Жетім балалар санынан сәби сүюді аңсайтын жұптар басым – маманмен сұхбат

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Қазақстанда ата-ана қамқорынсыз қалған балалар саны азайған

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 20 мыңнан астам жетім бала бар. Мамандардың айтуынша ата-аналардың бауыр етінен бас тартуына көбіне маскүнемдік, нашақорлық пен әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп. Жанары жаутаңдаған талай жетімге пана болған Петропавл қаласындағы сәбилер үйінің ашылғанына бір ғасыр толды. 100 жылда мекемеде жаңа туған шақалақтан бастап, 3 жасқа дейінгі 10 мың балғын тәрбиеленді. Балаларды үшке толғанша туған ата-анасы алып кетпесе немесе асырап алатын азаматтар табылмаса, жетімдер үйіне жіберіледі.

Сатистика бойынша, петропавлдық ата-аналардың 40 пайызы ғана балаларын қайта алып кеткен. Ал тәрбиеленушілердің 30 пайызы жаңа отбасын тапты. Бүгінгі күні сәбилер үйінде ата-ана қамқорынсыз қалған 24 бала бар. Олар 100-ге жуық маманның – тәрбиешілердің, дәрігерлер мен медбикелердің қамқорлығында. Мекемеде заман талабына сай жарақтандырылған музыка залы, денсаулықты түзеуге арналған логопед, физио, сенсор, дене шынықтыру кабинеттері жұмыс істейді. Бірақ мұның барлығы бала үшін ата-ананың махаббатын алмастыра алмасы анық. Azattyq Rýhy тілшісі тастанды сәбилердің тағдыры жайында Петропавл сәбилер үйінің директоры Лилия Федотовамен сұхбаттасқан еді.

- Ата-аналардың бауыр еті балаларын тастап кетуіне әдетте не себеп болады? Сәбилер бұл мекемеге қалай келеді?

- Әрқайсысының оқиғасы әр түрлі. Бір-біріне ұқсамайды. Ол жайында жеке статистика жүргізілмейді. Бір қуантарлығы, қазір перзентханада сәбиін тастап кететін аналар азайды. Тіпті некен-саяқ деуге болады. Біздің мекеме 75 орынға шақталған. Қазір 24 сәби тұрып жатыр. Олардың басым көпшілігі өздері немесе ата-аналары қиын жағдайға тап болған. Мәселен, шешелері маскүнемдік, нашақорлыққа шалдыққан, бас бостандығынан айрылған. Науқас балалар бар.

Бізде «Үміт» тобы бар. Аналар балаларын уақытша қалдырады. Жағдайы дұрысталғаннан кейін алып кетеді. Олардың өтінішіне сәйкес 6 ай бойы ата-ана құқығы сақталады. Оны жарты жыл сайын ұзартып отыруға болады. Егер әйел хабарсыз кетсе, қамқоршылық ұйымдары арқылы іздеп табамыз. Өйткені баланың өз отбасында тұрғанына ештеңе жетпейді. Біздің мекемеде мүмкіндігі шектеулі 12 баланы ата-аналары күндізгі топқа алып келеді. Олар сауықтыру курстарынан өтеді. Диагноздары әр түрлі.

- Жетім балаларды шетелдіктер жиі асырап ала ма?

- Қазір шет елге бала жіберуге рұқсат жоқ. Бірақ Қазақстанға, оның ішінде біздің мекемеге келіп балалы болып кеткендер бар. Біз алдымен өз азаматтарымызға басымдық береміз. Ортақ база бар. Бала туралы ақпарат сонда орналастырылады. Егер елімізден оны өз отбасына алуға ешкім ниет етпесе, ақпаратты шетелдіктерге ұсынамыз. Қазір елімізде сәби сүюді аңсап жүрген жұптар көбейді. Олардың саны жетім балалардан әлдеқайда басым. Жасанды жолмен ұрықтандырудан нәтиже шықпаған ерлі-зайыптылар үшін соңғы үміт – жетім сәбилерді бауырына басу. Кандидаттар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы құжат тапсырады. Кейін қағаздар қамқоршылық ұйымдарына жіберіледі. Электрондық кілт арқылы республикалық базаны қарай алады. Барлық баланы қарап, таңдап алады.

Былтыр 29 тәрбиеленушіміз туған отбасына оралса, 11-ін асырап алды. 2 бала 3 жасқа толуына байланысты жетімдер үйіне жіберілді. Мен үшін ең қиын сәт осы. Оларға өз отбасында өсу бұйырмағанына өкініш сезімі мен қоштасу сәтіндегі қимастықтан жанарыма жас келеді. Бірақ амал жоқ.

Өзім әкімдік жанындағы комиссия құрамында жұмыс істеймін. Кандидаттар жан-жақты қарастырылады. Баспанасы, тұрақты табысы, денсаулығы болуы шарт. Бала асырап алушыларға арналған 3 айлық мектеп бар. Ерлі-зайыптылармен психологтар жұмыс істейді. Өзім 10-нан артық баланы қамқорлығына алған отбасыларды білемін. Қоғамда мейрімді жандар баршылық.

- Сәбилер үйіндегі балалар туралы айтып берсеңіз. Мамандар олармен нақты қандай жұмыс жүргізеді?

- Балалар әр түрлі. Әлі ештеңе түсінбегендіктен психикасына айтарлықтай зиян келмеген. Денсаулығы жоқ балалар да бар. Өйткені көбі әлеуметтік жағынан сәтсіз әйелдерден туған. Бізге келгенде 1-2 жасқа келсе де, қасық ұстай алмайтындары болады. Сұйық тамақ дегенді не екенін білмейді. Өйткені үйінде бар жейтіні нан мен су.

Мекеме мамандарының барлығы дерлік тәжірибелі. 20-30 жылдан еңбек етіп жүргендер бар. Өйткені мұнда кездейсоқ адам сіңісіп кете алмайды. Жұмыс істеу үшін баланы жақсы көретін жан болуы шарт. Олар балаларға шыдамдылықпен барлығын үйретеді.

Бізде мүгедек балалар 4 жылға дейін болады. Туған ата-анасы оларды алып кетіп, тиісті күтім жасай алмағандықтан қайтыс болғандар тіркелді. Бізде соңғы 4 жылда мұндай жағдай болған емес. Қамқоршысы ретінде медициналық көмек қажет болғанда сәбилерді астанаға, шет елдерге дейін апаруға мүмкіндік бар. Балаларға арналған бассейн, сауна, логопед, монтессори, сауықтыру, массаж, психолог кабинеттері жұмыс істейді. Невропатолог, балалар дәрігері жұмыс істейді. Әрине, мұның барлығы әке мен ананың махаббатына жетпейтіні айпаса да түсінікті. Тек кей балалардың басынан өткен қиындықтарын білгенде олардың сәбилер үйінде тұрғаны дұрыс па деген ой келеді.

- Күн сайын балалардың жаутаңдаған жанарын көру, науқас сәбилермен жұмыс істеу қаншалықты қиын?

Оңай демес ем. Дегенмен, осындай мекеменің бары қуантады. Қаншама жетімге пана. Балаларға кәсіби мамандар көмектеседі. Балаларын тастап кеткен аналарға да кінә тағуға болмайды. Арасында шынымен өте қиын жағдайға тап болғандар бар. Олар қалайда проблемаларын шешіп, ұрпағын қайта алып кетіп жатады. Мұндай жағдайда бала үшін шын көңілмен қуанамыз. Сәбилер үйі 1921 жылы ашылды. Ал, 1984 жылы ол орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларға арналған мекеме болып өзгертілді. Мұнда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленеді. Оларға жүрек жылуы мен бар мейірімін сыйлап, қамқорлық көрсету біздің мойнымызда.

- Лилия Мұратжанқызы, уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рақмет!