«Төтенше оқиға кезінде тәулік бойы үй көрмейміз». Құрылысшы үй салудың машақаты туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Маман елордадағы ауа райының қолайсыздығы туралы да айтты

Құрылыс саласы елдің экономикалық және әлеуметтік саласындағы басым бағыттарының бірі болып саналады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әл-ауқаттың тұрғын үй мәселесімен тікелей байланысты екенін және болашақта тұрғын үй құрылысы Үкімет жұмысындағы басымдықты бағыт болуы тиіс екенін атап өткен болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Себебі тұрғын үй құрылысы әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, экономикалық өсімнің локомотиві бола алады. Бүгін біз елорданың құрылыс саласында еңбек етіп жүрген маман Олжас Кожинмен сұхбаттастық. Ол Ақмола облысы Есіл ауданына қарасты атышулы Калачи аулында өсіп, жетілген. Ал  9-сыныпты тәмамдаған соң, Целиноград ауданының Софиевка ауылына қоныс аударады. Орта мектепті аяқтаған соң «Қонақ үй және мейрамхана ісі»  мамандығы бойынша колледжге түседі.

«Колледжді тәмамдаған соң, Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге аттандым. Әскерден соң елордадағы құрылыс бойынша жеке меншік компаниялардың біріне жұмысқа орналастым. Міне, осыдан бастап құрылыс саласындағы қызығы мен шыжығы мол мансаптық жолым басталды. Осы қызметімде жүріп, білімімді толықтырып, жетілдіру қажетін түсініп, Көкшетаудағы университетке оқуға түстім», - дейді құрылысшы.

Ол құрылысты слесарь болып бастағанын айтты. Жарты жылдан кейін учаскенің шебері, тағы бір жылдан кейін жұмысты өндірушіге дейін өскен.

«Біздің компания сыртқы жүйелерді тартумен айналысады. Яғни, ол тұрғын үйдің басында жасалатын барлық қара жұмысты қамтиды. Мысалы, жолдардың магистраліне су тартып, кәріз жүйесін құрамыз. Қаланы сумен қамтамасыз етеміз. Жұмыстың ерекшеліктері де бар, әрине. Біздің жұмыс ауа райын талғамайды. Сондықтан жұмысшылар да қажырлы, шымыр, төзімді болуы шарт. Қысқы маусымда боран, жел, жаңбыр болсын кәріз бен су құбырларын үздіксіз қазып, жұмыс істей береміз. Астанада тұратындар бізде қандай ауа райы болатынын білетін де шығар», - деді маман.

Олжас Маратұлының айтуынша, ол учаскелердегі жұмысты өзінің ұжымдық тобымен атқарады.

«Жұмыстың өндірушісі болғандықтан, менің қызметіме істің қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылау кіреді. Яғни, жұмысшыларды бағыттап, қай жерлерде құбыр тарту жұмыстарын жүргізу қажет екенін реттеп, бақылап отыру керек. Біздің атқарып жүрген жұмысты қауіпті деп те айтуға болады. Әркез қауіпсіздік ережелерін сақтап, үнемі жұмыстың алдындағы техникалық тәртіптерді түсіндіріп тұрған абзал. Бұл жерде адамдар жұмыс істегендіктен, шұңқырдың тереңдігі өте терең болғандықтан арнайы киім-кешек, каска мен аяқ-киім, сыртқы киімнің болуы маңызды. Сондықтан күнделікті түрде жұмысшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жүзеге асырылады», - деді Олжас Кожин.

Құрылысшы маман су құбырлары мен кәріз жүйелерінің тесілгені сынды төтенше жағдайлар да болып тұрады.

«Ондай кезде біз бұл ісімізге жұмыс ретінде қарамаймыз. Ол қоғамдық орын мен адамдардың қауіпсіздігіне қатысты болған соң, білек сыбана жұмыс істеуге мәжбүр боламыз. Жақында сондай төтенже жағдай болып, жұмысқа таңғы 8-де кетіп, ертесі күнгі таңғы 6-да үйге келдім. Себебі оны жылдам тоқтатуымыз керек болды. Бір тәулік бойы далада жылулық пен жайлылықты ұмытып, тынбай еңбектенуге тура келді», - деді маман.

Құрылысшының айтуынша, учаскелерге қызмет көрсету тобында еңбек ететін 4 адам бар.

«Олардың барлығы өз ісінің маманы. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» демекші, алға қойылған міндеттерді бірлікте, ынтымақтықпен атқарамыз. Жұмыс тәртібі 9-00-дан басталады. Жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі менің қарамағымда еңбек ететін адамдардың қауіпсіздігі мен өмірі менің жауапкершілігіме кіреді. Камаз, эскскаватор сынды ірі техникаларды басқару қауіпсіздігін де сақтау керек. Менің құзыретіме жерде жұмыс істеу ғана емес, жұмыс журналын толтыру, кесте жасау да енеді. Атқарылған қызмет пен жоспарлауды жазып, актілерге қол қоямын. Бұл дене еңбегі мен ой еңбегін ұштастырады. Учаскеге жауап беретін маман ретінде жоба басшылығы мен техникалық бақылау бөлімдеріне жұмыстың атқарылғаны туралы есеп беремін», - деді ол.

Құрылысшының айтуынша, елорда өңірлерден жиналған тұрғындардың ошағы болғандықтан, құрылыстың қарқыны күшті.

«Салынып жатқан нысандар да өте көп. Оларды уақытылы тапсыру керек. Тапсырыс берушілердің көңілінен де шыға алу керек. Жұмысты сапалы әрі уақытында тапсыру да үлкен рөл ойнайды. Менің жұмыс істеп жатқан компания басшылығы өте білікті, жұмысшылардың жағдайына көңіл бөлуге тырысады. Осы салада мансаптық жолымды одан әрі жалғастырғым келеді», - деді ол.

Олжас Кожин атағандай, құрылысшы жауапкершілік ала алатын, адал, коммуникацияға ашық болуы тиіс.

«Себебі күніне көптеген адаммен жұмыс істеуге, қарым-қатынас орнатуға тура келеді.Тағы бір айта кететіні құрылыс саласы маған да берекелі болды. Себебі осы жұмыс орнында мен өмірлік жан-жарымды кездестіріп, үйлендім. Ол да геодезия маманы. Бірақ кеңседе жобалау, жоспарлау жұмыстарын жасайды. Екеуміз «Әйел адам үйде, ер адам түзде» дегендей, бір салада қызмет етіп жатырмыз. Әрине, біз де елордаға басқа өңірден келгендердің біріміз. Қазіргі таңда пәтер жалдап тұрамыз. Бірақ біздің елде жастарға жағдай жасауға көп көңіл бөлінеді. Мүмкін, жеңілдетілген бағдарламалар бойынша пәтер аламыз деген үміттеміз», - деді ол.

Маман атағандай, құрылыс саласында биіктіктен құрылысшылар құлап, қауіпсіздік шаралары дұрыс сақталмай немесе абайсызда жан тәсілім еткен оқиғалар болады.

«Сондықтан құрылыс саласын да қаупі жоғары салаларға жатқызуға болады деп ойлаймын. Ресми, бейресми істеп жатқан мамандарға, жұмыс күшіне құрметпен қарау керек деген ойдамын. Бұл сала күш-жігерді, төзімділікті, болаттай қайраттылықты қажет етеді», - деді ол.

Маманның әңгімесінен кейін құрылыс нарығындағы ахуалды бір шолып шықтық.

Елімізде былтыр 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,4%-ға көп. Республика бойынша барлығы 151 192 баспана, оның ішінде 41 250 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді.

Салаға салынған инвестиция көлемі 2,4 трлн теңгеге жетіп, 2020 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 19,1% артты. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі арғы жылмен салыстырғанда барлық өңірде дерлік өскен.

Ал биыл Қазақстанда 15 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салуға уәде берілуде. Бұл шамамен 137 мың пәтер.Әлеуметтік тұрғын үйді 15 мыңнан астам мұқтаж отбасы алуы тиіс.

«Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін жыл сайын 3 мың пәтер салу және сатып алу жоспарланып отыр. Биыл бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге қарастырылған.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бес жыл мерзімге беріледі. Осы кезеңде жастар бастапқы жарнаға ақша жинауға мүмкіндік алады. Өз кезегінде босатылған тұрғын үй келесі үміткерлерге беріледі.

Осылайша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап жұмыс істейтін жастар өкілдері үшін еліміздің үш мегаполисінде 7 мыңға жуық жалға берілетін пәтер салынды.

Сондай-ақ, бүгінде Астанада «Елорда жастары», Алматы қаласында «Алматы жастары», Қарағанды облысында «Қарағанды жастары», Жамбыл облысында «Әулие ата жастары», Батыс Қазақстан облысында «Орал жастары», Қостанай облысында «Қостанай жастары», Алматы облысында «Алатау жастары», Атырау облысында «Атырау жастары».

Сонымен қатар, Павлодар облысында «Ертіс жастары», Абай облысында – «Абай жастары», Ақтөбе облысында – «Ақтөбе жастары» өңірлік бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Өңірлік бағдарламалар жергілікті бюджеттен қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге және бастапқы жарнасы 0-10% - дан бастап, 25 жылға дейінгі мерзіммен жылдық 5% - ға жеңілдікпен қарыз беруге бағытталған.

Бұл шаралар Мемлекет басшысының қолжетімді жалға берілетін тұрғын үй салу және жеке тұрғын үй сатып алу тетіктерін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында іске асырылуда.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев

«Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты аясында 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қам­тамасыз етілмек. Өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкінің несиелік бағдарламалары арқылы сатылатын 9,8 мың пәтер салынып жатыр. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бо­йынша жеңілдетілген қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен кезекте тұрған 5 мыңнан астам адам мен жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерін субсидиялаумен кезекте тұрған 70 мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз»,- деді Өскенбаев.

Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайылов тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері бар екенін айтқан еді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірледік. Ол, бірінші кезекте, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу «бір терезе» қағидаты бойынша бір орталықтан, ашық түрде жүргізілетін болады. Оның негізгі операторы – Отбасы банкі»,- деді Смайылов.

Марья Айдарбаева