Жаңа Қазақстаннан әділетті, адам құндылығы мен теңдігі сақталған қоғамда өмір сүруді күтемін - сұхбат

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универсиеті ректорының кеңесшісі Әйіп Ысқақовпен сұхбат

Фото: ашық дереккөзден

Заң алдында билік пен халық тең. Еліміз алған бағытынан таймай, барлық салада жүйелі жұмысты қайта құруды жеделдетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы мәселелерге ерекше тоқталды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универсиеті ректорының кеңесшісі Әйіп Ысқақов маңызды құжат жайындағы ойымен Azattyq Rýhy тілшісімен бөліскен еді. 

- Президенттің биылғы Жолдауы көңіліңізден шықты ма? 

- Бұл Жолдаудың ең басты құндылығы қатерлі қаңтардан кейін көпшіліктің көңілінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап беріп, ертеңгі күнге деген күдігімізді сейілткені дер едім. Өткенге топырақ шашпай терең талдау жасап, келешекте даму жолымыздың басты бағыттарын анықтап берді. Сондықтан осы жолдау мен күткеннен де асып түскен бұрын ел басшысының ауызынан шықпаған жаңаша ойлауға бағытталған жолдау болды. 

- «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деді Президент. Жаңа Қазақстанды қалай елестетесіз, не күтесіз?

Кеңес заманында жариялылық, қайта құру саясаты басталып, аяғы еліміздің тәуелсіздігін алумен жалғасқан заманда бәріміз жарқын болашақтан үмітті болдық. Амал қанша, көп үмітіміз ақталмады. Осы жолдау мені сол бір жылдары сөне бастаған үмітімді қайта оятқандай болды. Қазақ бай тарихы бар халық ретінде өзінің мемлекетін құрып отыр. Ұлт есебінде тілі мен ділін дамытуға құқылы. Жаңа Қазақстаннан алдымен осыны күтемін. Адам баласының ең басты арманы - әділетті, адам құндылығы мен теңдігі сақталған, адал еңбекке негізделген қоғамда өмір сүру. Жаңа Қазақстаннан мен осыны күтем.  Қазақ - қиын заманда жәбір көрген талай ұлт өкілдерін бауырына басқан халық. Абай атамыз өсиет қылғандай, адамзат баласына тең көзқараспен қарап, ұлтымызға тән осы асыл қасиетімізді еселей түседі деп сенемін. 

- Президент Жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына айрықша тоқталды. Қуатты өңірлерді дамыту мемлекеттің басты ұстанымы екенін айтты. Қазақстан картасында жаңадан 3 облыс пайда болады. Бұл мәселе бүгінгі қоғам үшін қаншалықты өзекті?

- Кез келген мемлекет алдымен халқының тұрмыс жағдайын оңалтуды басты мақсат етуі керек. Адамдардың тұрмысы көп жағдайда әкімшілікпен байланыста болғандықтан олар қол жетімді болуы керек. Екіншіден, жаңадан құрылған үш облыстың атауы көп нәрсені аңғартып отыр. Толық адам философиясын жасап кеткен данышпанымыз Абай, қазақтың ежелгі тарихының бастауы Ұлытау, жер жәннаты Жетісу аттарын берудің астарында үлкен нәрсе жатыр, оны жеке талдап та жазуға болады. Сондықтан осы облыстарды құрып берген атаулары қазіргі қиын кезеңде халқымыздың рухын жандандырып, бойларына қуат беретіндігімен де ерекше.

- Президент  облыс, қала әкімдерін сайлау тәртібіне, сайлау жүйесіне жаңашылдық енгізілетінін айтты. Сіздің ойыңызша бұл реформа қандай нәтиже бермек? 

- Қайта құру заманында сайлаулар басталып, халықтың белсенділігін арттырған еді. Амал қанша, 30 жыл ішінде адасып қайта кеңес заманындағы әкімшілдік әміршілдік заманға қайта келдік. Жолдауда осы жүйені бұзып, халықтың бойындағы тылсым күшті мемлекетімізді дамытуға пайдалануға жол ашу көзделген. Тек іс жүзінде дұрыс пайдаланып, жеке бастың пайдасын емес, еліміздің мүддесін ойлап жүзеге асыруымыз керек.

- Елімізде бұған дейін бір ғана партия басымдыққа ие болып келгені белгілі. Партия тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Мұндай жаңашылдықтан не күтесіз?

- Партия дегеніміз адамдардың бойындағы күш жігері мен талаптарын біріктіріп, бір ортақ мақсатқа жұмылдыратын құрал ғой. Компастың төрт бағыты болатындай, партиялар да қоғамымыздың даму жолдары туралы өз жобаларын ұсынып, саясатқа араласқаны басшылық үшін де, халық үшін де пайдалы. Барлық ресурстарды бір партияға шоғырландырып, өздерінің жымысқы саясатын бүркемелеуге пайдаланудың неге соғатынын көрдік қой. Сондықтан жолдау осы мәселені орынды қозғап отыр.

- Президент Қазақстанда болатын саяси реформаларды айқындап берді. Еліміз үшін осындай жауапты сәтте халық қалай әрекет етуі тиіс?

- Халқымызға керек нәрсені хакім Абай «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деп айтып кетті. Соны тағы бір зерделеп, сырын ұққанын қалар едім. Сосын алдымен бірлік керек. Қазір бас басына билік айтып, саясаттың білгіріне айналғандар, тіпті ел ішінде іріткі салып арандатушылар көбейіп кетті. Халық алдымен солардан абай болуы керек. Жақсы адал ұлдарын дұрыс тани біліп, соның қолдаушысы болса екен деп те тілеймін.

- «Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс» деді Президент. Осы елдің азаматы ретінде жаңа Қазақстанның құрылуына өзіңіздің қандай үлесіңізді қосқыңыз келеді?

- Жолдаудың ең бір құнды жері осы ойлар дер едім. Әр адамның «Мені» бар ғой. Ия, «мен не бере аламын еліме» деген ой көптің бойында бар шығар. Кешегі Сұлтанмахмұт атамыз жас бала кезінде ақ қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға талпынғаны бәрімізге үлгі болуы керек. Мен ауыл шаруашылығы ғылымы мен білімі саласы қызметкері ретінде осы кезге дейін жинаған тәжірибеммен бөлісіп, жастарға үйретуді мақсат еткем, мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдармен жиі кездесулерге барамын. Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласында ғылым мен өндірісті қалай ұштастыруға болады, білім тарату жүйесін қалай дамытамыз, озық тәжірибелерді қалай ендіреміз деген мәселелерді де көтеріп жүрмін. 

Қазір әлемде төртінші өнеркәсіптік революция заманы, осы орайда Халықаралық ғылым және инновация кеңесінің мүшесі есебінде елімізге озық тәжіририбелерді ендіру мәселесімен де айналысамын. Төртінші, қазір әлеуметтік жүйе күшті ақпараттық құрал болып отыр. Осы бағытта да қоғамымызға байланысты түйген ойларым мен көргендерімді жазып, позитивтік, яғни жағымды контентпн толтыруға күш саламын. Ауылдан шыққан азамат ретінде туған еліммен үнемі байланыстамын, ауылымызды дамыту туралы ойларымды айтып ел адамдарына ақыл кеңестерімді беріп тұрамын. Сондықтан Жолдаудағы әркім өзінен бастауы керек деген мәселеге мен толықтай қосыламын.

-Сұхбаттасқаныңызға рахмет!