$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.02.2020, 18:44
Сұхбат

«6 ай бұрын тексеріліңіз». Эндокринолог маман жүкті әйелдерге маңызды кеңес берді

Бірінші дәрежедегі маманның айтуынша, Қазақстандағы әрбір бесінші-алтыншы әйел қалқанша без ауруына шалдыққан

«6 ай бұрын тексеріліңіз». Эндокринолог маман жүкті әйелдерге маңызды кеңес берді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері мәліметінше, бүгінде әлемдегі әрбір үшінші әйел қалқанша без қызметінің бұзылуынан пайда болатын ауруға шалдыққан. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі бірінші дәрежедегі эндокринолог, медицина саласында 17 жыл, эндокринология саласында 10 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан дәрігер Әсел Елеусізқызымен әңгімелесіп, қыз-келіншектерді жиі мазалайтын сұрақтарға жауап алды.

- Әлемде қалқанша без ауруына шалдыққан жандар өте көп. Бұл ауруға шалдыққан қазақстандықтардың қатары аз ба, көп пе?

- Қазақстанда әрбір бесінші-алтыншы әйел осы ауруға шалдыққан десе болады. Ондай жандар еліміздің оңтүстік өңірлерінде және еліміздің шығысындағы Өскемен, Семей қалаларында жиі кездеседі. Оңтүстіктегі Алматы облысы, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары көш бастап тұр. Аталған аймақтардың көпшілігі таулы жерлер, ал таулы жерлерде көбінесе йод жетіспейді. Статистика бойынша да Астана мен Алматыда эндокринологтардың көмегіне жүгінушілер өте көп. Өйткені миграция деген бар. Өзімнің жұмысыма келетін болсам, соңғы 5 жылда Нұр-Сұлтанның 2 поликлиникасын тексерген кезде, патология оңтүстік өңірден келген әйелдерде болды. Ол жерлердің көпшілігі таулы, теңізден алыс аймақтар. Теңізден алыс жерлерде ауа мен суда, топырақта йод жетіспеушілігі болатыны белгілі. Әсіресе қалқанша безінің ауруы жүкті әйелдерде жиі кездеседі. Әдетте жүкті әйелдерге 12-ші аптаға дейін анализ тапсыртамыз, көбінесе субклиникалық деп жатады, шекаралық жағдайда – «гипотрез» диагнозы қойылады. Гипотрез – гормондардың төмендеп, жетіспеушілігі. Жүкті әйелдерде туа бітті гипотрездер жиі кездеседі. Көбінесе әйелдер тіркеуге кеш тұрып, қаралмай жатады. Іштегі нәрестенің 24-25 аптаға дейін қалқанша безі жұмыс істемейді, сәби анасының гормондарын алып отырады. Бала ортақтасқаннан кейін гормон әйелдердің өзіне жетпейді, сол кезде гормоналды дәрілер беріп жатамыз. Әйелдер жүкті болардың алдында 6 ай бұрын қалқанша безін тексертіп, жүктілікке дайын болу керек. 12 аптаға дейін ТТГ тиретропты гормон, Т4 тироксин, Т3 трийодтиронин деген гормондарын тексеріп, өзгерістер болса дәрісін береміз. Дәрілердің іштегі балаға еш зияны жоқ.

- Жалпы тұрмысқа шықпаған қыздар, жүкті емес келіншектер қалқанша без ауруының бар екенін қалай біледі. Оның алғашқы белгілері қандай?

- Қалқанша безінің «гиперфункция» және «гипофункция» деген екі түрі бар. Гипофункция - гормонның аз мөлшерде бөлінуі. Бұл көбіне әйелдер 30-ға таяған кезде болады. Белгілері: салмақ қосып, ұйқышаң болып, есте сақтау қабілеті төмендейді. Сосын етеккір циклы бұзылады. Әйелдер бала көтере алмай жатады. Осы кезде гормондарын тексерту қажет. Ал гиперфункцияда гормон өте көп бөлінеді. Бұл кезде қыз-келіншектер керісінше салмақ тастап, ашушаң, сезімтал, жылауық болады. Оларға гормондарды тежейтін дәрілерді береміз. Мен фитнес-жаттықтырушыларға дәріс өткізгенде «Әйелдер 1-2 айдың ішінде салмақ тастай алмаса, қалқанша безін тексертіңіздер» деп айтамын. Жалпы әйел адам 25 жастан асқанда, оларда зат алмасу процесі төмендейді. Соған да мән берген дұрыс.  «Д» дәруменінің жетіспеушілігі, тік ішектің ішінде де дәрумендерді қорытпайтын аурулардың түрлері бар. Оның бәрін кешенді тексеруден өткізу керек. Салмақ тастай алмаудың тағы бір себебі – гиподинамиядан, яғни, бір орында отырып жұмыс істеуден де болады. Физикалық қозғалыстың аз болуы, тіпті күйзелістің өзі артық салмақ қосуға алып келеді.

- Гормоналды фонның әйел денсаулығына әсері қандай?

- Әйел адамның етеккір циклының бұзылуы оның ұрпақ сүюіне тікелей әсер етеді. Әйел бездерінде «эстроген» деген гармонның төмендеуіне байланысты әйел бездері мен қалқанша безінің бір-бірімен байланысуы күшті. Қалқанша безіңіз дұрыс жұмыс істемей, гормондарыңыз жетпей жатса, ары қарай әйелдік бездерде (яичник) эстроген гармоны төмендейді. Ол келешекте әйел адамның жүктілігіне әсер етеді. Салдарынан шала туу, түсік, мерзімінен бұрын босану сияқты жағдайлар болады. Қалқанша безі өзі кішкентай болғанымен, ағзадағы барлық процестерге қатысады. Атап айтсақ, су алмасу процесі, кальцийдің бірқалыпта болуы, шаш пен тырнақтың өсуіне дейінгі алмасу процестеріне қатысады. Адамда 100-ден астам гормонның түрі болады, соның негізгісі осы қалқанша безі. Оның әсері де, қызметі де күшті.

- ТТГ (тиретропты гормон) дегенді жиі естимін. Жалпы әйелдер гормонының қалыпты нормасы болуы керек пе, әлде, әр әйелде ол әртүрлі ме?

- Біріншіден, ол зертханаларға байланысты. Себебі әр зертхананың диапазондары болады, нормалары беріледі. Бізде әйелдердің де, ерлердің де стандартты көрсеткіші болмайды. Ал 5 жасқа дейінгі балалардың көрсеткіштері басқаша, ересектердікі басқаша. Сондай-ақ жүкті әйелдердің өз көрсеткіштері болады. Оны біз сияқты эндокринолог мамандар ғана анықтап, нақты диагноз қоя алады.

- Гормоналды бұзылуды дұрыс емдеу жолы қандай?

- Қалқанша безі жұмысын тиретроп, тироксин және трийодтиронин деген үш гормонға анализ тапсыру арқылы ғана біледі. Сосын ультра дыбыстық тексеруден өту керексіз, осының өзі жеткілікті. Сол анықталған диагнозға орай, маман өзі арнайы дәрілерді тағайындайды. Ол циклға байланысты емес, кез-келген уақытта таңертең аш қарынға тапсыруға болады. Анализ тапсырардан бір күн бұрын кешкі алтыдан кейін тамақ, спирттік ішімдіктер, темекі өнімдерін пайдаланбау қажет. Яғни асқазан 10-12 сағат демалып, түнгі ұйқыңыз қанық болу керек. Өйткені, біздің гормондардың «циркадный» ритмі болады. Ол дегеніңіз гормондардың көтеріліп, төмендеу уақыты. Сол себепті біз таңғы сағат 8 бен 9 арасында тапсырған дұрыс деген кеңес береміз. 

- Қалқанша без ауруы тұқым қуалай ма?

- Бұл ауру тұқым қуаламайды. Егер жүкті әйел екіқабат кезінде қалқанша без ауруына тексеріліп, қажет кезінде дәрілерін ішпесе балада туабітті «гипотиреоз» болады. 24 аптаға дейін баланың қалқанша безі жұмыс істемей, анасының гормондарын алып отыратындықтан, жүктілік кезде міндетті түрде тексерілген дұрыс. Туабітті гипотиреоз сәби дүниеге келгеннен кейін басын ұстауы, еңбектеуі мен баланың өсіп-жетілуінің кеш болуы. Кейбір ата-аналар балалары бірінші сыныпқа барған кезде «есте сақтау қабілеті төмен» деп ренжіп жатады. Мен «Екіқабат кездіңізде қалқанша бездеріңізді тексертіп көрдіңіздер ме?» деп сұраймын. Көпшілігі «иә, сол кезде қалқанша безімен проблемалар болған. Дәрілерді бір ішіп, бір ішпедім» дейді. Өзіңіз дәріні басында дұрыс ішпесеңіз, сізден туылған бала қайбір жүз пайыз сау болып туылады? Қазір көп аналар гормоналды дәрілерден «балама зияны тиіп кетеді» деп қорқады. Оның балаға кері әсері болса, біз ұсынбас ек қой. Сондықтан, интернеттен оқып алған ақпараттың бәріне сене берудің қажеті жоқ. Перзентханада баланың анасының картасында гипотиреоз деген диагноз көрсе, сәби дүниеге келген үш күннен кейін оның табанынан анализ алынады. Сол арқылы балада гипотиреоз бар ма, жоқ па анықтауға болады. Бар болса, 1 жасқа дейінгі балалар эндокринологымен жұмыс істейді.

- Қазақстандық әйелдер денсаулығына қаншалықты жауапкершілікпен қарайды?

- Қазір көпшілігі ақпаратты интернеттен оқып алып, шаштары түсіп жатса, бірден «менің қалқанша безімнің жұмыстары нашар» деп өз-өздеріне диагноз қойып алады. Қалалық тұрғындарда жауапкершілік бар, ал ауылдық жерлерден келетін адамдар әбден асқынған кезде дәрігерге жүгінеді.

- Көпшілік гормондармен проблема тек қыз-келіншектерде ғана болады деп ойлайды. Жасөспірімдер мен ерлерде қалқанша безі жұмысының нашарлауы қаншалықты жиі кездеседі?

- Ұл балаларда 12 жастан бастап, қыз балаларда 9 жастан бастап гормоналды өзгерістер басталады. Осы уақыттан бастап қыздарға етеккір келіп, ұлдардың тестостерондарында өзгерістер байқалады. Гормондар төмен болса балалар ашушаң, ренжігіш болып кетеді. Сабаққа қабілеті төмендеуі мүмкін. Бізде балаларды 15 жасқа дейін қарайтын балалар эндокринологы бар. Сондықтан осындай белгілерді баласының бойынан жиі байқайтын ата-аналар болса, мамандарға жүгінгені дұрыс. Ал пайыздық жағына келсек, әйелдерде гормоналды проблемалар көп болады. Оның қазіргі жағдайдаңы басты себебі - стресс. Телефонда көп отырады. Адам миының ішінде гипофиз деген бақылаушы мүше бар, егер миыңыз шаршап, ұйқыңыз қанбаса, гормоналды бұзылу болады. Жалпы ұйықтар алдында екі сағат бұрын телефонды ұстамаған абзал. Өйткені, телефоннан бөлінетін сәуле көзге әсер етіп, көзден миға берілетін «ұйықтайтын уақыт келді» деген белгі бармайды. Біздің ағзамызда мелатонин деген жүйкені тыныштандыратын гормон бар. Егер үнемі жарық сәулесі көзге түсе берсе, «ми ұйықтайтын кез емес» деген белгі беріп, сергек болады. Салдарынан таңертең ұйқыңыздан тұрғанда шаршап, дел-сал болып тұрасыз. Мелатониннің де «циркадный» ритмі болады, сол ритмнің балансы бұзылған кезде әйелдерде әжім пайда бола бастайды. Осы сұхбатты пайдалана отырып, қыз-келіншектерге бірнеше кеңес айтқым келеді. Ұйықтар алдында екі сағат бұрын, ұйқыдан тұрған кезде 1 сағатқа дейін телефонды қарамағандарыңыз мүмкін. Күйзеліске түсуден мейілінше аулақ болып, өмірді қолдан қиындатпаңыздар. Гормондардың біреуі қозса, қалғандары да қозып кетеді. Университетте бізге дәріс оқитын жасы 70-тен асқан профессор «Эндокриндік жүйе - адам ағзасының дирижері, қалғандары – оркестр» деп айтқан. Қарап отырсаңыз, адамның көңіл-күйінің барлығы дерлік осы гормондарға тәуелді. Сондықтан гормондарыңызды бірқалыпта ұстауға тырысыңыздар.

- Кейбір қыз-келіншектер өздеріне диагноз қойып, сосын йод жетіспеушілігін «йодты сетка» арқылы емдеп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс, оның оң әсері бар ма?

- Йодты тері арқылы жағудың өзі дұрыс емес. Йодомариннің ішінде 150-200 микрограмм йод бар. Жағып жатқан йодтың өзі спиртті ерітінді, ол тамақты күйдіреді. Қалқанша безіме йод жетіспейді деп теріге жағу – гиперфункцияға алып келеді. Йод көлемі көп болса, қалқанша безінде «аутоиммунды тиреоидит» деген ауру туындауы мүмкін. Сол себепті, тамағыңызға «йодты сетка» жасаудан аулақ болыңыз! Ауылды жерлерде «бізге йод жетіспейді» деп йодты қантқа қосып ішетіндер бар екен. Қазір медицина дамыған, сондықтан өз-өздеріңізді емдеумен айналыспай, мүмкін болса маманға жүгініңіздер. Қыздар гормондарын жылына бір рет тексертіп тұрғаны дұрыс. Үш гормонды тексертудің құны – бес мың теңге ғана. Күнделікті тамақ рационыңызда теңіз өнімдері мен грек жаңғағын көбірек пайдаланыңыз. Ас тұзының бетін ашық қалдырмай, беті жабылатын банкада сақтаңыздар. Беті ашық тұздың құрамындағы йодтың бәрі ұшып кетеді. Тамақ дайындаған кезде де тұзды қуырып жатқанда емес, ас дайын болған кезде салсаңыздар, құрамындағы йод сақталады.

Сұхбаттасқан - Айжан Қалиева

Серіктес жаңалықтары