Қазақ тілін меңгеру үшін 4 ай жеткілікті – Юлия Лагуткина

Автор: Azattyq Rýhy

Бірнеше тілді қатар меңгерген Юлия Лагуткинамен сұхбат 

Юлия Лагуткина – Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің түлегі. Қазір магистратурада білім алып жүр. 12 жыл орыс мектебінде білім алған орыс ұлтының өкілі қазақ тілінде ойын іркілмей айтып, еркін сөйлейді. Сонымен қатар ағылшын, түрік тілдерін де меңгерген. Юлиямен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Юлия, Қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?

- Қазақ тілін мектеп бағдарламасынан білемін. Ден қойып оқыған балаға оны меңгеріп кету үшін сол да жеткілікті деп ойлаймын. Бәрі мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен шәкірттің ынтасына байланысты. 12 жыл орыс мектебінде оқыдым. Ұлы Абай тіліне деген сүйіспеншілігімді Айыртау ауданы Лавровка ауылындағы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жанар Құсайынова оятты. Сол үшін де алтын ұстазыма алғысым шексіз. Ол кісінің сабағы басқа ұстаздардікіне ұқсамайтын. Біз жай ғана мәтін оқып, шығарма, эссе жазумен шектелмейтінбіз. Сынып бөлмесінде кішкентай ғана теледидар тұратыны есімде. Мұғалім таңертең оны қосып, жаңалықтар көрсететін. Барлық бала түсінгенімізді, ойға түйгенімізді ортаға салатынбыз. Күн сайын балаларға жаңа тақырыпты қызықты етіп жеткізудің түрлі әдісін табатын. Әр сабақ ерекше, қызықты өтетін еді. 9 сыныпта емтихан арқылы Петропавл қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылдандым. Ауылдағы білім ошағында үйренгенімді тәжірибе жүзінде пайдалануға жол ашылды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен түрлі облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Дайындық барысында тілді тереңдете меңгере түстім. Сайыстардың да көп пайдасы тиді.

- Шын көңілмен ден қойған адамға тілді үйрену үшін қанша уақыт қажет?

- Шын ниет болса, тіл меңгеру қиын емес. Еркін сөйлеу үшін 4 ай жеткілікті. Әсіресе қазақ тілін білу үшін грамматиканы үйрену керек. Тәжірибе де өте маңызды, тілді жаттықтырып, сөйлеу қабілетін қалыптастыру үшін тілді күнде қатынас құралы ретінде пайдалану керек. Ағылшын тілімен салыстырғанда әлдеқайда оңай. Келер шақ, осы шақ пен өткен шақты ажырата білсең жеткілікті. Үш жылдан бері репетиторлық қызмет көрсетіп, өзгелерге қазақ және ағылшын тілдерін үйретіп жүрмін. Методикасын толық меңгеріп алдым деуге болады. Өз уақытымды тиімді өткізумен қатар, өзгелерге де пайдаң тисе жақсы.

- Қазақ тілін білудің қандай ұтымды тұстары бар?

- Қазақстанда 140-тан астам ұлт өкілдері тұрады. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілді меңгергендері аз. Дегенмен, қызуғушылар қатары артып келе жатқанын байқап жүрмін. Елімізде тіл білген азаматтың жолы ашылады, әсіресе өзге ұлт өкілдері үшін. Өз тәжірибемнен айтайын, өзің қалаған жұмысқа орналаса аласың. Қызмет сатысымен өсуге мүмкіндік бар. Еліміздің қай түкпіріне барсаң да, халықпен емін-еркін қатынас жасай аласың. Америкаға сапар шексек, ағылшын тілінде, Ресейге барсақ, орыс тілінде сөйлейміз. Қазақстанда да солай болуы тиіс. Былтыр Тұңғыш Президент – Елбасы Нұсұлтан Әбішұлының жетекшілігімен өткен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» атты Ассамблея кеңесі отырысына қатысып, сөз сөйледім. Мемлекеттік тәл мәртебесі мәселесін көтердім. Оны тек мемлекетке жүктеп қойюға болмайды. Қазақстанның барлық азаматы атсалысуы керек. Тіл білуімнің арқасында талай үлкен жиындарға қатысып, мінберден сөз алып жүрмін. Үлкен тұлғалармен кездесіп, әрқайсысынан өмірлік тәлім аламын. 

- Туған тілін білмейтін адамдар туралы не айтар едіңіз?

- Адам ана тілін және өзі тұратын елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті. Ол ананың сүтімен берілетін құндылық. Қазақстанда тұратын барлық халықты қазақ тілін үйренуге шақырамын. Ұлы данышпан Абайдың, ақиық ақын Мұқағалидың тілі мен үшін өте әдемі, әуезді, бай. Тіл арқылы қазақ халқының тарихын біліп, дәстүрі жайында хабар алып келемін. Қаншама рухани қазынаға ие болдым. Ағам Ресейге оқуға да шақырды. Бас тарттым. Өйткені Қазақстанда туып-өстім. Отаным өзіме қатты ұнайды.

- Жалпы неше тіл білесіз? Қандай тіл ұнайды? Не себепті?

- Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін, және түрік тілін аздап білемін. Қазір меңгеріп жүрмін. Қазақ тілі – менің екінші ана тілім. Түрік тілін оқу маған оңай болып жүр. Себебі қазақ тіліне көп сөздері ұқсайды. Болашақта испан, француз тілдерін білгім келеді. Адам шындап кіріссе, алынбайтын қамал жоқ.

- Елімізде мемлекеттік тілдің деңгейін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Қазақстанда мемлекеттік тілді үйрегу үшін барлық жағдай жасалған Тек қызығушылық болса жеткілікті. Тегін курстар, интернет сабақтар, сан-алуан кітаптар бар. Қайсысын таңдағың келсе, өз еркің. Тек кейбір адамдардың соны пайдаланбайтыны өкінішті. Мемлекеттік тіл деңгейі өзекті болып тұр. Бұл уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Жастардың арасында қазақ тілін білмей тұрып, ағылшынды меңгергісі келіп жүргендер көп. Оны білген әрине жақсы, тек адам бірінші кезекте ана тілін білуі шарт.

Менің замандастарым – тәуелсіз Қазақстанның бақытты ұрпақтары. Әлеуметтанушылар бізді “Z буыны” дейді. Яғни, технологияның тілін меңгерген бүгінгінің жастары деген ұғымды білдіреді. Менің қатарластарым ғылым мен техникада жаңалықтар ашып, әлемге таныла бастады. Биологиялық медицинаны жетілдіріп, робот құрылғыларын ойлап табуда ешбір мемлекеттің жастарынан кем түспейді. Елімізде “Z буынының” қалыптасып, дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Соның арқасында мен Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін алтын белгімен бітірдім. Әдетте, Солтүстік Қазақстанның тұрғындары қазақша сөйлемейді деген стереотип қалыптасқан. Бірақ олай емес. Бұл сөздерді осы өңірде туып-өскен өзім-ақ жоққа шығара аламын. Мен басқа да адамдар жетіп жатыр. Менің туған жерім – Қазақстан! Өз Отанымда тұлға ретінде қалыптасып, еліме титтей де болса пайда тигізгім келеді. Өз басым қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру туралы алға қойған асқаралы мақсатты толық қолдаймын. Жыл өткен сайын мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге этнос жастарының қатары көбейіп келеді.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Эльмира Мәмбетқызы