Әлихан БАЙМЕНОВ, саясаткер: «Біздің буын Тәуелсіздікті аңсап есейді»

Автор: Кәмшат Тасболат

Ол Қазақ елінің негізгі жетістіктері мен әттеген-айын тізбектеп берді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Астана Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ Azattyq Ruhy тілшісіне арнайы сұхбат беріп, еліміздің өткені мен болашағы жайлы ойларымен бөлісті. Тәуелсіздіктің үш жетістігі мен үш «әттеген-айын» ашып айтты.

- Әлихан Мұхамедияұлы, алдымен сұхбат беруге келісіміңізді бергеніңізге алғыс білдіреміз. Сіз саяси карьераңызды тәуелсіздік кезеңінде бастаған азаматсыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында елдің дамуы мен қоғамдық ахуалға қандай баға бересіз?

- Негізі, біздің буынның компартия не комсомол белсендісі болмағандары қоғамдық жұмысқа Горбачевтің қайта құру кезеңінде араласа бастады. Себебі сол кезде бірінші рет азаматтардың өз еркімен ұйым құру мүмкіндігі пайда болды (билік оларды бейресми ұйымдар деп атады). Мен де Мәскеудегі аспирантурадан 1988 жылы келген соң бір топ мүдделес азаматтармен бірге біздің өңірдегі ең өзекті экологиялық мәселелерді (Байқоңырдан ұшқан ракеталардың қоршаған ортаға зияны, РЛС-тардың елді мекендерге жақын орналасуы, тарихи табиғи ескерткіштерге төнген қатер т.б.) шешуге бағытталған «Ұлытау» қозғалысын құрып, қоғамдық-саяси жұмысқа араласа бастадым. Тәуелсіздікке таяу арада қолымыз жететінін болжай алмаса да біздің буын өз тізгініміз өзімізде болатын дербестікті аңсап есейді. Біздің бойымызда Тәуелсіздікке ұмтылыстың қалыптасуына әсер еткен біраз себеп болды. Мен үшін біріншіден ол әкемнің өмір жолы мен рухани ұстанымы еді. Ол кісі 1930 және 1950 жылдары екі рет қуғын-сүргінге ұшыраған. Қазақ, орыс тілдерімен қатар араб, парсы және шағатай тілдерін жақсы білетін.  Бірақ сол кезде жұмыс орнына толтырған өмірбаяндарында тіл білетінін жасырып, оқыған кітаптарын көпшілікке көрсетпеген. 1976-1982 жылдары үздіксіз күрес нәтижесінде Жезқазғанда тұңғыш мешіт ұйымдастырып, оның имамы болған.        

Екіншіден, біздің буынға Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарының қатты әсері болды. Тарих оқулықтарында шындық жазылмайтын заманда «Әу бастан қазақтың өз мемлекеті болған, тарихымыз терең ел екенбіз ғой» деген ұғымды ең алғаш осы көркем шығармалар бойға сіңірді. «Қаһар» мұқабасы жыртылғанша оқылды. Сондықтан Ілияс Есенберлиннің тәуелсіз рух пен көзқарас қалыптастыруға сіңірген еңбегі ерекше. Осы қатарда Дүкенбай Досжанның «Отырар» мен «Жібек жолын», Морис Симашконың «Емшан» повесін және көпшілікке түсіну қиын болса да Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» еңбегін де атаған орынды.

Үшіншіден, қоғамдық санаға ерекше сілкініс берген құбылыс – Желтоқсан көтерілісі. Желтоқсан көтерілісі бойымызда дербестікке ұмтылысымыздың өшпегенін бүкіл әлемге паш етті. Алматы ғана емес, Қазақстанның көптеген қалаларында азаматтар көшеге шықты. Біз де Мәскеуде жүріп, Орталық комитетке хат дайындап, қол жинадық. Оны Ербол деген ақтөбелік азамат Мұхтар Шахановтың шығармашылық кешінде сахнаға шығып, Евтушенкоға тапсырды (бір қызығы, 20 жыл өткен соң мен Мұқанды Ерболмен телефон арқылы байланыстырдым).

Төртіншіден, 1980 жылдардың соңында жалпыхалықтық сипатқа ие болған Қазақстанның үш қоғамдық ұйымы құрылды. Олар саяси бағыттағы «Азат» қозғалысы, экологиялық бағыттағы «Невада-Семей» қозғалысы, ұлттық бағыттағы «Қазақ тілі» қоғамы еді. Біраз азаматтар үшеуінің де құрылтайына қатыстық. Бұл ұйымдардың құрылуы қазақ елінің ұлт өмірінің өзекті мәселелері бойынша қауымдасып, ұйымдаса алатынын көрсетті. 

Бесіншіден, жариялылық кезеңінен бастап тұмшаланған тарихи санамыздың ояна бастағаны, тарихтағы ұлы тұлғаларымыз туралы, әсіресе Алаш қайраткерлері, Алаш орда үкіметі туралы ақпараттың таралуы да қоғамдық сананы егемендікке дайындауға өз үлесін қосты. Сонымен қатар, 1990-1991 жылдары КСРО халық депутаттары съезінің тікелей эфирде көрсетілуі азаматтық қоғамның қалыптасуына шешуші әсерін тигізді.

Тәуелсіздік – біздің бағымыз да, бақытымыз да, сынағымыз да. Тәуелсіздіктің бақ мен бақыт екенін сездіретін ерекше кездесулер де болды. Осыдан 14 жыл бұрын Далай Ламамен Вена әуежайында кездесіп, 15-20 минуттай сөйлестік. Сонда ол кісі арқамнан сипап тұрып: «Қазақтар бақыттысыңдар ғой. Өйткені Тәуелсіз мемлекеттерің бар!» - деді. Осыдан 7-8 жыл бұрын Канаданың Торонто қаласының әуежайында Якутияның бұрынғы президенттерінің бірімен кездесіп қалдық. Әңгіме үстінде ол: «Канададан солтүстік арқылы ұшсақ, әлдеқайда жақын. Бірақ біздің егемендігіміз жоқ, оған арнайы рейс аша алмаймыз. Канадаға жету үшін алдымен Мәскеуге барамыз, Мәскеуден Еуропа елдеріне шығамыз. Жолды үш есе ұзартып мынау тұрған Канадаға жетеміз. Сендер бақыттысыңдар ғой, Тәуелсіздіктерің бар!» - деген еді. Қазанға барғанда татар халқының даму деңгейін көргенде олардың бізден несі кем деген ой келеді. Тәуелсіздіктің бақ екені де осыдан көрініп тұрған жоқ па? Ал осы бақ қонғанда оны баянды қылу, іргесін бекіту, ұлысымызды ырысты қылып, ел байлығын өз игілігіне жарату – баршамызға сын. Бұл сынақтан абыроймен өту билік жүргізетін сыртқы және ішкі саясатқа да, әр азаматтың еңбекқорлығы, білімпаздығы, табандылығы мен адалдығына да байланысты.

- Осы жылдардағы негізгі жетістіктерімізді атай аласыз ба?

- Ең бірінші жетістігіміз – барлық көршілерімізбен шекарамызды бекітіп алдық. Яғни, халықаралық құқық жүйесінде келер ұрпаққа жер аясы және мемлекеттік тұтастық сұрақтарында дүдәмал мәселе қалған жоқ.

Екінші жетістік – біз өзіміз орда таңдап, астанамызды көшірдік. Бұл жеке ел боп қабылдаған шешім. Себебі Ақмешітті де, Алматыны да астана ретінде Мәскеу бекіткен. Тәуелсіздік жариялау –  ел болып ортақ перзентіміз Қазақстан мемлекетін қалпына келтіріп, жаңа негізде құру болса, астананы Ақмолаға көшіру –  саяси, демографиялық, геосаяси, экономикалық және әлеуметтік ықпалы мен салдары ерекше бірінші ұлттық жоба болды.

Үшіншіден, империялардың ыдырау кезеңіне тән этнос және конфессияаралық қақтығыстарға жол бермей ішкі қоғамдық келісімді сақтадық. Біз Тәуелсіздік алған кезде жалпы халықтың ішінде қазақ 40 пайыздай ғана болғанын ескерсек, осы келісімді сақтауға бағытталған тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты жемісті болғанын осы жылдар дәлелдеп отыр. Қазақ мәдениетіне тән ашықтық, төзімпаздық және бейімделгіштік бұл саясатқа әлеуметтік тірек болды. Ұлтымыздың бойында сол кездің өзінде «әр бейбіт күн біздің Тәуелсіздігімізді нығайтады» деген сезім болды. Ел ішінде де, сыртта да түрлі арандатушылар болды, әлі де бар. Бір мысал айтайын, 1992 жылдың күзінде Жезқазған облысы әкімінің орынбасары ретінде маған қала әкімшілігінен хабарласып: «Бір кісі Ресейге көшіп бара жатыр екен, «Қазақстанда орыс тілінің ахуалы қиындағандықтан, мұнда болашақ жоқ, жұмыс орындары болмайды» деген анықтама керек» депті. Неге екенін анықтасақ, Ресейде бір қоғамдық ұйым осындай анықтамамен келсең, үй береміз деп уәде етіпті. Пенде ғой, үй алу үшін осындай қадамға бармақ болған. Кейін Лимонов секілділердің қатысуымен түрлі-түрлі арандатулар да болды. Біздің ішкі ынтымағымызды көре алмай көз алартатын никоновтар, соловьевтар, т.б. басқалары әлі де жүр ғой... Оларға «Қазақстан қайда, Қазан қайда» деп тарих пен географияны да есіне салу керек. XVI ғасырдың ортасында Иван Грозный Қазан хандығын қанға бөктіріп жаулап алды. Яғни, ол кезде Ресей патшалығының жері қазақ жерімен тіпті шекаралас та емес.

Қазақтың кеңдігі Елбасының салиқалы саясаты және мәмілегерлігімен ұштаса келе іріткі салушылардың пиғылдарын жүзеге асыртпады. Бұл тұрғыда байлықтың көзі болғанымен тарих көрсеткендей кейде қантөгіс қақтығыстарға да себеп болатын жерасты байлығы, әсіресе мұнай газ саласына әлемдегі алпауыт мемлекеттер тарапынан инвестициялар тартылуы өз кезегінде геосаясаттағы ықпалды күштерді де ішкі тұрақтылығымызда мүдделі қылудың да жолы болғаны сөзсіз.

- Ал «әттеген-ай» деп айтатын негізгі кемшіліктер бар ма?

- Біріншіден, біз қазақ тілін өз тұғырына әлі де қондыра алмадық. «Қазақ тілі» қоғамы егемендікке дейін құрылды, жалпы серпіліс жақсы еді. Бәлкім, бұл біздің мәдениетіміздің де ерекшелігіне байланысты шығар. Біздің мәдениеттің өз артықшылығы бар. Көшпенді болған ғасырлардың бір мәдени мұрасы – ашықтық, төзімпаздық, жаңа ортаға бейімделгіштік. Біз кез-келген нәрсені тез қабылдаймыз. Бірақ оның қиындығы біз басқаны тез қабылдау арқылы кейде өзіміздікінен тез айырылып қаламыз. Оның үстіне тіліміз бен ділімізге, жалпы руханият пен мәдениетімізге алты дүркін репрессия тарихта теңдесі жоқ соққы болды:

Ең басында большевиктер қазақ ұлтының дербес даму жолын көздеген Алаш қайраткерлерін құртты.

Содан соң ұлттық мәдениет пен руханиятқа унификация жасау арқылы қатер төнгенін сезген (сол кезде 300-ге жуық көтеріліс болса, соның жартысын рухани қайраткерлер басқарған) діни жетекшілерді құртты. 70 жыл бойы кеңестік білім жүйесі молда, имам, ишандарды қаралаумен келді.

Үшіншіден, елдің тірегі болатын, ісін жүргізе алатын кәсіпкерлерді құртты. 70 жыл бойы «бай» деген ұғымды жаманатты қылып көрсетті.

Төртіншіден, көзі ашық болғандықтан кеңес үкіметін іс-қимылына баға бере алатын білімділердің көбісін құртты.

Бесіншіден, бастапқыда кеңес үкіметіне сеніп, кейін теріс пиғылдарына көзі жеткен саяси қайраткерлерді құртты.

Ең соңында халыққа сөзі өтіп, ықпал жасай алатын белгілі және беделді әдебиет пен өнер қайраткерлерін қуғындады. 

Ойлап қарасаңыз, XX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, бүгінде біз мақтан тұтатын көсемдеріміз бен шешендеріміздің, дүлдүлдеріміз бен сұңқарларымыздың басым көпшілігін кеңес үкіметі жойып жіберді. Сол жүйенің қолдан ұйымдастырған екі дүркін аштығы халықтың жартысының қырылуына алып келген геноцид болса, 11 жылда екі рет әліппе ауыстыру – ұлтты мәңгүрттендіруге бағытталған мәдени геноцид болды. Осының барлығы жиырма жыл ішінде 1920-1940 жылдар арасында жүзеге асырылғанын ескерсек, қазақ ұлтының қандай нәубеттен өтіп, қандай тозақты бастан кешіргенін түсінесіз. Бұл өз кезегінде ұлттың мәдени рухани құндылықтарын сақтап, қорғау қабілетін де қатты әлсіретті.

- Сіз жаңа унификацияға дінбасылары қарсы тұрғанын айттыңыз. Бұл тұрғыдан кезінде ғылым мен білімнің ордасы болған мұсылман елдері қазір неге артта қалып отыр?

- Мұсылман елдеріне үлкен насихат реформасы керек. Біздегі діни қайраткерлердің көбі уағызында бұл өмірдегі жасампаздық, еңбекқорлық, білімпаздық, исламның ғылымға қайшы еместігі туралы көп айта бермейді. Жұмаққа барар жол бұл дүниедегі жасампаздық арқылы екені де көп айтылмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) еңбек пен білімнің маңызы туралы айтқан хадистері жеткілікті насихатталмайды. Жемқорлық пен парақорлықтың харам екенін де жамиғатқа айтып тұру маңызды. Яғни, құлшылықпен қатар білім, ғылымға ұмтылу, адал еңбек ету мұсылманның міндеті екені көбірек насихатталғаны абзал.

Менің әкем имам болған. Бұрын олар үйренуге оңай болу үшін «40 парыз» дегенді көп айтатын. Ол кісілер медреселерде 20 жыл діни білім алған адамдар ғой. Кезінде Мартин Лютер протестанттықты ойлап тапқанда, қарапайым тезистер жасады. Сол сияқты діннің жасампаздық қағидаттарын қарапайым тілмен халыққа жеткізу керек. Біз бала күнімізден құлағымызға сіңірген 40 парыздың ішінде имандылық, тазалық мәселелерімен қатар адал еңбек пен өмір бойы білім алудың маңызы айтылатын.

Осыдан 5 жыл бұрын Қытайдың Цюанджоу қаласында бізді Теңіз музейіне алып барды. Музейдің бірінші залына кіре-берісте: «Білімнің көзі Қытайда болса, сол жерге барып үйрену керек» деп жазып қойған. Бірақ авторын жазбаған. Сонда мен: «Мына сөздердің авторын білесіздер ме? Неге Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар деп жазбайсыздар?» дедім. «Мұны мүзейге кірген соң түсінесіз» деді. Сөйтсек, бірінші зал Ислам мен қытай қарым-қатынастарына арналған екен. Бұл қала арабтар қойған Зәйтүн деген атауымен әлемге белгілі болған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадистерінде бір тақыр кедейге көмектесу үшін алдымен отын апарып береді, кейін көмекке деп бір балта апарып бермейтін бе еді? Сонда қиналып тұрғанда, от жағып, үйді жылытып, тамақ пісіру үшін отын береді. Екіншісінде балта апарғаны – ары қарай өзің еңбектен, әрекет ет деген сөзі ғой.

Жоғарыдағы бір дәлелді ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі болған Норвегия азаматы айтып еді. Норвегия бай ел, Ұлттық қорында триллионға жуық доллары бар. Бізге ұқсас, мұнайы бар мемлекет. Бізден халқы аз. Бірақ жан басына шаққанда ішкі жалпы өнімі жоғары. Сондай бай мемлекет боп отырып, әлемге байлығымен аты шыққан бір норвегиялық миллиардерді білесіз бе? Норвегияның бір министрі не патшасы шетелден зәулім үй сатып алыпты дегенді естисіз бе? Соның себебін сұрағанда, норвегиялық елші: «Бізде евангелиелік христиан діні Конституциямен бекітілген, ол біздің мемлекеттік дініміз. Соған сәйкес, үшінші сыныптарда дінді оқыта бастағанда біздің миымызға сіңіретін нәрсе – жұмаққа бару үшін еңбек ету керек. Ал жоғары сыныптарда айтатыны – адал еңбектеніп, малшашпақпен айналыспайтын адамның жұмаққа бару ықтималдығы жоғары. Сондықтан адами тәрбие, дұрыс саясат және білімге ұмтылыспен қатар діннің де тәрбиелік мүмкіндігін пайдаланып жүрміз» деді.

Кезінде Макс Вебер капитализмнің дамуын жазып келіп, христиан дінінің ішіндегі протестантизм этикасы күшті қызмет атқарғанын айтады. Соны ескергендіктен болар, 1962 жылы Ватиканда арнайы отырыс өтіп, бар-жоғы екі-үш мәселені өзгерткен. Олар «еңбек – ол азап және жаза емес, ол – жасампаздық» деп таныған. Екіншіден, «байлық – күнә емес» деп таныған. Экономистердің айтуынша, осы шешім арқылы католик елдерінің дамуына үлкен серпін берілді.

Бұр тұрғыда Фредерик Старрдың «Жоғалған шамшырақ» деген кітабын да қазақшаға аудару керек деп ойлаймын. Оның кейбір пікірімен келіспегеніммен, біраз қисынды да терең ойлары өткенімізді түсінуге де көмектеседі. Оның айтуынша, ислам келгеннен кейінгі 4-5 ғасырда Орталық Азияда білім мен ғылым керемет шарықтады. Кейін не себептен құлдырады? Кітапта осы тұрғыдан біраз түйін жасалған.

Дін – мыңдаған жылдар бойы адамзат тәрбиесінде ерекше орны мен ықпалы бар ерекше институт. Сонымен қатар, қасиетті мәтіндер бүгінгі өркениеттердің шекарасын анықтаушы негізгі фактор. Өркениет өзегі дін болса, мәдениеттің өзегі мен тірегі – тіл.

- Ал, тіліміздің қолданыс аясын кеңейтудің қандай тетіктері бар?

- Тілді өз тұғырына қондыру үшін азамат парызын, мемлекет міндетін, ал мамандар қызметін атқару қажет. Азамат ретінде әрқайсымыз мемлекеттік тіл заңының орындалуын, барлық қызметтерді адамнан не қондырғы, терминалдардан алғанда қазақ тілін пайдаланып, оның қолданылуын талап етуіміз қажет. Әрқайсымыз белгілі бір кәсіп пен білім иесі ретінде сол салада қазақ тілінің сөздік қорын дамытып, қолдану аясын кеңейтуге үлес қосқанымыз абзал. Мемлекет болса заңның орындалуын қадағалап, кейде ынталандыру, кейде мәжбүрлеу тетіктерін оңтайлы пайдалануы тиіс. Сонымен қатар мемлекет қазақ тіліне әр саладағы озық ой мен үздік білім көздерін, көркем әдебиетті өз бетімен аударғандарға субсидия бергені дұрыс. Себебі, 100 кітап секілді бағдарламалар дұрыс болғанымен ұлттың сұранысын қамтамасыз етуде тамшыдай ғана. Бізге жылына мыңдаған кітаптың аударылғаны қажет. Оның барлығын мемлекеттік кәсіпорын атқара алмайды. Сондықтан қазақшаға аударатындар мен солардың еңбегін шығаратын баспаларды салықтан босатып, субсидия беруі қажет.

Мамандарға қатысты тағы бір бағыт туралы. Ұлы тарихшы Арнольд Тойнби тілдердің дамуын талдағанда «қарапайымдату арқылы прогресс» заңдылығын пайдаланды. Бұл өмірдің кез келген саласына да қатысты. Мысалы, мен кандидаттық диссертациямды қорғаған 1988 жылы қазір қалтафонның чипіндей ғана қуаты бар процессор бір бөлмені алып тұратын. Мұнымен жұмыс жасау үшін арнайы маманы керек еді, қазір бес жасар бала да телефон тілін біледі. Тойнби үш тілді – араб, ағылшын және қытай тілдерін салыстырады. VII ғасырдағы араб тілінің даму деңгейін Құран кәрімнің мәтінінен де аңғаруға болады. Ол уақытта мұндай деңгейде дамыған тіл әлемде аз еді. Тойнбидің айтуынша, ағылшын тілі әр ғасыр сайын өзінің дамуына кедергі жасайтын артық емлені алып тастайды. Яғни, тіл заңы қарапайымданады. Адам ережесі қарапайым нәрсені тез пайдаланады ғой. Ал араб тілінде әлі де бұрынғы ережелердің сарқыншақтары бар дейді. Менің ойымша, қазақ тілінің де ережесін жеңілдетуге мән беру қажет.

Кейде сөздік қор туралы айтқанда жалған ұран жетегінде кетіп қаламыз. Мәселен, «қазақ тілінде 2 млн сөз қоры бар» деп біреу жазыпты. Бірақ дәл қазір айналаңыздағы барлық затты қазақша атап шыға аласыз ба? Жоқ. Өйткені баламасы жоғалып кеткен. Махмұт Қашқаридің Асқар Егеубаев ағамыз қазақшалаған түркі сөздігін оқығанда таң қалғаным, мың жыл бұрын тіпті «парик» сөзінің баламасы болған. Алыс тарихты айтпағанда, тіпті Ахмет Байтұрсыновтың сөз қорын да пайдалана бермейміз. Мысалы, біз «прикладное искусство» дегенді орысшадан тікелей аударып, «қолданбалы өнер» дейміз. Ал Ахаң «тірнек өнері, көрнек өнері бар» дейді. «Көрнек өнерінің қағидасы – жылуынан сұлуы, тірнек өнерінің қағидасы – сұлуынан жылуы» дейді. Сөздік қорды толықтыруда 1,3 миллион ғана халқы бар Эстонияның интернет арқылы бүкіл халықтың әлеуетін іске қосу тәжірибесін пайдалану қажет. Оны тіл комитетінің басшылығына да айтқан едім. Мүмкін жаңашыл білім министрі қолға алар.

Сонымен қатар астананы көшіру – бірінші ұлттық жоба болса, латын һәрпіне көшу – мәдениеттегі ұлттық рухани жоба деп қарау керек. Рухани жұмыс деген бірінші кезекте қиындықты еңсеріп, болашақ үшін іздену мен еңбектену. Ендеше болашақ ұрпақ үшін біз де кейбір уақытша қиындықтардан қорықпай, латын һәрпін енгізуіміз қажет. 42 әріптік квазикириллица қалтафондарда қолайсыз болғандықтан, көпшілік 32 әріптік орыс кириллицасын пайдаланады. Нәтижесінде күн сайын миллиондаған смс қазақ тілін бұрмалап жазылуда. Қазір кез келген бастауыш білімі бар адам латын һәрпін таниды. Төтенше жағдайлар министрлігі тарататын 112 қызметі осыны дәлелдеп отыр. Тіпті, кирилл һәрпін қолданатын орыс тілі үшін латын озықтықтың белгісі. Ол тілдегі сайттардың электронды адрестері де латын һәрпінде жазылады.

– Екінші «әттеген-айымыз»?

– Ол –  жемқорлық. Қазір көп адамның жұмыстағы қағидасы – «мұрның барда бір сіңбір» боп кетті. Бұл тек мұнай-газ, минералды ресурстар салалары немесе мемлекеттік инвестиция, сатып алу бағыттары ғана емес, барлық салаға тән болды. Еліміздегі ең өзекті екі мәселе – тіл проблемасы және жемқорлық. Саяси жігермен қатар бұл істе жариялылық пен тазалықты қамтамасыз етуде жаңа технологияларды пайдаланған жөн. Мысалы, жер телімдерін, мемлекет салған пәтерлерді бөлгенде, мемлекеттік инвестициялар және сатып алу туралы шешімдер қабылдағанда блокчейнді пайдалану арам пиғылдылардың жолында едәуір тосқауыл болар еді. Жалпы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту қажет. Жемқорлықты жою үшін бірінші кезекте сот жүйесі, прокуратура, құқық қорғау органдарының өздері таза, әділ және адал қызмет етуі шарт.

Үшінші тұрақтылық пен тәуелсіздікке қатер болатын нәрсе – бай мен кедейдің арасындағы алшақтық. Себебі әркімнің ұғымында бақыт пен әділеттілік деген ұмтылатын да, аңсайтын да құндылықтар бар. Адам табысы төмен боп жүргеніне ғана налымайды, сонымен қатар еңбек сіңірмей-ақ басқаның байып кеткенін көргенде ашынады. Бұл әлеуметтік және экономикалық саясатта бәрінің заң тұрғыдан теңдігін талап етеді. Мүмкін алпауыттар билікпен біте қайнасып кеткен жағдайда біз эволюциялық жолмен дамимыз десек, жаңа қоғамдық келісім керек шығар. Жекешелендіру арқылы үлкен байлыққа ие болғандардың әрі қарай мемлекет тарапынан жеңілдіктер алуы дұрыс емес. Осыны билік пен қоғам бірлесе отырып, олардың құлағына құю қажет. Олардың мемлекетпен арадағы бүкіл қарым-қатынасы жария болса, салықтарды жеңілдіксіз төлесе, тарифтерді жеңілдіксіз пайдаланса, еркін кәсіподақтардың жұмысына мүмкіндік туса, жалақы саясаты үкімет – кәсіподақ – кәсіпорын иесі арасындағы үш жақты комиссия құзіретінде болса, жерасты байлығының қызығын алпауыттар ғана емес, жұмысшылар мен халық та көріп, бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты азайтуға себеп болар еді.  

- Шетелде өзіңіздей азаматтар мемуарлар жазып жатады. Ал сіздің мемуар жазуға мүмкіндігіңіз де көп, естеліктеріңіз де баршылық. Жалпы, мұндай ой келмей ме?

- Көзі ашық адамның азаматтық парызының бірі – ағартумен айналысу. Сол себептен кезінде мен құрған «Зерде» қоры Руссо, Монтескье, Локк, Попперлердің еңбектерін қазақшаға аудартып, басып шығарды. Мұстафа Шоқай шығарған «Яш Түркістан» журналының түпнұсқаларын Британиядағы бір адамнан сатып әкеліп, Ұлттық архивке тапсырдым. «Темірқазық» пікірталас клубы мен телехабары да осы парызды орындау ниетінен туындаған еді.

Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласында біздің аймақ елдерінің ғылымы да кенжелеу дамығанын ескере келе, қазір осы бағыттағы зерттеулерге мән беріп жатырмын. Былтырдан бастап Мемлекеттік басқару академиясында қазақ тілінде дәріс оқумен қатар оқу бағдарламаларын жетілдіруге де атсалысып жүрміз. Нәтижесінде бірінші рет мемлекеттік басқару пәні силлабусына Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Әлихан Бөкейхановтың еңбектерінде де енгіздік. Үш жыл бұрын атақты Палгрейв Макмиллан баспасынан XXI ғасырдағы мемлекеттік қызмет туралы АҚШ, Еуропа, Корея, Жапония ғалымдарымен бірлескен кітабымыз жарық көрді. Осы желтоқсанда, иншалла, Сингапурдағы сол баспадан посткеңестік 15 елдің мемлекеттік басқару реформаларын талдаған еңбегіміз шықпақшы. Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тартуымыз болмақ.

Кейде таң қаламын, бізде кітапты қазан айында жазып, қарашада баспадан шығарып жатады. Сонда баспагерлік немесе ғылыми ыждахаттылық қайда? Бұл плагиаттың көбеюіне де жағдай туғызады. Біз соңғы кітаптың қолжазбасын 2020 жылдың күзінде баспаға өткіздік. Содан бері олар рецензиядан өткізіп, мәтіндегі әрбір сілтеме, әрбір кесте, әрбір суретті тексерістен өткізді. Жетекші ғылыми журналдарда әр мақаланың редакцияға өткізілуі мен басылуының арасында кемі 5-6 ай өтеді. Ал бізде докторанттардан көп мақаланы талап етудің өзі көзбояушылыққа итермелейді. Өткенде Төрегелді Шарманов ағамыз мазмұнсыз кітаптардың қаптап кеткенін тілге тиек қылған еді. Сондықтан кітап шығару ерекше жауапкершілік екенін түсінген абзал.

Дегенмен, baigenews.kz сайтына берген интервьюде мемлекеттік қызметтегі 20 мысал туралы айтқанымдай, кейде тәжірибеде болған оқиғалардан түйген түйінмен бөлісемін. Мемуарлар әлі алда деп ойлаймын. 

Уақыты болғанда, оларға да кезек келер.

- Сұхбатыңызға рахмет!