«Жер олигархтарда, ауыл әкімінің беделі жоқ»: агроном ауылшаруашылық саласындағы проблемаларды атады

Автор: Azattyq Rýhy

Агроном Сәбит Сұлтанмен сұхбат

Фотоколлаж

Қаңтар оқиғасы елімізге қайғы-қасірет әкелгені анық. Сонымен қатар, үкіметтегі, жергілікті атқару органдарындағы біраз былықтың бетін ашып берді. Әсіресе кеше ғана бүкіл елді дүрліктірген қант тапшылығының өзі еліміздегі ауылшаруашылық саласының қандай мүшкіл жағдайда екенін көрсетіп бергендей. Одан бөлек, «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Жер аманаты» жобасы да бұл саланың неліктен дамымай келгенін көрсетіп берді. Партиялықтардың белсенді әрекетінен кейін ауылшаруашылық жерлерінің басым бөлігі бай-бағланның, шенді-шекпендінің қолына өтіп кеткенін көрдік. Жай ғана өтіп кетпеген, ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай келген. Соның салдарын халық қазір тартып жатыр.

Соңғы отыз жылда дәл осы ауылшаруашылық саласын дамытуға мемлекеттен жұмсалған қаражатта есеп жоқ. Жыл сайын миллиардтаған ақшаны тек субсидия үшін беретін елде етті де, сүтті де сырттан экспорттайды.

Бұл проблемалар қалай туындады және тығырықтан қалай шығуға болады? бұл сұрақтардың жауабын ауылшаруашылық саласының маманы, агроном Сәбит Сұлтаннан сұрап көрдік. Қазіргі зейнеткер бұрын Жамбыл облысындағы Т.Рысқұлов ауданының (бұрынғы Луговой – авт.) әкімі қызметін атқарған.

«Әкімдердің беделі жоқ...»

- Сәбит аға, жуырда Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрлігін кезекті рет сынға алды: «Министрліктің жұмысы жеткіліксіз. Квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра алмады, өйткені тиісті деңгейдегі ұйымдастыру мен талдау болған жоқ. Бұған қоса, ведомство басшылығының шешім қабылдаудағы жайбасарлығы да әсер етті. Елде дүрлігу орын алды» деді. Сіздің ойыңызша бұл саланың үнемі сынның астына қалып, оңалмауына не себеп?

 - Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған адамдар бұл саланы жетік білмеді. Қазақстанды өркендету үшін алдымен ауылдардың жағдайын жақсартуымыз керек. Біздің ауылдардың көбі әбден тозып кеткен. Бұрын халыққа жағдай жасайтынбыз, халыққа жұмыс беретінбіз, бәрін халық үшін жасайтынбыз. Қазір болып жатқан тірліктер қымбатшылық пен жоқшылыққа әкелді. Қанттың бағасы қымбат, әрі таппайсың. Бидайдың бағасы аспандап өсіп кетті. Бидай, қант, ет қазақтың негізгі ауқаты. Неге біз қазір осындай тұрмысқа келдік, неге осындай жағдайға жеттік? Өйткені шенділер ауылдың кез келген шаруасына қатысты іске туған-туысқандарын тартады. Рушылдыққа, жершілдікке баса назар аударылған соң ауылдың жағдайын жақсарта алады деген адамды жолатпайды, біліміне, іскерлігіне ешкім қарап жатқан жоқ. Ауылдық жерлердің өзінде туысқандыққа, құда-жекжатқа, таныстыққа тартады. Ал жоғарыда отырған лауазымды тұлғалар тендермен ақша бөлу, есеп-қисап, бітпейтін нәтижесіз жиындармен жүр. Соның кесірінен біз қазір осындай қиын жағдайға келіп отырмыз.

Бұл бір. Қазір ауылдағылар тентіреп кетті. Қала мен облыс орталығының арасында сенделіп жүреді. Не үшін? Өйткені қазір басшы жоқ. Әкім деп біреуді тағайындап қояды. Ауыл әкімдерінде қандай күш бар, елдің алдында еш беделі, салмағы жоқ. Ауыл әкімдерінің ғана емес, аудан әкімдерінің де аса беделі жоқ. Жерге таласқан ауыл адамдарына сөздері өтпейді, кезінде тек егістікті оңды-солды үлестірумен жүрді.

- Биыл қанттың тапшылығы қатты сезілді. Еккен өнімді жинау жұмыстары жүріп жатыр. Күзде қанттың тапшылығы шешімін таба ма?

 - Жамбыл облысының Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандарында бұрын қант қызылшасын көп өсіретін. Биыл қызылша алқабының көлемін күрт азайтты. Басқа өңірлерде де жағдай мәз емес. Министр мұның себебін басқаша бұрмалады, «фермерлер биыл облыстарда судың тапшылығы болады деген соң біз қызылшаны азайыттық», - деді. Бұл қате пікір. Қызылшаның аз егілуінің себебі: жер әбден тозған, қанша жылдан бері игерілмей жатыр. Оның үстіне, техника мен дизельдің тапшылығы да қолбайлау болып тұр.

Жер не үшін игерілмегенін айтайын, егістік алқаптарды шенді-шекпенділер шаруаларға емес, сырттан келген бай-бағландарға, туыстарына бөліп берген. Оларға бәрібір, ешкімді жолатпайды. Министрдің су тапшы дегені өтірік, биыл керісінше жауын-шашын көп болды. Сондықтан, қант тапшылығы алдағы жылы да сезіледі деп ойлаймын.

- «AMANAT» партиясы биыл «Жер аманаты» деген жобаны бастағанын білетін шығарсыз, олигархтардың меншігіне өтіп кеткен мыңдаған гектар жерлерді мемлекетке кері қайтарып жатыр. Кезінде бұл жайылымдар мен егін алқаптары қалай үлестірілген? Неге халық арасынан біреу шығып «мынау әділетсіздік» деп айтпады?

- Ауыл шаруашылығы саласын коррупцияға дендеп кетті. Жердің иелері сол ауылдың адамдары емес. Жердің қожайындары басқа жақта тұрады. Мысалы, менің жерімді тартып алғандардың бірі Астанада сенатор, екіншісі – Таразда. Жерді тракторшының, малшының атына тіркеп қойған, өздері басқа жақта. Олардың жерге де, ауылдағы адамдарға да жаны ашымайды. Тракторларын жібереді, жерді айдайды, егінді жинап алып кетеді, бірақ ауылға ешқандай жағдай жасамайды.

Бізде қазір неге сапалы бидай жоқ? Себебі сапалы тұқым жоқ. Сөйте тұра «элитный» тұқымға бұлар субсидия алады. «Элитный қой», «элитный көкөніс» өсіреміз, ананы өсіреміз, мынаны қарық қыламыз деген желеумен тұрақты түрде субсидия алады. Ол өтірік жобалар, көзбояушылық. Бізде қазір өсіретін бидайдың сапасы – малдың жемі. Қазір базар-базарды аралап шықшы, дүкендерде қандай ұн сатылып жатыр? Солтүстіктен келген ұн ғана тәуір, жергілікті облыстарда сапалы бидай қалмады. Біз өзіміз ұн шығара алмаймыз. Кезінде Жамбыл облысында 200-дей диірмен болған. Қазір оның біреуі істеп жатқан жоқ. Ауыл адамдарының пайға алған үлестік жерлері бар. Сол жерлерді әр адамға орнын көрсетіп және кадастрлық нөмірлерін беру керек. Халық өздерінің жері қайда екенін білмейді. Бір ауылдың халқына тиесілі мыңдаған гектар егістікті үш-төрт адам иемденіп алған.

Мұндай жағдай қай ауылға барсаңда алдыңнан шығады. Бөлінем, жеке шығам деген адамды ешкім тыңдамайды.

- Ұзақ жыл агроном, аудан әкімі болдыңыз. Кейінгі жылдары 400-500 жұмысшысы бар алып қожалықты басқарған адамсыз. Осы саланы қатты сынайсыз, өзіңіз басшылықта болғанда елді қандайда бір жетістікке жеткізе алдыңыз ба?

- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен Подгорный совхозын қабылдап алғанда, ол ең кедей ауылдардың бірі болатын. 4-5 жылдың ішінде оны Қазақстандағы шаруашылығы дамыған алдыңғы қатарлы ауылға айналдырдық. Совхоздардың ішінен ең бірінші болып біз валютамен шетелге сауда жасадық. 3 млн АҚШ долларын алдық. Ақшаны біз талан-таражға салған жоқпыз, ол ақшаға техника алдық, шұжық цехын аштық, халықтың жағдайын жасадық, үй салдық, мәдениет үйін тұрғыздық, газ өткіздік, жол жасадық. Тапқан табысты халықтың игіліне жұмсадық. 25 мың гектар егіс алқабы, 5 мың қой өсірсек, 3 мың бас сиырды саудық.

- Кезінде шетелден асыл тұқымды сиырды көп тасыды. Етті, сүйтті сиырларды сатып алып, өсіруге субсидия берілді. Бірақ халық әлі импортқа тәуелді. Қырғыздың сүтін ішеміз, АҚШ пен Ресейдің тауығын, Қытайдың соядан жасалған етін жейміз...

- Қазір жолдың бойында жайылып малға қарашы, тұқымы тозып кеткен. Сиырлар ешкі сияқты. Не етті емес, не сүтті емес. Баяғыда ауылдағы кез келген сиыр күніне 20 литр құнарлы сүт беретін. Малдың да тұқымы тозған. Шетелден күндіз-түні қорада тұратын сиырды әкелді. Жемі де қымбат, әкелуі де, күтімі де қымбат. Одан ет пен сүттің мәселесі шешілді ме? Жоқ. Өзіміздің «Ақбас», «Алатау», «Әулиета» тұқымдарының сапасын жақсартып, өз жерімізге әбден бейімделген малдың тұқымын көбейтіп өсіру керек. Сырттан ірі қара тасып, оған субсидия бөлу халықтың қаражатын шетелге және жекелеген адамдарға шашу. Өзімізде бәрі бар, тек соны тиімді пайдалансақ жеткілікті. Қарнымыз да тоқ, қора да толы, ақша да бюджетте қалады.

- Сұхбатыңызға рақмет.