«Қазақстан тарапынан құрғақ уәде емес, нақты көмек күтеміз» - Германиядағы қазақ қауымдастығының жетекшісі

Автор: Azattyq Rýhy

Сәдия Сүрер Кельндегі қазақ қауымдастығының тіршілігі жайында баяндады

Әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қазақтардың Еуропадағы ірі диаспорасы Германияда шоғырланған. 1960 жылдардан бастап Түркиядан қоныс аударған қандастарымыз негізінен Кельн қаласына көшіп барды. Бүгінде бұл қалада мыңдаған қазақ тұрады. Олардың басын қосып, тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді үйрететін қазақ мәдени орталығы да бар. Azattyq Ruhy тілшісі осы орталықтың басшысы Сәдия Сүрермен сұхбаттасып, Еуропадағы қандастардың бүгінгі жай-күйін сұрап білді.

Сәдия апай Германия қазақтарының ұлттық құндылықтардан, тіл мен дәстүрден ажырап қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатқанын айтады. Алайда, Қазақстан тарапынан қосымша көмексіз бұл істі жүзеге асыру қиынның қиыны.

Германияға көшу тарихы

Мен Ыстанбұлда туып өскен қазақпын. Сонда мектепке бардым. Әке-шешем ашаршылық кезінде Түркияға көшіп келген көп қазақтың бірі.

Түркияда жұмысқа орналасу жағынан қиындықтар көп болды. Сол уақытта Германияда шетелдік жұмыс күшін тарту қарқынды жүріп жатқан болатын. Сонда біздің үлкен кісілер Германияға көшті. Мен 1981 жылы ата-анамның Германияда тұратын достарының ұлына тұрмысқа шығып, сол әулетке келін болдым. Германия мен Түркияның айырмашылығы өте көп. Алғашында қатты білінетін маған. Екі ұлттың мәдениеті әр түрлі, адамдары да басқа. Түркияға қайтқым келді. Бірақ, келін болып түскендіктен шыдадым. Қыз бала барған жеріне тастай батып, судай сіңуі керек деген қағидадан алыстамадым.

Алғашында қатты қиналдым: Түркия халқы болсын, қазақтар болсын, тойшыл, қауымшыл, тығыз қарым-қатынасты жақсы көреміз ғой. Ал, немістер нақты кестемен жүретін, тәртіпке байланған халық. Бірақ, көп ұзамай немістердің іскерлігін, мәдениетін ұната бастадым. Германияда тұратыныма қуандым және қуанамын. Кейде терең ойға батқан кезде қазағым мен Түркияға немістердің іскерлігі жұқсыншы деп дұға етемін. Немістердің тәртібіндей болса екен деймін. Нақты кестемен жүреді, кез келген нәрсені уақытында жасайды. Әрине, ұнамайтын тұстары да бар: олар суықтау халық. Қазақтар, түріктер жайдары, ашық, ата-анаға қарағаны ерекше, ағайын-туыс деген ұғым бар. Біздің осындай дәстүрдің немістерге де жұққанын тілеймін.

«Ұлдарымның қазақ қызына үйленгенін қалаймын...»

Германияға келген уақытта бірден жұмысқа тұра алмадым, бұл жақта қызметке орналасу өте қиын еді. Алғашында металдан түрлі құрал-сайман жасап шығаратын кәсіпорында жұмыс істедім. Кейін жеке кәсіпке кеттім: терімен, тоқымамен айналыстық. Бірнеше жылдан кейін банкрот болдық. Мен гастрономия ісін жанымдай жақсы көретінмін, ақыры сол іспен айналысуға бел будым, жаман болған жоқпын. Қазірге дейін осы ас әзірлеу саласындамын. Германияда әйелдер 63 жаста зейнетке шығады, менің әлі үш жыл уақытым бар.

Төрт баламның барлығын оқыттым. Үлкен ұлым рэгби спортымен айналысады. Жоғары лигада ойнады. Кейін Түркияның рэгбиден ұлттық құрамасына ауысты. Жалғыз қызым кәсіпкерлік саласында. Одан кейінгі егіз ұлдарым әлі студент: біреуі машина инженериясын меңгеруде, екіншісі медицина саласында оқып жатыр.

Қызым қазір тұрмыста. Бірақ ұлдарым бойдақ, оларға қазақ қыздары бұйырса деймін. Қазақстанға бір ай емес, бір аптаға барса да разы болар едім. Себебі біреуі жұмыста, біреуі оқуда. Қазақстанға оларды өзім апарамын деген мақсат қойдым.

Кельндегі қазақтар қауымдастығын жеті әйел басқарады

Мен негізі Гейдельберг қаласында тұрамын. Кельннен алыс емеспіз – 250 шақырымдай. Үш жылдан бері Кельн қазақ мәдениет орталығын басқарып келемін. Германиядағы қазақтардың ең көп шоғырланған жері осы Кельн қаласы. Олардың көбі өзім сияқты Түркиядан көшіп келген қазақтар. Алғашында мен Германияға келін болып түскенде, Кельндегі қазақ отбасыларының саны 40-45 шамасында болатын. Ұрпағы көбейіп, балалары өсіп, кейін тағы көшіп келгендер бар, қазіргі таңда отбасы саны 150-ден асып отыр. Қазақстаннан, Моңғолиядан, тағы басқа елдерден көшіп келген қазақтар бар. Соңғы жылдары қазақтардың санын түгендеп, кім қайдан келгенін, қайда орныққанын нақтылауды қолға алдық. Барлығын қоса есептейтін болсақ қазір мыңға таяу қазақ бар.

Біздің қоғам құрудағы мақсатымыз – қазақтарды біріктіру, жастардың арасында қазақылықты сақтау, тілді, мәдениетті дәріптеу. Соңғы жылдары бұл шаруаның барлығы қиындап барады. Еуропадағы кейбір мәдени қауымдастығымыз тоқырауға ұшырады, жабылып қалғандары да болды. Маған осындағы қазақ әйелдер тәжірибең бар, біршама қазақ қоғамдарымен араластың, жағдайды жақсы білесің, Кельндегі қазақ мәдени орталығы тұралап қалды, өзің қолға алсаң деген тілектерін білдірді. Ойлана келе, келістім. Бірақ жаныма тағы алты әйел алдым. Жеті әйел болып басқарамыз қазір. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай: Еуропада әйелдер басқаратын қазақ мәдени қауымдастықтары еш жерде жоқ.

Германиядағы қазақ жастары қазақ тілін мүлдем білмейді

Бізде ең өзекті проблемалардың бірі – тіл мәселесі. Барлығы ақшаға келіп тіреледі. Қайбір жылдары тіл курстары болған. Бірақ алғашында он кісі қатысып бастайды да, екі ай өтпей оның біреуі ғана қалады. Тартымды болмады...

Өз басым қазақшамды сақтап қалдым. Ата-анамның арқасы, үйде тек қазақша сөйлесетінбіз, тек қазақ дәстүрін ұстанатынбыз.

Германияда үлкен кісілердің ішінде қазақ тілін таза сақтағандары бар, ұмытып кеткендері де бар. Негізі тілді сақтап қалғандардың дені 60-тан асқан қазақтар. 30-40 жас аралығындағылардың тек жартысы біледі. Оның өзінде акцентпен сөйлейді, кей сөздерді түсінбейді. Ал жастарымыз, өкінішке қарай, мүлдем қазақша білмейді. Менің үйімде де сол жағдай. Бірақ балаларымның барлығы балабақшаға бармас бұрын үйде тек қазақша сөйлесетін. Қазақ тілінен басқа тіл білмейтін. Қазір де қазақ тілін мүлдем ұмытты деп айтпас едім, өте жақсы түсінеді.

Менің ойымша, тілден бұрын, адамның көкірегінде қазақылығы болу керек. Яғни «мен қазақпын» деген шынайы түйсігі болуы керек. Мысалы, Германияда ана тілін білмесе де, қазақылығы өте мықты, домбыраға, ұлттық тағамға махаббаты берік кісілер баршылық.

Ұлттық дәстүрді қайта жаңғырту

Көп дәстүр ұмытылып кеткен. Кельндегі қазақ мәдениет орталығын осы біз жеті әйел болып басқарғалы барлық шараларға ұлттық киімді киіп шығатын болдық. Мысалы түріктердің де, немістердің де ресми шараларына өзіміздің ұлттық киімді киіп барамыз. Мен төрайым болып тағайындалғанда екі мақсатты көздедім. Біріншіден, әйелдерді, қыздарды осы қоғамдық жұмыстарымызға белсенді қатыстыру. Екіншіден, біздің салт-дәстүрлерімізді жастарға таныстырып, қызығушылығын ояту.

Жұмысты тілашардан бастадық. Үйге үлкен қонақ шақырып, балаларға сыйлық бергіземіз, елшіліктен ағаларын шақыртамыз, немістерге көрсетіп істейміз мұның бәрін. Олар қызығады, кейін өздері де осы дәстүрді үйреніп алды. Қазір мектепке баратын балаларына міндетті түрде сыйлық жасайды.

Мұнда Наурыз тойлау да ұмыт болып бара жатыр еді, оны жаңғырттық. Рамазан айында жарапазан айтып, үй-үйді аралаймыз. Балаларды асық ойнауға үйреттік.

Біз қартайып жатырмыз, қазір осы білгеніміздің бәрін жастардың бойына сіңіріп кетпесек олар ертең қазақылықты мүлдем ұмытады, не тілді, не дәстүрді білмейтін болып шығады. Сол үшін қазір барымызды салып жұмыс істеп жатырмыз.

Мұндағы қазақ жастарының 80% жоғары білімді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Енді солар өз ұлтының тілін, әдет-ғұрпын жақсы білсе, дәстүрді ұстанса төртеу түгел болар еді.

Пандемия кезінде Германия қазақтары Қазақстанға тыныс алу аппараттарын жіберген

Кельндегі Қазақ қауымдастығының әлеуметтік шаралары да бар. Былтыр Қазақстанда ковид белең алып, адамдар қайтыс болған кезде, біздің де жанымызға қатты батты. Германиядағы қазақтар болып ақша жинап, Қазақстанға бірталай тыныс алу аппаратын жібердік. Қазақстанымызға тиген көмегіміз болсыншы деп атсалыстық.

Түркиядағы қазақтарымызға да қолғабыс тигіздік. Ондағы барлық отбасының жағдайы керемет емес, тұрмысы төмен қазақтар қаншама?! Олардың балаларына да сабақ үлгерімі төмендемесін, қиналмасын деп құралдарын, гаджеттерін сатып алып бердік. Жиналған ақшамызға жұмыстан айырылған қазақтарға екі аптаға жететін азық-түлік жібердік.

Жағдайымыз келгенше қауымдастығымыз арқылы да, жекелей де көмек көрсетуге барынша тырысып жатырмыз. Бір қазақ баласының операциясына 86 мың еуро қажет болған болатын. Оған да ақша жинадық.

Қазақстан билігінен көмек қажет

Жалпы, қазақ қауымдастығының әлі де жұмыс істеп тұрғанына, жабылып кетпегеніне тәубе дейміз. Бірақ жағдай керемет деп айтуға келмейді. Ешкімге қол жаймаймыз, барлығын өзіміз алып келе жатырмыз. Кельн қоғамының ақсақалдары, үлкен апайларының және біздің бір арман – іс-шараларымыз өтетін, заттарды сақтайтын, керек жағдайда қонаққа келген қазақтарды орналастыруға болатын титтей болса бөлме, не шаңырағымыз жоқ. Сол арманымыз орындалса дейміз. Біздің өзіміздің оған жағдайымыз жетпейді. Қазақстан үкіметі бір жәрдем берсе екен деп тілейміз, себебі мемлекет үшін ол қиындық туғызбайды. Тойымыз болса да, фестиваль мен конференциялар болса да сол өзіміздің қазақтар еркін кіріп-шығып жүре алатын жеріміз болса екен дейміз. Студенттер жата алатын, ем қабылдауға келген қандастарымыз жата алатын орын маңызды. Себебі жалдау мұнда өте қымбат.

«Қазақстан тек уәде береді, бірақ істемейді...»

Шетелдегі қазақтарға көмектесетін «Отандастар» қорына да айтып көрдік өз проблемамызды. Өкінішке қарай, бұл тек Кельн қазақтарының жанайқайы емес, бұл туралы еуропадағы өзге қазақ қауымдастықтары да талай рет айтқан, талай рет Қазақстан билігінен көмек сұраған. Дания, Швеция, Францияда қазақ қауымдастықтары бар, бәрінің айтатыны бір: «әуре болма, олар бәрібір көмектеспейді» дейді. Бірақ, мен әлі үмітімді үзбедім, Қазақстан үкіметі көмектеседі деп ойлаймын.

Біз бұл жұмыстарды жеке бастың пайдасы үшін істеп жатқанымыз жоқ, бәрі де өзіміздің қаракөздеріміз үшін. Студенттер келсе қарны ашпасын, далада қалмасын дейміз. Қазақтар өзін жетім баладай сезінбесе екен дейміз. Осындағы қазақтар қазақылықты ұмытып қалмаса екен дейміз. Әйтпесе менің өзіме бұл жұмыстың біреуі де керек емес, өз кәсібім бар, отбасым қазақы дәстүрді ұстанады, ешқандай проблемам жоқ. Бәрі де осы қазақтар үшін.