білім алуы мен дамуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, барлық кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді. Түні бойы достармен емтихандарға дайындалуға болады. Ал түнгі уақытта муниципалитет студенттерге сорпа да береді. Көп кафеде ештеңе алмай,шығынсыз жұмыс істеуге болады. Кітапханалар да сирек кездесетін кітаптарды қарапайым студенттерге қолжетімді етіп қойған. Студенттердің жол ақысы ересектерге қарағанда 5 есе арзан. Ал студенттердің жасы 20-дан 40 жасқа дейін болуы мүмкін. Бұл жақта білімге деген құрмет жоғары», - дейді ол.
Әйгерім Болдрикова жас кезінде дамудың барлық мүмкіндігін пайдаланып, кейін отбасына оралғысы келетінін айтты.
«Жылжымайтын мүлік саласында істей отыра, мүлік сатып алған кезде азаматтық берілетінін біле тұра, мен өз азаматтығымды ауыстырғым келмейді. Шетелде Қазақстан туралы мақтанышпен айтқым келеді. Бұл жақта біздің елімізді құрметтейді. Қазақстандық студенттерді де мақтап жүреді. Бұл жақта білімі бар, мүмкіндігі мол қазақстандық жастар өте көп. Олардың басым бөлігі елге оралғысы келеді», - дейді жас маман.
Әлеуметтанушы Әсел Сәрсенова жастардың шетелде еңбектенуіне қатысты пікір білдірді.
«Шетелге кетуді негізінен «brain drain» яғни мидың жылыстануы ұғымымен сипатталады. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатысты жаһандық процесс. Негізінен, жоғары білікті мамандар әлеуметтік-экономикалық, саяси, діни себептерге байланысты елден қоныс аударуы да мүмкін. Көп жағдайда мұндай топтарды жастар құрайды. Жастардың арасында білікті кадрлардың елден кетуіне бірқатар факторлар әсер етеді. Жастардың шетелге кетуінің басты себептері жоғары өмір сүру деңгейі, еңбек тәжірибесін жинау және жоғары жалақы алу мүмкіндігі, карьералық мүмкіндіктердің жоғары болуы, жеке және кәсіби деңгейде өсу перспективаларының болуы. Әрине, бұл мәселе бүгінгі күні ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қоса алатын ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер немесе жұмыс орындарын құра алатын кәсіпкерлер сияқты азаматтардың ғана соңғы кезде елден кетуі байқалады», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жоғары білікті жастардың елден кету тенденциясы елдің адами капиталының сапасына әсері бар. Ал адами капитал – бұл бағаланатын басты байлық.
«Жастардың елден кетуінің тағы бір себебі – шетелдік сапалы жоғары білім алу. Ал бұл өз кезегінде шетелдік жоғары оқу орындарына да, қабылдаушы елдерге де экономикалық жағынан да, демографиялық жағынан да тиімді. Себебі, жастар тілді оңай меңгереді, олар репродуктивті жаста, білікті, не нәрсені болсын тез қабылдауға қабілетті. Және көптеген жас буын үшін шетелде оқу – бұл сол елде тұрақты қалудың бір мүмкіндігі және жолы», - дейді Әсел Сәрсенова.
Сарапшының айтуынша, жастардың шетелде білім алудың позитивті жақтары да бар.
«Егер қоғамның басты әлеуметтік тобы – жастар шетелден жаңа білім, дағдылар мен тәжірибе алып, Отанына оралып оны мемлекет игілігіне қолданса. Қазақстанда талантты, дарынды жастар өте көп. Мысалы, ресейлік ЖОО өкілдері Қазақстаннан келген мықты талапкерлерге қызығушылық танытып отыр. Олар арнайы Олимпиадалар өткізіп, сол жерде өз қабілеттерін көрсеткен оқушыларды Ресейдің беделі университеттеріне оқуға шақыру үшін арнайы келеді. Олар бюджет есебінен тегін білім алады, бірақ сол жастар ЖОО аяқтағаннан кейін белгілі бір жыл мерзімге келісім шартқа отырып, Ресейде қызмет етулері қажет. Бұл қазақ балалары ертең Ресей ғылымы мен экономикасы үшін жұмыс істейтін болады деген сөз», - дейді ол.
Оның пікірінше, осындай себептерді ескере отырып, барлық емес әрине, бірақ кейбір Қазақстанның жоғары білім беру мекемелерінде оқыту сапасын арттыру, оны заманауи техникалық құралдармен жарақтандыру, ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының аясын кеңейту, екі дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыру практикасын дамыту, шетелдік ғалымдар мен оқытушылармен ынтымақтастықты кеңейту міндеттері тұр.
Президент Америкада еңбек етіп жүрген жастармен кездесуі туралы айтқан кезде «толық адам» туралы айтқан еді.
«Жақында Мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: «қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар» деп айттым. Абай кезінде «толық адам» деген терең ұғымды енгізді. Абай заманынан оза туды. Ол "толық адам" туралы білім, түсінік, қоғамның қажеттілігі тұрғысынан айтты. Қазір ағылшынша айтылып жүрген "a person of integrity", яғни барлық қарым-қабілеті мен білімі тоғысқан адам дегеніміз осы», - деді Мемлекет басшысы.
Марья Айдарбаева