Бибігүл Дәндіқарақызы осы музейде 18 жылдан бері қызмет етеді
5-7 қаңтар аралығында Қазақстанның бірнеше ірі қаласында болған бүліктен халық есін әлі жиып үлгерген жоқ. Болған оқиғалардың картинасы енді-енді анықталып келеді. Адам шығыны туралы ақпарат кеше ғана айтылса, материалдық шығын әлі де толық есептеліп бітпеген секілді. Ал, бұлармен қоса рухани құндылықтарға да зиян келген. Алматының өзінде бірнеше БАҚ ғимаратына, соның ішінде қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналған «Қазақстан» ұлттық арнасының ғимаратына шабуыл жасалып, бүлікшілер кеңселерді өртеп жіберген. Сондай-ақ, Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейінде де қақтығыстар болды. Десе де, музей басшылары мен қызметкерлері лаңкестерге тойтарыс беріп, аса құнды жәдігерлерді аман сақтап қалды. Осы оқиғалардың басты қаһарманы болған музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасып, бүлікшілермен қалай арпалысқанын айтып берді.
Сол күні таңертең қаладағы жағдайды естіген музей директорының орынбасары Бибігүл Дандықарақызы қызметкерлердің бәрін үйге қайтарып, бес-алты адаммен жәдігерлердің жанында қалған. Сағат 16.00-ден бастап, жетінші қаңтарға дейін бұл әйел Музейдегі бірде-бір жәдігерге қол тигізбей, мұраны да, қызметкерлерді де дін-аман сақтап қалған адам. Оның үстіне, бүлікшілер ұрып-соғып, тіпті атып кеткен қырыққа жуық әскериді музейдің жертөлесіне тығып, оларға қарапайым азаматтардың киімін әкелген жақындарын артқы есіктен кіргізіп, киімдерін ауыстырып, жаралыларға алғашқы көмек ұйымдастырған. Мұндай ерлік жасаған адамның қайда туғаны, қандай қызметте болғаны, отбасы қайда және қандай тіршілік ететіні туралы білгіміз келіп әңгімеге тарттық.
Бибігүл Дәндіқарақызы әлеуметтік желіде отырмайды. Қазір Мәдениет министрлігі Бибігүл Дәндіқарақызы мен сол күні жанында болған қызметкерлерді марапатқа ұсынбақ. Қандай марапат екені кейіпкеріміздің өзіне де құпия болып отыр.
- Сіздің музейге келген лаңкестермен қалай сөйлесіп, оларды тыныштандырып, оның үстіне, жаралы әскерлер туралы сыр білдірмей, жас балалардың өмірін құтқарғаныңыз туралы көп БАҚ жазды. Жаңа да шетелдік басылымға сұхбат беріп келе жатырмын дедіңіз. Бірақ, өміріңіз туралы ақпарат іздесек, интернетте түк шықпайды, суреттеріңіз де өте аз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші?
- Мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде директордың музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасарымын. Жаңа жылдан бері директордың міндетін атқарушы болып отырмын.
Мен 1968 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Желтораңғы ауылында Дінмұхамед Қонаев атамыздың туған жерінде дүниеге келгем. Сол ауылдың орта мектебін тәмамдап, 1985 жылы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. 1990 жылы оқу орнын аяқтаған соң мені Теміртау қаласына оқытушы ретінде жұмысқа бөлді. Сол жерде «Қазақстан тарихи» пәнінен сабақ бердім. 1990 жылдың ортасынан кейін Алматыға тұрақты тұруға көшіп келдім. Бірінші Орталық Азия университетінде «Қазақстан тарихынан» сабақ беріп, кейін денсаулығыма байланысты біраз уақыт жұмыстан қол үздім. 2003 жылдан бастап осы музейдің ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналастым. Ешқандай атағым жоқ, қарапайым тарихшымын.
- Отбасыңыз бар ма, неше балаңыз бар?
- Жолдасым осыдан үш жыл бұрын аяқасты өмірден өтті. Екі қызым бар, үлкені өзіммен тұрады, мен жалғыз қалдым. Кіші қызым Ыстамбұл қаласында графикалық дизайнер болып жұмыс істейді.
- «Мен туралы ақпарат аз, суреттерім жоқ, әлеуметттік желілерге тіркелмегенмін» дедіңіз. Неге?
- Мен әлеуметтік желіге қызықпаймын. Ол жақта негатив жаңалық көп, оны оқып, жүйкемді тоздырғым келмейді. Инстаграм мен Фэйсбукте отырмаймын. Әлеуметтік желіде мені ерлік танытты, бұзақылардан қорықпай, ұлттық мұрамыз бен мәдени құндылықтарды сақтап қалды деп жатыр екен. Таныстарым көрсетіп қояды, өзім тіркелмеген соң білмеймін. Бірақ, өзімді бір ерлік жасады деп ойламаймын, соны халық білсін деп ойлаған да жоқпын. Иә, екі күн қонып, үшінші күні қызметкерлерді аман-есен үйіне жіберген соң, өзім кеттім. Музейде болған кезде тек мәдениет министрімен сөйлесіп тұрдым. Мен ерлік жасадым жер еш жерде жариялаған жоқпын, туыстарым да, таныстарым да айтқан жоқ. Мен бұл оқиғаны тек аман қалғанымызға шүкір деп қабылдадым.
- Өкінішке қарай, осы «Алматы трагедиясында» бейбіт халық, күштік құрылымдардың ондаған қызметкері қаза тапты. Олардың біразына өлгеннен кейін атақ беріліп жатыр, тірі қалғандары да ерлігі үшін марапатталатыны белгілі. Ал, Сіздің және ұжымыңыздың ерлігі үшін сіздерге марапат беру туралы сөз болған жоқ па?
- Мен және менің жанымдағы қызметкерлердің тізімін Мәдениет министрлігі сұратты. Олардың барлығына қатысты ұсыныс жазып бердім. Бірақ, нақты қандай марапат беретінін әлі білмеймін. Бірақ, ондай әңгіме болып жатыр.
- Өз отбасыңыз туралы айтыңызшы...
- Әке-шешем ерте қайтыс болған. Төрт бауырым бар. Біз қарапайым отбасымыз. Үйіме келіп көрсеңіздер де болады, көлігім жоқ, қарапайым ғана үйде тұрамын. Атақ та, байлық та қуған жоқпын. Өз жұмысымды қатты жақсы көремін, музейдегі әр экспонатты жатқа білемін, олардың әрқайсысын жақсы көремін. 18 жыл жалықпай бір жерде жұмыс істегенім де сол, өз ісіме адалдығым шығар. Өкінбеймін. Музей мен үшін үнемі бәрінен қымбат дүние болып қалады.
- Сұхбатыңызға рақмет!