Ат спортын мектеп қабырғасынан қолға алсақ мінезді ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз – Смағұл Елубай

Автор: Әйгерім Ердәулет

Белгілі жазушының өзі де жастайында шабандоз болған

Елімізде 17 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» атты тұңғыш республикалық ат марафон-бәйгесі басталады. Марафон маршруты 6 өңірдің үстінен өтеді: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан. Оған еліміздің барлық өңірінен келген командалар қатысады: 20 өңір – 20 команда. Шабандоздар 18-29 қыркүйек аралығында елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты бағындырады.

Жобаның басты мақсаты – Қазақстанмен тікелей байланысты танымал бренд құру және ұлттық мәдениетті халықаралық аренада насихаттау, жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге баулу, спорттағы шеберлік пен төзімділік құндылықтарын дарыту.

Бүгінде ұлт зиялылары айтулы жобаға қолдау білдіріп, оның тек ұлттық спортты дәріптеуде емес, руханиятты жаңғыртуда, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде үлкен роль атқаратынын сеніммен айтып отыр. Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай болса қазақтың әрбір баласы мектеп жасынан атқа отырып үйрену керек деп есептейді. Жылқының жалында ойнаған бала ермінезді бала болып тәрбиеленеді дейді ол. Azattyq Ruhy тілшісі жазушымен сұхбаттасып, Қазақстанда алғаш рет өткелі отырған ат-марафоны жайында пікірін сұрады.

- Аға, сіздің шабандоз екеніңізді көпшілік біле бермейді. Әңгімемізді өзіңіздің аламан бәйгеге деген құштарлығыңыздан бастасақ.

- Балалық шағым Түркіменстанда өткен, 50-нші жылдары. Сол кезе біз 7-8 жасымызда атқа шабатынбыз. Иә, мен өзім кәсіби шабандозбын. Шын мәнінде нағыз шабандоз болмаған адам нағыз қазақ бола амайды бір жағынан. Ауылда бір ағамыздың жүйрік араби аты болды. Біз 1961 жылы Қазақстанға көшіп келдік қой. Сол кезде әлгі атты да ағамыз Алматы облысына алып келді. Дәл сол жүйрікпен мен 1964 жылы Алматының ипподромында халықаралық бәйгеге қатыстым және бірінші орынды жеңіп алдым. Бұл кезде 14 жаста болатынмын. Содан кейін шабандоздардың өнеріне қарап, айқайлап тұрып ләззат алатынбыз, кейіннен шабандоздықты қойдық. Бірақ, жүйрік ат деген біздің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған. Сондықтан, ұлтжанды қазақ болып қалыптасу үшін адам бір ұлттық рухани ұясынан нәр татқан болуы керек.

- Осы жексенбі күні «Ұлы Дала Жорығы» атты тұңғыш республикалық ат марафон-бәйгесінің басталғалы жатқанын білесіз. Бұл марафоннан ұтарымыз не?

- Марафон туралы ақпаратты ең бірінші біз ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевттың аузынан етідік. Бұл бізді бір жалт қаратқан ақапарт болды. Сосын бұл шараға «Алтын қыран» қоғамдық қоры араласты. Оның басшысы Исламбек Салжанов деген азамат.

Бұл марафонның тарихта теңдесі жоқ. 1 мың 200 шақырымдық жолды сонау астанамыздан Түркістанға дейінгі жолды жүріп өтетін, 100 шақты ат қатысатын бұл ат марафоны туралы естігеннен кейін мынандай ойға келдік: сөз жоқ, ұйымдастырушылар доданың мағынасын жақсы түсінген екен.

Шынында да, ат беліне отырып бәйгеге қатыспаған ұл бала көп жағдайда қазақ болудың не екенін, қазақтың рухы қандай болу керегін ұқпауы да мүмкін. Сондықтан мен ойлаймын, ат спортын насихаттау ұрпаққа өте қажет нәрсе. Әсіресе қазақтың ұлттық бренді ретінде насихатталуы керек. Бұл әр қазақтың қанында бар. Бүкіл елімізде қазақтың балалары атқа мінетіндей мүмкіндікке ие болу керек деп ойлаймын.

- Бірақ, мүмкіндік барлық өңірде бар деп айта алмаймыз. Ипподром облыс орталықтарында бар болған күннің өзінде ол ақылы, жұрттың бәріне қолжетімді емес. Балаларды атқа қалай мінгіземіз?

- Қазір киноға бармайтын бала болмайды ғой. Анда-санда кинотеатрға барады. Дәл сол сияқты ипподромға да баруы керек, сондай қолжетімді болуы керек. Оқушыларды бүкіл сыныбымен бір мезгіл ат спортына алып баруға болады ғой?! Бала мектеп қабырғасында жүргенде атқа мінуді үйреніп, жылқының жалында ойнаса сөзсіз мінезді ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз. Ат беліне мініп бір шоқытып шапқан бала ол басқа бала болады.

Біз 1 сыныпқа бармас бұрын атқа отырып, батыр болсақ деп армандайтынбыз. Негізі ұл баланың ата-бабасының ұлы рухын сезінуіне ең жедел мүмкіндік беретін осы спорт түрі деп ойлаймын. Керек десеңіз, қазақ баласын қазақ етіп тәрбиелу үшін 1-сыныптан бастап аттың беліне отырғызу керек.

Бірде мынадай қызық жағдай болды. 1990 жылдың басы болуы керек, Алматы облысы Кеген ауданында ат жарысы болды. Ең соңғы айналымда бәйгеде келе жатқан шабандоздар әруақ атап шақырды. Сонда мына жақта тұрған біздің көден жас ыршып шығып кетті. Жүректің шымырлағанын айтып түсіндіре алмаймын. Бұл ғажап нәрсе ғой. Біз әруақ дегеннің не екенін білмесек, шабандоз болудың не екенін білмесек сондай әсер алмас едік. Мінекей қараңыз, сол үшін кішкентай кезінде шабандоз болып өскен бала, оның құдіретін, қасиетін сезген қазақ баласы үлкейгенде сол шабандоз күйінде қалады. Оның рухы ешқашан өшпейді.

- «Ұлы Дала Жорығы» додасына қатысатын шабандоздарға қандай кеңес айтар едіңіз?

- Мынандай ұсыныс айтқым келеді. 12 күндік марафонға шамамен 100 шабандоз қатысатын болып отыр ғой. Сол 100 шабандоздың әрайсысы әрбір өңірден қатысады екен. Сонда барлық өңірдің шабандоздары қатысады. Олардың әрбірі батырлардың атын алса деп едім. Әр шабандоз бір батырдың әруағын атап, соның ұрпағымын деп шықса деймін. Мысалы, біреуі мен – Қабанбаймын, тағы бірі – Бөгенбаймын, Абылаймын, Барақ батырмын, Есет батырмын, Бекет батырмын деп қажетті жерінде әруақты шақырып отырса деген ойым бар. Оның тағы бір мәні бар. Қазақ қашанда қиын-қыстау шақта әруақты шақырған. Жарысқа қатысатын шабандоз балалардың барлығының да әруақ деп шақыратын ата-бабасы бар. Бұл үлкен резонанс, дүмпу тудыратын, қазақтың қазақтығын ұмытпағанын, селт еткізіп оятатын және өзінің тарихына көз жіберетін, сезінентін үлкен бір іс-шараға айналар еді.

- Өткелі отырған марафон ұлттық идеологияның дамуына қаншалықты серпін береді? Бұл додадан топ жарған командаға 30 миллион теңге, 2-ші және 3-ші орын иегерлеріне сәйкесінше 20 миллион теңге және 15 миллон теңге беріледі. Бұдан бөлек, жарыс барысында барлық қатысушылар демалыс орындары, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Бәйге басталмай жатып мұндай шығын шығарып, дода ұйымдастырудың қажеті жоқ деп жатқандар бар. Мұндай пікірегі азаматтарға не айтар едіңіз?

- Бұл ұлттық ойын ғой. Бұл әңгіменің бер жағы. Мұның арғы жағында ұлтты қорғайтын батырларды дайындау деп білемін. Қазірден бастап оларды Отанын, елін-жерін қорғауға, отбасын, қарындастарын қорғауға дайындау деп білемін. Дәл қазір біздің көз алдымызда Украинада Отан соғысы жүріп жатыр. Егер де украин халқының батырлары жоқ болса жағдайы не болар еді? Ең алғашқы үш күннің ішінде тізе бүккен болар еді. Құдайға шүкір, олардың батырлары бар екен. Соның арқасында Отанын қорғап жатыр. Ондай күн кімнің басына қашан туатынын Құдайдың өзі біледі. Біздің басымызға ондай күн тумайды деп отырудың өзі аңғалдық болады. Сондықтан, бүкіл ұлтты патриоттық, күрескерлік рухта, отансүйгіштік рухта дайындауға осы ат спортының рөлі өте зор дегім келеді. Бірақ мұны ешқандай да өзге ұлтқа бағыттамау керек. Тек қана ел қорғауға спорт арқылы дайындайтын үлкен шараның басы деп қабылдаймыз. Өзге ұлттың балаларын да осы спорт түріне жұмылдырсақ, олар да қазақ болып шығады деген ойдамын. Ұлымыз да, қызымыз да қатысуы керек. Өйткені, Отан қорғайтын Жанна Д’арк, Томиристер керек бізге.

Бұл үкен спорттық әрі идеологиялық жоба болғандықтан, одан қаржыны аяу шолақтық болады деп ойлаймын. Жалпы далаға кетіп жатқан ақша көп қой. Шенеуніктердің қалтасына кетіп жатқан миллиардтар тағы бар. Солармен дауласу керек. Ал енді мынау ұлттың рухын көтеретін спорт және өнер түрлеріне ақшаны аяу шолақтық болатын еді. Шашылсақ дәл осы салаға шашылсақ артық емес. Әрине, оның нәтижесі бірден көрінуі қиын. Бірақ осы шарада қандай кемшілік болды, оны қалай толықтырамыз деген сұрақтар өзінен-өзі туындайды, реттеледі. Ал жыл сайынғы үлкен спорттық шараға айналып кетсе ұрпақ тәрбилеудегі рөлі орасан болар еді деп есептеймін.

- Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен марафонға 1 командадан қатысады. Сіздің пайымыңызша, қай өңірдің шабандоздары ақтық мәреге бірінші жетуі мүмкін?

- 12 күн жүру қазіргі балаларға ауыр, әрине. Бірақ біздің бабаларымыз өмір бойы аттан түспеген. Меніңше, бұл жарысқа 12 күнге шыдайтын, әбден дайындалған шабандоздар қатысады. Олар ат беліне бүгін отырған жоқ, олар талай бәйгеге қатысқан балалар ғой. Бұл бәйгенің тағдырын ат шешеді деп ойлаймын. Адамнан гөрі ат шешеді. Ат мықты сейістің қолынан өтуі керек. Сейістер ат баптауда олардың жанында болады. Ат шаппайды, бап шабады қашанда. Ендеше, сол атты баптау, уақытында жемдеу, алыс-жүріске баптау сейістердің қолынан келеді. Олар атты жаратуды жақсы біледі. Олар қарапайым аттың өзін қазанат қылып жаратады. Жылқыларды таңдауда сөзсіз екі ат бірге жүреді. Өйткені 100 шабандозға 200 жылқы берілетін болып отыр екен. Бұл дұрыс. Бұрынғының жауынгерлері де сөйткен. Ең басты мақсат 12 күнге шыдайтын шабандоздарды таңдау.

Аламан бәйгелер қалаларда дәстүрге айналды деу қиын. Жалпы қазағы көп өңірлер бар ғой, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Атырау дегендей. Меніңше, осы жақтың балалары да, аттары да бәйгеге төтеп береді.

- Сұхбатыңызға рақмет!