30 жылда білім беру саласына қыруар қаржы бөлінді, бірақ білім сапасы әлі төмен – сарапшы мұның себебін айтты

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Білім жүйесіндегі аяқсыз қалған реформалар, министрлікті үшке бөлу тәжірибесі және Аймағамбетовтің батыл шешім қабылдай алмауы туралы

«US News & World Report» сарапшылары 2021 жылғы білім беру саласындағы үздік елдер рейтингін әзірледі. Қазақстан 78 мемлекеттің ішінде 71-орынға ие болды. Рейтингтің алғашқы үштігінде – АҚШ, Ұлыбритания және Германия. Ең төменгі позиция Гватемалаға тиесілі. Рейтингке қатысатын ТМД елдерінің ішінде Қазақстан тек Өзбекстанды басып озды. Бізден жоғары орындарға Ресей, Украина, Беларусь және Әзірбайжан ие болып отыр.

Қазақстан үкіметі білім саласына жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлгенімен, елдегі білім деңгейі осы секілді халықаралық рейтингтер жарияланғанда көрініп қалады. Яғни, жұмсалып жатқан қаржы, атқарылған жұмыстардың нәтижесі әзірге осы 71-орын немесе Гватемаланың о жақ, бұ жағы болып тұр.

Жалпы, білім саласының деңгейі туралы айтқанда ең алдымен басы бар, аяғы жоқ реформалар еске түседі. Бір министрдің бастаған ісін келесісі жалғастырмайтыны тағы бар. Жүйедегі кедергілер туралы Azattyq Ruhy тілшісі Кембридж университетінің түлегі, жас кәсіпкер, білім беру саласына ақпараттық технологияларды енгізу жөніндегі сарапшы Нұрмұхамед Досыбаевпен әңгімелесті.

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕ ЖАСАЛУЫ ТИІС ЕКІ ӨЗГЕРІС

Миллиардтаған қаржы дұрыс жұмсалу үшін Қазақстанның білім жүйесінде екі нәрсені дұрыс жасау керек. Біріншіден, білім сапасын қадағалау жүйесін, содан кейін білім саласындағы кәсіби біліктілікті қадағалау жүйесінің тәртібі өзгеру қажет. Білім және ғылым министрлігінің осы айтылған ұстанымдармен келіспеуі аталған өзгерістерді енгізуге кедергі келтіріп отыр. Олар білімнің сапасын қадағалайтын органның министрлікке бағынышты болғанын қалайтын болар. Себебі, бұл олардың қызығушылығында. Екіншіден, біліктілікті шығару жүйесі де мемлекет меншігінде.

Халықаралық тәжірибелерде дәл осы екі жүйе билікке тікелей бағынбайды, олар қоғамға бағынады. Мәселен, дәл осы екі жүйені Ұлыбританияда қоғам қадағалап, қоғам бақылап отырады. Жалпы білім жүйесінің өзі де, білім беретін оқу орындары да мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады, бірақ билікке тікелей бағынышты емес. Билік қаржыландыру міндетін ғана атқарады, ал стратегиялық шешім қабылдау, басшылық лауазымдарға адамдарды тағайындауды билік шешпейді. Мұндай уәкілеттілікті қоғамға берген. «Қазақстан халқына» қорының аналогі сияқты. Билік аталған қордың құрылуына әсер етіп, оның статусын заңмен белгіледі. Қордың қызметкерлеріне қоғамдағы белсенді азаматтарды қамқоршы ретінде тағайындап, оларға құзырет берді. Шетелде жоғарыда айтқан екі органды заң жүзінде құзыреті бар қамқоршылық кеңестер басқарады.

Англияда сондай екі ұйым бар, оның бірі Ofqual – біліктілік сапасы, емтихандар мен тестілеулерді бақылайтын басқарма. Ofqual білім беру саласындағы тест орталықтарына лицензия береді. Сол лицензия негізінде бизнес тестілеу жасаумен айналысады. Егер олар лицензия берген тест орталығының базасында коррупция болатын болса, онда сол орталыққа келген маманның өз жұмысына лайық болмай шыққаны. Жұмысқа алушы ол қызметкердің кәсібилік сертификатын қай орталықтан алғанын анықтай отырып, Ofqual-ға шағым түсіреді. Тексеріс нәтижесіне байланысты Ofqual аталған орталықтардың сертифкатын алып қойса, бизнес банкротқа ұшырайды. Қоғам тарапынан басқарылатын екінші орган – Ofsted. Бұл орган білім жүйесіне сыртқы мониторинг жүргізумен айналысады. Мониторинг нәтижесінде есеп пайда болады, ол есеп Премьер-министрдің алдына қойылады. Осы есептің нәтижесіне орай, Премьер білім министрлігінің атқарып жатқан жұмысына баға береді.

Ал бізде сапаны тексеретін орган министрліктің өзінің астында комитет ретінде жұмыс істейді және үкіметке білім сапасы туралы есепті өздері әзірлейді. Осыдан кейін білім сапасының төмендеуіне кімді кінәлай аламыз, өз қолын ешкім өзі кеспейді ғой?!

Мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы екі ұсынысты ұсынамын. Қазақстанда кәсібилікті анықтайтын ұйым әлі күнге дейін жоқ, соны құру керек. Біліктілікті арттыру ұлттық орталығын (НЦПК) тәуелсіз секторға шығару қажет.

«ПЕДАГОГТЕРДІҢ АЙЛЫҒЫ ЖОО-дағы ПРОФЕССЕОРЛАРДАН ТӨМЕН БОЛУЫ КЕРЕК»

Педагогтерді дайындау сапасын арттыру үшін жоғары оқу орындарындағы педагогтердің жағдайын өзгертуден бастау керек. Мәселен, мектептердегі қарапайым мұғалімдер 200-300 мың теңге айлық алады, ал педагогикалық оқу орындарында соларды дайындайтын профессорлар мен ректорлардың өзі солардан төмен жалақыға ие. Тіпті, тең алған күнде де бұл дұрыс емес. Сені оқытатын профессордың кәсібилігі міндетті түрде сенен жоғары болу керек, дәрежесі жоғары болған соң еңбекақысы да соған сай келуі тиіс. Олардың төмен жалақы алуы әділетсіздік және қисынсыз. Педагогикалық оқу орындарын реформалау қажет.

Мұның бәрі айналып келгенде БҒМ-нің айналысуы тиіс жұмыстар. Педагогикалық оқу орындарына ие бола алмай отырғандары ұят нәрсе. «Өрлеу» орталығы да тікелей министрлікке қарайды, жұмыс бастан асып жатыр. Ал олар мұның бәрін шешуге үлгере алмай жатыр.

Англияда білім саласына қатысты төрт министрлік бар (білім, ғылым, жеке меншік білім, отбасы және бала), бізде бәрі бір министрліктің ішінде. Қазақстанда министрлік мемлекеттік пен жекеменшік оқу орындарының бәріне бірдей бұйрық шығарады. Ал олардың жағдайы әртүрлі. Көрші Өзбекстанның өзінде үш министрлік бар, оларда балабақша бөлек, орта білім бөлек және жоғары оқу министрлігі мен ғылым бөлек. Ақыры сапа көрсете алмай, реформаларды игере алмай жатыр екен, ендеше біз өзгерісті талап етуіміз керек. Мұны Президент қолдамаса, ыңғайлы орынға жайғасып алған министрліктегілерге мұндай қосымша жұмыстар керек емес.

Қазіргі жүйе бәріне ыңғайлы болуы мүмкін, бірақ мемлекет үшін тиімсіз. Бізде реформа көп жасалады дегенімізбен, шындығында олардың ешқайсысы реформа емес, техникалық өзгерістер ғана. Реформа бір рет және нақты жасалады. Оның фундаментін мықты етіп құйып, қабырғасын қалайсың. Ал біз фундаментіміздің үстіне қабырға тұрғыза алмай жатырмыз, әр құрылған қабырған құлап қала береді. Соңында мұғалім де, ата-ана мен оқушы да шаршайды. Өзгерістің барлығын мемлекеттік білім жүйесін басқаруды реттеуден бастау керек.

«МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС САЙЛАУЫ ТИІС»

Мектептерді әкімдік басқарады, директорды да білім Басқармалары арқылы солар тағайындайды. Билікке бәрін өз уысында ұстап отыру тиімді. Мектептер әлеуметтік сала болған соң, адам көп... Сайлауға әлі күнге дейін ұстаздар тартылады. Шетелде білімге саясат және дінді араластырмау керек деген қағида бар. Дәл осы екі мәселе әрқашан алауыздыққа апарады. Мектептерде саяси көзқарасы, діни көзқарасы екі түрлі адамның балаларының оқуына жағдай жасалуы керек. Саясат пен дін араласқан жерде зиянын тек балалар тартады. Мектептердің саяси жүйеге мүлдем қатысы болмауы керек, себебі жүйе өзгермелі. Ол үшін мектеп директорын «Қазақстан халқына» қоры сынды қамқоршылық кеңестер тағайындау керек. Қамқоршылық кеңес дегеніміз – қоғам, себебі мектеп саяси жүйенің балаларын емес, қоғамның балаларын оқытып жатыр. Саяси жүйе кетеді, қоғам мен оның балалары қалады.

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БИЗНЕСТІҢ ХАЛІ ҚАЛАЙ?

Мемлекет қазынасынан білім мен ғылыма ақша құюды және білім саласындағы жекеменшік бизнеске ақшаны аямау керек. Бүгінде елімізде кемі 1 000 мектеп салынуы қажет. Жеке кәсіпкерлердің арқасында көптеген мектеп сапалы және жылдам салынады. Өкінішке қарай, қазір мемлекеттің қабылдап отырған жүйесі екі ауысымдық мектеп мәселелерін жоюға бағытталмай отыр. Екі ауысымды жүйеден құтқару үшін білім саласына көп қаржы құйылып, білім секторындағы жекеменшік бизнеске жеке 10% салықтан босату, жеңілдетілген несие беру сынды жағдай жасалуы керек. Инфрақұрылымға мемлекет ақша құймай отыр, зардабын қаладаға мектептің оқушылары, ата-аналары, мұғалімдері шегіп отыр. Ауылдарда екі ауысымдық мәселесі аз, себебі бала аз.

1991-2022 жылғы мектептер санын салыстыратын болсақ, 91 жылы мектептер саны шамамен қазіргіден 1000 мектепке көбірек болған. Бірақ табиғи миграцияға байланысты жыл сайын ауылдағы мектептер жабылып жатыр. Ауылдағылар қалаға көшіп жатыр екен, демек қалаларда мектептердің қажеттілігі жоғары. Мектеп салу бюрократия, сыбайлас жемқорлыққа алып барып жатыр. Сол себепті мемлекет мектептерді жекеменшік бизнеске беруі керек.

Мен өзім мектеп салумен айналыстым, мемлекеттен несие алу үшін құны миллардтарды құрайтын жеке мүлікті кепілге қою керексің. Біз мұндай жүйемен мың мектеп сала алмаймыз. Елдің 95% баласы екі ауысымдық мектепте оқиды, салдарынан балалар түске дейін сабақ оқып, түстен кейін қаңғып жүреді. Кей шамасы жеткен ата-ана баласын ақша шығарып, қосымша курсқа тасиды. Қаладағы кептелістерге себепші факторлардың бірі де осы. Одан бөлек, балаларын мектепке жіберетін аналар жұмысқа шыға алмайды. Бір ауысымды мектеп жүйесін қолға алса, көптеген әйел қалауына орай жұмыс істеуге мүмкіндік алатын еді. Мәскеуде балалар таңертеңнен кешке дейін мектептің ішінде, сабағын оқиды, қосымшасын өтеді, түрлі үйірмелерге қатысады, үй жұмысын орындайды. Балабақшалардың өзі таңғы жетіден бастап кешкі жетіге дейін жұмыс істейді. Міне, осы тәжірибелерді жүзеге асыру керек.

БІЛІМ СЕКТОРЫНДАҒЫ ЖАЛАҚЫ БІР ЖЫЛДА 14,3% ӨСКЕН

Ranking.kz мәліметінше, 2021 жылдың төртінші тоқсанында білім беру саласы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 219,2 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыға қарағанда 24,2% артық. Сектордағы жалақының нақты сатып алу қабілеті бір жыл ішінде 14,3% өскен. Қазақстандағы орташа айлық жалақы 275,6 мың теңгеге жетті, бұл білім беру саласындағы айлықтан 25,7% артық.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың дәл осы кезеңінде білім беру саласы қызметкерлерінің ЖМП 176,5 мың теңгені құрады. Сектордағы ең жоғары жалақыны жоғары білім беру қызметкерлері (299 мың теңге), ең төмен жалақыны – мектепке дейінгі білім беру қызметкерлері (112,6 мың теңге) алады.

Орта білім беру секторында қызметкерлер – 246,9 мың теңге, қосалқы білім беруде – 203,7 мың теңге, бастауыш білім беруде – 180,1 мың теңге, білім берудің басқа түрлерінде –  175,4 мың теңге алады. Өңірлік бөліністегі секторда ең жоғары жалақыны елорда жұмыскерлері алады: 344,5 мың теңге (бір жыл бұрынғыға қарағанда 15,7% артық). Көшбасшылар үштігіне Алматы (265,4 мың теңге) және Алматы облысы (247,4 мың теңге) кірді. Білім беру қызметкерлерінің ең аз айлық көрсеткіші Батыс Қазақстан облысында – 181,7 мың теңге.

Өткен жылдың төртінші тоқсанында секторда 1,1 млн адам жұмыс істеді, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 1% көп. Білім беру саласында жұмыспен қамтылғандардың көпшілігі Түркістан облысында тіркелген: 142,9 мың адам, жылдық өсім – 3,2%. Көшбасшы өңірлердің үштігіне Алматы облысы (128,6 мың адам) және Алматы (91,2 мың адам) кірді.

Жұмыспен қамтылғандардың ең азы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – 35,2 мың адам.