«Есірткі сатып, адам өлтіреді»: Қазақстанда ең ауыр жаза алған әйелдер не үшін сотталған?
Шымкенттегі әйелдерге арналған қатаң режимдегі колония лық толуға жақын
Қазақстанда әйелдерге арналған қатаң режимдегі жалғыз түзету колониясы Шымкентте орналасқан. 2018 жылдан бері бір ғасырға таяу тарихы бар түрмеге алғаш рет әйел адам басшы болып тағайындалған. Azattyq Ruhy тілшісі аталған мекеме бастығы Айнұр Әділбековамен әңгімелесіп, Қазақстан бойынша ең ауыр жаза алған әйелдер туралы сөйлесті.
Әділет подполковнигі Айнұр Әділбекова бұрын түрме басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған. Сол уақытта да, мекеме басшысы болған үш жылдан бері ол әйел ретінде сотталушылармен адами қарым-қатынас орнатуға көп көңіл бөлетінін айтып отыр.
«Әрине, мұнда тек аса ауыр қылмыспен сотталған қыз-келіншектер, әйелдер түседі. Бірақ, бәрі бір олар да адам, қылмыстық атқару кодексінің аясында жағдайды түсіндірсең, түсіністік танытады», - дейді Айнұр Әділбекова.
Қазақстан бойынша әйелдерге арналған қатаң режимдегі жалғыз колония 250 орынға арналған. Мекеме басшысының мәліметіне сүйенсек, бұл жерге айына 2-5 әйел қамалып отырады.
«Мекеменің толу шегі 250 сотталған адамға арналған. Қазір бұнда 243 сотталған әйел жазасын өтеп жатыр», - дейді ол. Сұхбат кезінде белгілі болғандай, жазасын өтеп жатқан осы 243 әйелдің ең жасы 25-те, ең кәрісі – 70 жастағы әжей екен.
«Түрмеде есірткі сату бабымен сотталғандардың саны 100-ден асады. Кісі өлтірген 17 әйел бар», - деп мәлім етті қылмыс статистикасына тоқталған Әділбекова.
Ең ауыр жаза алған әйелдермен жұмыс істесе де, Айнұр Әділбекова адамдықты бірінші орынға қойып, оларға көмек беру керек деген пікірін айтты. «Әйел ретінде оларға жаным ашиды» дейді түрме басшысы. Әрі ол соттың үкімін алған әйелдерді одан сайын қинамай, жазасын өтеген соң түзеліп шығуына аса мән береміз деп отыр.
«Қатаң басшымын деп айта алмаймын. Өзің әйел болған соң, әйелдердің жан дүниесін түсінуге тырысамын. Олардың жан дүниесі сөзсіз психикалық өзгеріске ұшырайды. Артында қалған бала- шағасы туралы көмек сұрап келеді. Сол кезде ана ретінде, бірақ заң аясында қолдан келгенше көмектескің келеді.
Сотталғанша олардың қолынан онсыз да кісен түспейді. Ал колонияға келгеннен кейін біз оларды кісендеп емес, көбіне түзетіп шығаруға әрекеттенеміз. Біздің мекеме жанында мектеп бар, колледж бар. Сотталғандар арасында тіпті мектепке бармаған азаматшалар бар. Сондықтан, біздің мақсатымыз – қылмыстық атқару кодексіне сәйкес, оларды тәрбиелеп, ары қарай түзу жолға салуға тырысу», - дейді Айнұр Әділбекова.
Сөз соңында көп жылдан бері қылмыс жасаған әйелдермен жұмыс істеп, олардың психологиясын зерттеп жүрген Айнұр Әділбековадан «әйел неге қылмысқа барады?» деп сұрадық.
«Басым бөлігі тұрмыстық жағдайда күйеуімен ұрысып, төбелесіп, пышақ салып алғандар деуге болады. Сондай-ақ, көбіне есірткі сатқан әйелдер. Менің ойымша, кішкентай кезінен жәбір көріп, психикасы өзгеріске ұшыраған әйелдер адам өлтіреді. Ал, материалдық қиындық көргендер есірткі сатады немесе алаяқтық жасайды. Менің ойымша, ең ауыр жаза алған әйелдер осылардың кесірінен қылмысқа барады. Әрине, олардың көбі қылмыс жасағанына өкінеді», - дейді жеке пікірін танытқан түрме басшысы.
Айта кетейік, бұл мекемеде ауру ұлына ем іздеп, үш адамды тапсырыспен өлтірген өскемендік киллер әйел жазасын өтеп жатыр. Ол ең ұзақ мерзім алған әйелдердің бірі. Сот оны 28 жылға бас бостандығынан айырған болатын.