Ақшалай көмекке үйреніп қалған отбасылар бар – қайырымдылық қор өкілі мұқтаж жандармен жұмыс барысын айтты

Автор: Сағыныш Ибрагим

Елордадағы «Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қоры 11 жылдан бері ерекше қажеттілігі бар адамдар мен аз қамтылған отбасыларға көмектесіп келеді

Фото ашық дереккөзден

Күн суытқалы елімізде еріктілердің жұмысы қарқын алды. Жыл өткен сайын олардың қатары да артып келеді. Бұрын мұқтаж жандарға көмекті арнайы ұйымдар ғана көрсетіп келген болса, қазір ерікті жастар топ-топқа бірігіп, волонтерлік қозғалыстар құрып алған. Олар Қазақстанның әр аймағында қайырымды істермен айналысып келеді.

Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген «Мирас-А» қайырымдылық қорының директоры Кәмшат Рахымбаева қордың қазіргі жұмысы, елордадағы аз қамтылған отбасылардың жағдайы мен халықтың қайырымдылық әрекеті жайында айтып берді.

«Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қоры 2010 жылы құрылған. Қор алғашында тастанды балаларға қамқорлық жасаумен айналысып, кейін тағы бірнеше бағытта жұмысын кеңейткен.

«Мен бұл қорда жұмыс істегеніме төрт жыл болды. Қор құрамында негізгі төрт адам бар. Қор президенті, директоры, жетекшісі және көмекші. Бұдан бөлек психолог маманы мен өз еркімен көмек беріп келе жатқан еріктілер бар.

Біздің қор аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналар мен жалғызбасты аналарға қолдау көрсетеді. Өмірде қиын жағдайға тап болған адамға әлеуметтік қайырымдылық жасаймыз. Республика бойынша ерекше қажеттілігі бар жандар мен балаларға психологиялық, педагогикалық тұрғыда көмек көрсетеміз. Еліміздегі әлеуметтік саланың жетілуіне ықпал етіп келеміз. Қоғамның, әсіресе жастардың саналы, салауатты өмір сүруіне үлес қосу біздің басты мақсатымыз», - дейді Кәмшат Рахымбаева.

Қор 6 бағыт бойынша жұмыс істейді.

«Ең алдымен тастанды балалармен жұмыс істейміз. Құрылған 11 жылдың ішінде 100-ден аса баланың анасымен қауышуына себеп болдық. Алдымен баланы тастап кеткен ананы тауып, жұмыс жүргіземіз. Жігіті болса жігітін тауып беріп, ата-анасымен сөйлесіп, жағдайын түзеп алғанша баспанамен қамтамасыз етеміз. Балаларды перзентханадан шығарып алу, ат қою, қырқынан шығару сияқты салт-жоралғылар да жасалды. Одан бөлек, көп балалы аналарға көмек көрсетіледі. Қорға өткізілген киім, тұрмыстық заттарды жағдайы нашар отбасыларға үлестіріп береміз.

Кейін «Шаңырақ» танысу бұрышы жүзеге асырылды. Аталған бағдарлама арқылы ерекше қажеттілігі бар жандар өз жартысын тауып, отбасы құрды. Басқа да жұбын таба алмай жүрген адамдар жобаға қатысып, сыңарын тапты. 11 жылдың ішінде аталған бұрыш арқасында барлығы 56 отбасы құрылды. Сонымен қатар, адамдарды қайырымдылық пен жақсылыққа үндейтін «Мирас насихат» атауымен шығатын газетіміз де бар. 11 жыл ішінде арнайы оқу жүйесі арқылы зағип жандарды қазақ, орыс, араб тілдерінде оқуға үйреттік. Мұражай, көрме, фильмдерге аудиодескрипция жасадық», - дейді ол.

Қорға жиналатын негізгі қаражат халықтан келеді. Қор директоры көмектесуге дайын тұратын жомарт жандардың қатары көбейіп келе жатқанын айтады.

«Пандемия уақытында жағдайы өте нашар, тіпті жеуге наны жоқ адамдарды өз көзімізбен көрдік. Азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қолдан келгенше көмектестік. Көмекке мұқтаж адамдардың тізімін өзіміз іздемейміз. Көбі әлеуметтік желі арқылы хабарласып келеді. Қаражатты өзіміз танитын адамдар аударады. Он шақты демеушіміз бар. Қаражат жинауда ережелер жоқ. Әркім шамасына қарай ақша жібереді. Қазір қордың әлеуметтік желідегі парақшасын дамытып жатырмыз. Көбіне көмекті қарапайым халық береді. Бәрі халықтың арқасында болып жатыр», - дейді қор өкілі.

«Жағдайы шынымен нашар отбасылар көмек сұрауға ұялады»

Ол көмекке мұқтаж отбасылардың ішінде халықтың бергеніне үйренген, жағдайын түзету үшін еңбектенуден бұрын сұрай салуды оңай көретін отбасылар барын айтты. Сондықтан аз қамтылған отбасыларға көмектесу барысында тұрмыстық жағдайы толық тексеріледі.

«Жағдайы нашар отбасылар көбіне көмек сұрай бермейді. Оларды көршілері, таныстары көріп хабарласады. Өздері сұрауға ұялады. Сұрай беретін отбасылар да бар. Кейбір жандарға жағдайын түзету үшін көпшіліктен көмек сұрай салған жеңілірек. Ақшалай көмекке үйреніп алғандар кездеседі. Барсаң әжептәуір жағдайы бар жақсы киініп, жақсы телефон ұстап жүрген адамдар болып шығады. Сондықтан шынымен қажет деген отбасыларға көмек беруге тырысамыз.  

Көбіне жігерлі жастарға көмектескіміз келеді. Себебі, олар мүмкіндігі шектеулі болса да, кез-келген салада еңбек етіп, қоғаммен бір болуға тырысып жүргендер. Жарысқа барғысы келіп, бірақ қаражаттың жоқтығынан қолы байланып отырған жас спортшылардың жол ақысын көтеруге барынша тырысамыз», - дейді Кәмшат ханым.

Ол қордың болашақта жүзеге асырғалы жатқан үлкен жобасының біріне тоқталып, қайырымдылық жасау жолындағы қарапайым адамдардың әрекетіне ризшалығын білдірді.

«Үйде отырған ерекше қажеттілігі бар адамдардың басын біріктіріп, өмірге деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Тәуелсіз еркін өмір сүру» орталығын ашқымыз келеді. Бұл біздің болашақтағы жоспарымыз. Орталықтың ерекшелігі – Брайл жүйесі бойынша оқыту, кәсіби шеберлікке шыңдау. Онда кітапхана, бассейн, психологиялық көмек беру, инклюзивті білім беру орталығы болады. Зағип жандар жұмыс істей алатын түрлі шеберхана ашу арқылы ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмыспен қамтығымыз келеді. Осының бәрін бір орталыққа біріктірсек дейміз.

Біздің қор үкіметтен ешқандай көмек алмайды. Бәріне халық көмектесіп келеді. Сондықтан қарапайым адамдардың қайырымдылық жасау әрекетіне оң бағамды беремін. Өзгенің қиындығын бөлісуге, көмегін беруге дайын тұратын жандарға алғысымыз шексіз», - деп қорытындылады «Мирас-А» қайырымдылық қорының директоры Кәмшат Рахымбаева.

Еске салайық, 2020 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Осының аясында былтыр елімізде көптеген қайырымдылық шарасы өтіп, белсенді еріктілер марапатталды.