«Дос-Мұқасан» жайлы көркем фильм: туындының бас продюсерімен сұхбат

Автор: Аян Бекжанұлы

2022 жылы әйгілі топ 55 жылдығын атап өтеді

Қазақ эстрадалық музыкасының негізін қалаған «Дос-Мұқасан» тобы туралы алдағы жылы көркем фильм көрерменге ұсынылады деп жоспарланып отыр. Бұл – осы топ жайлы түсірілген алғашқы толықметражды фильм болмақ. Фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Aray Media Group» компаниясының жетекшілігімен түсірілді. Azattyq Rýhy тілшісі компанияның жетекшісі, фильмнің бас продюсері Айгүл Байбекпен арнайы жолығып, сұхбаттасқан болатын.

– Айгүл Қыдырғалиқызы, жақында ғана «Aray Media Group» компаниясы «Дос-Мұқасан» фильмін түсірді. «Дос-Мұқасан» әндерін әліге дейін сүйіп тыңдағанымызбен, Тәуелсіздік алған 30 жылда бұл топ туралы мүлдем фильм түсірілмеген екен. Сіздер осы олқылықтың орнын толтырдыңыздар десек болады. Идея авторы кім?

«Дос-Мұқасан» – Қазақстанда ғана емес, әлемнің талай елінде топ жарған еліміздің мақтанышы. Ұлттық өнерді өмірде болып жатқан өзгерістер мен заман талаптарына сай жаңа бір сапаға көтеріп, бүтіндей бір кезең жастардың қалыптасуына ықпал еткен өнер ұжымы деуге болады. Сондықтан, «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы фильм түсіру жан-жақты ойлануды талап етті. Топтың құрылуы мен әлем елдеріне танымал болуына дейінгі аралықтағы тарихы, ансамбль мүшелерінің дүниетанымдық көзқарасы мен өмірлік ұстанымдары, арман-мұраттары өз алдына бір төбе. Олардың еңбекқорлығы, өнерге деген құрметі мен жауапкершілігі бүгінгі мәдениетті қоғам үшін, соның ішінде өнерге таласы жастар үшін үлкен өнеге бола алады. Осы жайттардың барлығын жинақтай келе өнердегі аға буын өкілдері туралы фильм түсіру қажет деген шешімге тоқтадық.


Айгүл Байбек

Бұл 2018 жыл болатын. Әдетте жылдық қорытындылар кезде компания қызметкерлері бас қосып, алдағы жылдың жоспарын бекітеміз. Азды-көпті тәжірибеміз бар, портфолиомызда бірнеше сериал жинақталған. Сондықтан осы фильмді түсіре алатынымызға сенім болды. Әрі сол уақыттары прокатта әлемге әйгілі британдық «Queen» рок-группасы туралы «Богемская рапсодия» өмірбаяндық музыкалық фильмі жүріп жатты. Бұл да ойымыздың беки түсуіне әсер етті.

«Дос-Мұқасан» біздің брендіміз, қазақ эстрадасының негізін қалаушы ансамбль ретіндегі орны үлкен. Екіншіден, өнер тарихымыздағы бұл ансамбльдің өзіндік орнын айғақтайтын, мақтанышымызға айналдыратын, кейінгі буын өкілдеріне таныстыратын және насихаттайтын еңбектер тым жұтаң екенін көрдік. Уақыты келді. Енді кешігуге болмайды, өйткені жарияланбаған көп мәліметтер ансамбль мүшелерінің өздерінде қалып отыр. Ансамбльдің тарихын, мүшелерінің мақсат-мұраттарын өз ауыздарынан ести отырып фильмге арқау етудің маңызы зор. Бұл біздің «Дос-Мұқасан» ансамбліне көрсеткен құрметіміздің белгісі деуге болады.

Ары қарай идеяны режиссер Айдын Сахаман мен сценарист Ефрат Шарипов қоштап, кейіннен түсірілім барысында кино саласындағы кәсіби мамандар жобаға тартылып, идеясы ортақ бір үлкен шығармашылық топқа айналдық.

– Сол уақытта «The Beatles» тобының әндері әлемге танымал еді. Ал қазақ жерінде «Дос-Мұқасанның» өнерге жаңадан қадам басып келе жатқан кезі. Бәсеке немесе салыстыру тұрған жерде сын айтылмай қалмайды. Осы тұрғыдан қарағанда, өнер жолында әлі қанаты қатпаған ансамбльдің қиындықсыз жетілуі мүмкін емес. Фильмде топтың бастапқыда көрген қиындықтары көрініс тапты ма?

Иә, ол уақытта «Deep Purple»,  «Rolling Stones» сияқты шетелдік группалардың, әсіресе әлемге әйгілі «The Beatles» тобының атағы жер жарып тұрған шағы. Әрине, топ құрыла сала музыканттар түрлі сынға тап болды. Бастапқыда «музыкалық кәсіби білімі жоқ» деген сын көп айтылды. Шындығында солай еді, тек бірнешеуі ғана музыка мектебін бітіргені болмаса, қалғандары түрлі аспаптарды өз бетінше үйреніп алған. Ансамбльдің алғашқы мүшелері – Қазақ политехникалық институтының (қазіргі кезде Қазақ мемлекеттік ұлттық техникалық университеті) «Автоматика және есептеу техникасы» факультетінің түлектері.

Математикалық қабілеттері жоғары білімді жастардың шығармашылыққа да бейімділіктері жоғары болып тұр ғой. Арнайы музыкалық мамандық иелері болмаса да, тынымсыз ізденістің арқасында олар құрған ансамбілдің аты аңызға айналды. Қазақтың эстрадалық музыкасы мен мәдениетіне ерекше леп,  жаңашылдық әкелді. Вокалдық-аспаптық ансамбль эстрадалық бағытқа қазақтың дәстүрлі әндерін де енгізді. Бұл идеологиялық-саяси көрініс тауып, сол заманғы музыкалық мәдениетке үлкен бір төңкеріс жасады. Қазақтың эстрадалық музыкалық өнері «Дос-Мұқасаннан» басталады. Кейіннен осы бағыттағы жеке әншілер, топтар шыға бастады. Міне, осылайша олар тарихта өз орнын қалдыра білді. Елде танымал болып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ансамбль 70-жылдардан бастап Ташкент, Минск және Берлин қалаларында өткен үлкен байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. Осыдан кейін оларға кәсіби музыканттардан құрылған ансамбль деген атақ берілді. Ансамбль тарихындағы осындай елеулі оқиғалар фильмде көрініс тапты.

«Дос-Мұқасан» мүшелері кемеңгер жандар деген атаққа лайық

– «Дос-Мұқасан» тобындағы ағаларымыз математикалық ойлау қабылетінен басқа шығармашылық ізденіс жағынан да аса жоғары дәрежелерге жетті. Ол кісілердің бойындағы осы мүмкіндіктерді қалай бағалайсыз?

– Бүгінгі күні тұлға ретінде үлкен жетістіктерге жету үшін жастардың математикаға, тіл мен шығармашылыққа бейімі болуы керек, - дегенді айтып жүрміз. Тарихта үлкен өзгерістер әкелген осындай адамдар болған. Мысалы, Әл-Фараби, М.Қашқари т.б. көптеген бабаларымыз өздерінің түрлі салалар бойынша қабілеттерімен танылған. Ал «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелерін де жаңа замандағы дарындардың қатарына жатқызуға болады. Олар техника мен шығармашылықты қатар дамытып, үнемі ізденіс үстінде жүрді, өнер саласында әлемге танылды, ұлттың мақтанышына айналды. Бастаған істерін кемеліне келтірді, сондықтан «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың көбін кемеңгерлер қатарына жатқызуға әбден болады.

Олай деуімізге екінші бір себеп, уақыт өте келе, ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі Досым Сүлеев кейіннен мамандығына сәйкес өз жолын тауып, аспирантураны тәмамдады, ғылым жолына түсті, Политехникалық университеттің ректоры қызметіне дейін көтерілді. Ал қазір Сейсмология институтының директоры. Өнерде де, ғылымда да, ұйымдастыру-басқару саласында да биік жетістіктерге жетті. Досым ағамыз «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамында жүріп талай әндерді шығарған тұлға, оның ішінде хитке айналған әндер де бар. Ал, Мұрат Құсайынов керісінше, өз мандығы бойынша оқуын тәмамдағаннан кейін, консерваторияға оқуға түсіп, аспирантураны әйгілі композитор Ғазиза Жұбановадан аяқтады. Ансамбльдің құрылу тарихынан бүгінге дейін жетекшісі ретінде, өнер шаңырағының тұтқасы болып отыр. Өнер жолына бұрылдым деп университеттегі оқуын орта жолда қалдырған жоқ, аяғына жеткізіп, келесі қадамға барды. Бұл қасиетінен адамның тұрақтылығын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін тиянақтылығын тануға болады. Мұрат ағаның «Дос-Мұқасан» ән қорының аранжировкаларын жасаған әндері бүгінгі күні де музыканттарды таңқалдырады. Оның жетекшілігімен 1980 жылы Қазақстанның музыкалық мәдениетінде елеулі шара өтті, тұңғыш рет «Дос-Мұқасан» ансамблі «Жер ұйық» (сөзі ақын Қадыр Мырзалиевтікі, музыкасы композитор Төлеген Мұхамеджановтікі) атты рок-операның қойылымын жүзеге асырды. Бұл –ансамбльдің кәсіби деңгейінің шыңына жеткендігінің айғағы.

Фильмнің түсірілімі барысында ансамбльдің белді әншісі марқұм Бақытжан Жұмаділовтің жұбайы Ғазизат Танышқызымен кездескен едім. Ол кісіден де біраз жайттарға қанық болдық. Бақытжан аға да өзінің талантымен танылған адам: өлең, проза жазатын қабілеті бар болған, оның «ПОЛИГОН. Опытное поле» романы және «Стих и Я» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Сол сияқты сурет салу өнеріне де әуестенген. Бұл тек аз ғана фактілер, менің ойымша әрбір ансамбль мүшесі – санқырлы қабілеттері бар дарынды тұлғалар.  Сегіз қырлы, бір сырлы осындай тұлғаларды ақылы асқан кемеңгер дегеннен басқа қалай атаймыз!

Жинақтай айтқанда «Дос-Мұқасанның» ең алғашқы топ мүшелері рухы биік жандар. Ешбір қиындыққа мойымаған. Әсіресе, бастапқы кезде кейбір музыкалық аспаптарды өз қолдарымен жөндеп қалыпқа келтіріп отырған. Осындай қызықты фактілер бүгінгі ұрпақ тәрбиесі үшін фильмде көрініс тапқан.

– «Aray Media Group» компаниясы «Дос Мұқасан» фильміне актерлерді іріктеу жұмысын қалай жүргізді?

– Бұл фильм қазақ музыкасының 1960-70 жылдардан бергі тарихынан сыр шертетін болғандықтан актерлерді таңдауға қатты мән берілді. Арнайы ұйымдастырылған үлкен кастинг Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өтті. Актерлердің «Дос-Мұқасан» мүшелеріне ұқсас болуына басымдылық  берілді. Музыкалық топ болғаннан кейін актерлердің аспапта ойнауға икемділігі қажет болды. Арасында аспаптарда ойнай алмайтын актерлер де болды, олармен арнайы дайындық жүрді. Осы жұмысты жобаның музыкалық редакторы Әнел Сіргебаева жоғарғы деңгейде алып шықты.

Актерлердің көбі театр жұлдыздары, олардың қатарында «Дос-Мұқасан» ансамбль мүшелерінің жас кездерін Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Саят Мақұлбаев, Елдос Шайкенов, Әбілмансұр Серіков, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Шах-Мұрат Ордабаев, Айғаным Сағынбаева, Бахытгүл Серікбаева, ал есейген шақтарын аға буын актерлер Ғани Құлжанов, Бақытжан Әлпейіс, Рахман Омаров, Байғали Есеналиев, Жалғас Толғанбай және т.б басқалар сомдады. Бәрі дерлік Алматы және Нұр-Сұлтан театрларының белді актерлері. Актерлер қауымы өз рөлдерін тиісті деңгейде алып шықты. Фильмде таңдап алынған актерлердің түр-әлпеті ғана емес мінездері де өз кейіпкеріне қатты ұқсастық тапты.

Басты рөлге таңдалған екі актеріміз де Мейірғат Амангелдин (Досым Сулеев) және Мақсат Сәбитов (Мұрат Құсайынов) өздерінің прототиптеріне мінезі әрі келбеті жағынан қатты ұқсас болды. Меніңше, олардың тіпті хоризмалары да бірдей (күледі). Әрине, алдағы уақытта ағаларымыз өздерінің бағасын бере жатар.

Әсіресе, ұрмалы аспапты меңгерген актерді табу қиынға соқты. Фильмде Александр Литвиновты сомдаған Никита Погодаев кәсіби актер болмаса да, ұрмалы аспапты кәсіби меңгерген музыкант болып шықты. Кейіннен, ансамбльге ұрмалы аспапта ойнауға Юрий Лим келген болатын, оның рөлін сомдап шыққан Александр Ли – хореограф. Ол фильмдегі биге байланысты қойылымдарды да сахналады. 

Фильмнің тағы бір ерекшелігі блогер Артур Асқарұлы Шәріп Омаровтың рөлін сомдауға шақырылды. Оның жастар арасындағы танымалдығы өз алдына, бет-пішіні де өз кейіпкеріне қатты ұқсады. Ал, оның толық метражды фильмдерге түсу арманы екен. Артурдың жобаға қатысуы жастардың бұл фильмді көруге деген қызығушылығы арттыруы мүмкін. Себебі, түсірілім жаңалықтарын осы жігіт ақпарат құралдарына таратып отырды, мұны маркетингтік қадам болып табылды.

– Артурдың қазақ тіліне шорқақтау екенін түсірген видеоларынан жиі байқаймыз. Өзі түскен рөлдерді орыс тілінде ғана сомдайды десек те болады. Бұл сіздерге қиындық тудырған жоқ па?

– Иә, дәл солай. Фильмнің тарихи бейнесі мен мазмұнын толық ашу мақсатында қазақ-орыс тілдері пайдаланылынды, әйтпесе жасандылыққа жол берілер еді.

Ал, Артурдың қазақ тіліне шорқақтау екені рас. Шәріп Омаров рөлін сомдауда актердің тек қазақша сөйлеуі қажет болды. Сондықтан тіл тазалығын сақтау үшін дубляждық актер Рүстем Жаныамановты жобаға тарттық. Бұл біздің кішкентай бір қулығымыз болды (күлді). Дубляж актерінің шеберлігі сондай, тура Артурдың физикасына жақындап, дауысын мүдіртпей салды. Әрине, осындай жауапты істе дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың еңбегі орасан зор. Айта кететін жайт Артур аса табандылықпен рөлді сомдап шықты. Ол түсірілім барысында кәсіби актер болмаса да,  талантты жан екенін көрсетті.

– Біздің бақытымызға қарай «Дос-Мұқасан» мүшелерінің біразы арамызда. Фильмді түсіру барысына ол кісілердің еңбегі зор болғаны айтпаса да белгілі. Осы тұсына толығырақ тоқтала кетсеңіз. Фильмнің сценариін жазуда тағы кімдер кеңес берді?

Ең алдымен мына бір жайтты айта кетейін, «Дос-Мұқасан» жайлы фильм түсіру үшін осы ансамбльді құрған ағаларымыздың батасын алдық. Интернеттегі, газет-журналдардағы мәліметтермен шектеліп қала алмадық. Бұл орайда, Дос-Мұқасандықтар Ұлықпан Сыдықов, Мұрат Құсайынов, Досым Сүлеев және олардың замандастары «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев және музыкалық аспаптар бойынша Ноэль Шаяхметов  сияқты тұлғалар өздерінің ақыл-кеңестерімен сценарий жазу барысында бізге көп септігін тигізгенін атап өткім келеді.

Фильмдегі ресми кеңесшіміз Досым Сулеев, Мұрат Құсайынов әрбір әуеннің қалай шыққанына дейін қадағалап, бізге музыкалық кеңесші ретінде көп көмек берді.

«Дос-Мұқасан» 1974-1999 жылдар аралығында 5000-нан астам концерт өткізген

– Ансамбль 2022-де 55 жылдығын атап өтпек. Қазақ эстрадасының негізін қалады деп сеніммен айта аламыз. Жарты ғасырдан астам тарихы бар топтың болмысын, образын бір ғана фильммен аша алдық деп ойлайсыз ба?

– Қиындау сұрақ. Өйткені, таразының бір жағында біздің компанияның шын көңілмен, табандылықпен атқарған жұмысы, екінші жағында, «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55-жылдық тарихы, сол кездегі жастарды өнерге баулыған тамаша тәрбиесі, ең бастысы, халықтың осы ансамбльге деген ыстық ықыласы тұр. Енді осыған қарап сұрақтың жауабын шамалауға да болады. Бұл сұрақ бізді де мазалайтыны рас... Бізді ғана емес көзі тірі ағаларымызды (топ мүшелері) да мазалайтын сұрақ деп ойлаймын (күрсінді). Бір фильммен ансамбльдің тұтас бір дәуірді алып шығу мүмкін емес деп ойлаймын. Ансамбльдің құрылған шағын, шарықтау шегін, яғни Ташкентте, Минскіде, Берлинде жеткен жетістіктерін көрсетуге тырыстық. Осыған орай фильмде сол кезеңге қатысты әндерге назар аударылды. Олардың қатарында аты аңызға айналған «Той жыры», «Алматы түні», «Ты моя мечта», «Қуанышым менің», «Сағындым сені», «Алатау», «Қайдасың» атты авторлық әндер және «Құдаша», «Аулың сенің іргелі» және т.б. халық әндері бар. Әрине, ансамбльдің жұрт аузында қалған хит әндері қаншама?! Олардың бәрін фильмде қамту мүмкін емес...

Мәселен, бір ғана «Той жыры». Өлеңі мен әнін жазған ансамбльдің мүшелері  Ұлықпан Сыдықов, Досым Сулеев. Сол кезде үйлену тойларының бәрін де дерлік осы ән шырқалатын. Көптеген тілдерге аударылған бұл нағыз хит ән, бүгінгі тойларда да өзінің өзектілігін жойған жоқ. Осы әнге байланысты фильмде үлкен көрініс бар, ол режиссердің  фишкасы, түсірілім жағынан өте күрделі болды, ол құпия болып қалсын... көрермендер бағасын бере жатар.

Айта кету керек, бұл туынды деректі фильм емес, көпшілік қауымның көңілінен шығу үшін түсірілген көркем фильм. Деректі фильм болса фактілер жүреді, ал көркем фильмде бәрі басқаша. Сол себепті сценарийде драматургияны құру үшін кейбір тұстары еріксіз өзгеріске ұшырады. Жасыратыны жоқ, көркем бейнелеуге құрылған эпизодтарға да орын берілді. Фильмдегі антогонисті (кейіпкерге қарсы кейіпкер) ойлап табуға тура келді. Мұндай өзгерістерді еңгізбесек, фильм қызықсыз шығуы мүмкін. Фильм экранға шыққан кезде ең бастысы ансамбль мүшелеріне де қызық болады деген үміттеміз.

Ансамбль жетекшісі Мұрат Құсайынов ағаның айтуынша «Дос-Мұқасан» 1974-1999 жылдар аралығында 5000-нан астам концерт өткізіпті. Сонда есептеп көрсек, шамамен әр екі күнде бір концерттен берген екен. Ол кезде бәрі табиғи дауыспен, ешбір фонограммасыз орындалғанын ерекше атап кету керек. Бүгінгі тыңдаушы жас буын көптеген әндерді «Дос-Мұқасан» ансамбілінің орындағанын білмеуі мүмкін, бірақ ансамбль репертуарындағы ғұмырлы әндердің біразы жастарымыздың құлағында.

Фильм «Дос-Мұқасан» ансамбілінің шығармашылық жолына құрылған көркем туынды болғандықтан, оның тарихы мен деректік шындығын түгел қамтыдық деп айта алмаймыз. Ансамбльдің көптеген жетістіктерін бір ғана фильмде беру мүмкін емес екенін мойындауымыз керек...

– «Дос-Мұқасан» қазақ өнеріндегі бүтін бір дәуір. Ол туралы фильм түсіріп жатқанда топ мүшелерінің замандастарымен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесіп, сұхбаттастыңыз. Тиісінше, тың ақпарат, жақсы идеялар алған боларсыз. Бұл сізді жаңа фильм түсіруге немесе осы «Дос-Мұқасан» фильмінің жалғасын түсіруге шабыттандыра ма?

Толықметражды көркем фильм түсіру оңай емес. Қойылатын талаптары өте жоғары. Ұйымдастыруға байланысты үлкен жұмыстардан бастап, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қарапайым ғана құжаттарына дейін қойылатын талаптар өте қатал. Бұндай тақырыпқа жүгінген компания мен орталықтың халық алдындағы жауапкершілігі де жеңіл емес. Әрине, кез келген компанияға мұндай жауапты дүниелерді түсіруге рұқсат берілмейтіні сөзсіз. Бәлкім бізге сенім артқан себептер қатарында әлемдік деңгейде дубляж жасаумен көзге түскен продакшн студия болғандығымыз шығар.

Жаңа фильмдер түсіру жоспарымызда бар. Ол фильмдер ұлтымыздың құндылығына сай тақырыптарды қамтитыны сөзсіз.  

Ал, «Дос-Мұқасан» туралы, меніңше, деректі фильм түсіру керек. Өйткені, біз фильмде ансамбльдің тарихын көркемдік тұрғыдан сипаттауға назар аудардық. Еліміздің мақтанышысына айналған «Дос-Мұқасан» ансамбілінің жарты ғасырдан аса шығармашылық жолы тек деректі фильмде ашылатыны сөзсіз.

– «Дос-Мұқасан» көрермен назарына қашан ұсынылады?

Бәрі ойымыздағыдай іске асып жатса, жұртшылық назарына алдағы жылдың көктем айларында ұсынуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, 2022 жылs «Дос-Мұқасан»  ансамблі 55 жылдығын атап өтпек. Бұл жоба – кино саласының мамандары мен жанашыр азаматтардың аты аңызға айналған ансамбілге деген құрметі.

«Disney» қазақ халқы жайлы мультфильм түсірсе екен деп армандаймыз

– Айгүл Қыдырғалиқызы, енді сіздің шығармашылығыңыздың тағы бір қырына тоқтала кетсек. Сіз басқарып отырған «Aray Media Group» компаниясының арқасында қазақ балалары әлемге танымал мультфильмдерді алғаш рет қазақ тілінде көре бастады. Шынын айту керек, бұл мемлекеттік тілді дамытуда соңғы 30 жылда атқарылған ең үлкен жұмыстардың бірі. Қазақ тілі Sony Pictures пен Walt Disney-дегі негізгі тілдердің қатарына қосылды. Мұндай жетістікке қалай жеттіңіздер, бұл жұмыстың бәрі қалай атқарылып жатыр?

Бұл мәселені көтеріп, әлемдік мультфильмдерді қазақша сөйлету жұмысының басы-қасында жүрген – «Болашақ» қауымдастығы. Бүгінгі күнге дейін дубляждау жұмысы мемлекеттің есебінен емес демеушілердің қаражатымен жүзеге асырылды. Болашақта бұл мәселе мемлекет тарапынан оң шешімін табатынына сенімім бар, себебі қазақ тілінің мәртебесін көтерудің бір жолы – ол ұрпағымызға әлемдік деңгейдегі бар сапалы контентті төл тілімізде ұсыну, демек дубляж саласын өркендету. Жалпы, еліміздің кинотеатрларында фильмдер мен мультфильдерді орыс тілінде көрсетіліп, ал ана тіліміздің субтитрмен берілуі әрбір жаны қазақ азаматтың намысына тиеді. Бұл олқылықты жоюмыз керек деп ойлаймын.

Бүгінгі күнге дейін біздің компаниямыз Голливудтың 30-ға жуық мультфильмі мен фильмдерін дубляждапты. Бұл қажырлы ұжымдық еңбектің нәтижесі. Жобаларды жүзеге асыру барысында қаншама дубляж саласының әлемдік кәсіби деңгейіне сай мамандар дайындалып, қатарымыз өсті, дубляж актерлерінің тобы кеңейді. Қызық та, күрделі жобалардың арқасында шығармашылық ұжым тәжірибе жинады. Ең бастысы, осы салаға байланысты өзінің ісін сүйетін, өз ісіне берілген мамандар жинақталып, ұжымдық рух қалыптасты.

Біз дубляждаған мультфильмдердің көпшілігінің сюжеті құнды, ұлттық тақырыптарға негізделген. Яғни нақты бір халықтың өзіндік ерекшелігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ұлттық музыкасын айшықтайды. Мысалы, «Энканто» Колумбия тұрғындарының, «Коконың құпиясы» мексикалықтардың болмысын ашып көрсетеді, «Лука» итальян халқының, «Моана» Латын Америка елдерінің салт-дәстүрін насихаттайды. Осындай үлкен еңбегіміздің түпкі мақсаты және арманымыз да  қазақ халқының салт-дәстүрі, музыкасы, ұлттық құндылығы «Disney» өнімі арқылы көрсетілсе екен дейміз. «Disney» қазақ халқы жайлы әлемге танылатын мультфильм түсірсе, ал кинотеатрларда голливудтық өнімдер тек қазақ тілінде болса нұр үстіне нұр болар еді. 

Осы арманымыз орындалса ұрпағымыз тек қазақ тілінде сөйлер еді.

– Қанша дегенмен егемен ел болған соң мемлекетімізде көрсетілетін, әсіресе балаларымызға арналған мультфильмдер мен фильмдердің өз тілімізде болған абзал және де өзіміздің де ұлттық мультипликациямыз дамуы керек. Ол үшін тек бір ғана студияның болуы жеткілікті ме?

Иә, сөзіңіз орынды. Балаларымыз кино өнімдерін қазақ тілінде тамашалау үшін «Aray Media Group» студиясы азшылық етеді. «Disney» аккредитациясынан өткен және бұл салада үлкен тәжірибе жинақтаған студия болғандықтан, мемлекет өз қолына алған бастапқы кезеңде осы саланың алдыңғы шебінде әрине біздің компания тұру керек деп ойлаймын. Дубляж саласының өркендеуі үшін көптеген жүйелі мәселелер шешілуі қажет, ең бастысы мамандар дайындау мәселесі жолға қойылуы керек. Міндетті түрде бұл салада бәсекелестік болғаны жөн. Бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктерімізді жоққа шығармай, сапаны жоғарғы деңгейде ұстауымыз қажет және осындай жұмысты жүзеге асыру министрлік пен компаниялардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тілімізді, ділімізді сақтау – жалпы кез келген салада жүрген әрбір азаматтың да жауапкершілігі. Ал біздің компаниямыздың концепциясы да осыны көздейді.

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Олардың тілі қазақша шығуы үшін сапалы түрде аударылған мультфильмдер көбірек болуы керек. Ал, біз жылына дубляждайтын санаулы мультфильм бұл қажеттіліктің орнын толтыра алмайды. Осы салаға мемлекет атсалысса, бұл мәселелер оңынан шешілер еді.

– Уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет! Алға қойған жоспарларыңыз жүзеге аса берсін!