«Ауғанстандағы ахуал тікелей қауіп төндіріп тұр». Өзбек саясаткерімен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Өзбекстандық саясаткер, Самарқандағы халықаралық туризм университетінің проректоры Жулибой Элтазаровпен сұхбат

Жулибой Элтазаров, өзбек саясаткері

Шілде айында Ташкентте Ауғанстандағы жағдайға қатысты үш күндік саммит өтті. «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық қатынастар. Қауіптер мен мүмкіндіктер» атты конференцияға мемлекет пен үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, халықаралық және аймақтық ұйымдардың басшылары қатысты. Әлемнің 50-ге жуық елінен 600 -ге жуық өкіл келген еді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жиынды ашып, БҰҰ бас хатшысы сөз сөйледі. Тіпті, осы жиында Ауғанстанның сол кездегі президенті Ашраф Гани елдегі тұрақтылықты орнатып қана қоймай, халықаралық жобаларды жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізді. Алайда, арада аз уақыт өткенде тәлібтерден күреспей жеңілген Ашраф Гани елден қашып кетті. Осылайша ондаған мемлекеттен келген делегаттардың диалогы нәтижесіз қалды. Тәліптерден қашқан ауғандықтар Өзбекстан шекарасына ағылды. Тәліптер 20 жылдық соғыс тоқтады деп мәлімдегенмен, саясаткерлер азаматтық соғыстың келесі кезеңі басталып кетуі мүмкін екенін айтады. Күн сайын күрделенген ахуалға қатысты өзбекстандық саясаткер, Самарқандағы халықаралық туризм университетінің проректоры Жулибой Элтазаров пікір білдірді.

- Жулибой Данабойұлы, Өзбекстан билігінің Ауғанстанда қандай мүддесі бар?

- Оңтүстік Азиядағы Пәкістан, Үндістан және Иранның да Ауғанстанда мүддесі бар. Ең бірінші - бұл елде тыныштық орнату керек. Орта Азия елдерінің ешқайсы, оның ішінде Өзбекстанда бар, барлығы мұхитқа тікелей шыға алмайды. Өзбек билігі соңғы өткен конференцияда Ауғанстанда темір жол салу жөнінде бастама көтерді. Термез бен Пешавар қалаларын жалғайтын 1,5 мың км темір жол салу жоспарланған. Егер Қырғызстан мен Өзбекстан Балтық теңізіне шықса 3 мың км асып кетеді. Ал Тынық мұхитына шығудың жолын қарастырса, 7 мың км асып кетеді. Ауғанстанда тыныштық орнаса бұндай алыс жолдарға ұрынбай, темір жол арқылы Үнді мұхитына шығуға мүмкіндік туады. Өткен ғасырларда, осы уақытқа дейін біз Үнді мұхитына шыға алмадық. НАТО мен Кеңес Одағының тіресі, Ауғанстандағы 40 жылдық соғыс, әлемдегі алпауыт екі державаның геосаяси тіресі оған мүмкіндік бермеді. Шілдедегі жиында Өзбекстан, Пәкістан, Ауғанстан және АҚШ атысты тоқтау жөнінде арнайы топ құрған. Оған Түркіменстан қосылуы керек еді. Себебі, Түркіменстан Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістанға газ құбырын тартқысы келеді.

Ауғанстанда неге тұрақтылық жоқ? Оның басты себебі - әлемдік сауда, көлік қатынасы сынды жобалардан бөлініп қалған. Егер жоғарыдағы жобалар іске асса, Ауғанстан әлем елдерімен біріге бастайды.

- Түрлі пікір қайшылығы бар. Бір саясаткерлер Орталық Азияға қауіп бар десе, келесісі тікелей төніп тұрған ештеңе жоқ дейді. Тәліптердің өздері көршілермен тіл табысуға ынталы екенін айтып келеді. Сіздің саралауыңызша, қауіп төнуі мүмкін бе? 

- Жуырда Ташкентте осы Ауғанстан, Орта және Оңтүстік Азия елдерінің тыныштығын сақтау жөнінде арнайы жиын өтті. Бірақ көп ұзамай Ауғанстанда тұрақсыздық басталды. Ауғанстан Өзбекстанға тікелей қауіп төндіріп тұр. 40 жылдық соғысқа бұрын Кеңес Одағы, одан кейін АҚШ басын қатырды. Енді бұл проблемалар Орта Азия елдеріне қалып, тұрақсыздық жағдайындағы проблемамен тікелей, бетпе-бет келдік. Тәліптерден құтылу мүмкін болмады. Тәліптер көрші елдердің шекарасына бармаймыз деді. Кез келген азаматтық соғыс миллиондаған босқындардың елді тастап шығуына әсер етеді. Босқындар Түркіменстан мен Өзбекстан шекарасынан өтіп үлгерді. Тәліптердің билікке келуінен жүздеген мың босқын Орта Азиядағы өзге мемлекеттерге кеткісі келіп отыр. Еуропа ауғандық босқындар үшін алыс, Үндістан мен Пәкістан ауғандықтарды ешқашан қабылдамаған. Негізгі ағын біз жаққа қарай бағытталады. Сондықтан соғыс толықтай елді шарпымай тұрғанда, тоқтауға күш салу керек. Тәліптермен жүргізілген келіссөздерден әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ. Бірақ тәліптердің де соғыстан шаршағанын естен шығармау керек. Олардың да мүддесі бар, сол арқылы ортақ келісімге келген тиімді.  

- 40 жылдық соғыс жарты ғасырлық соғысқа ұласуы, созылуы мүмкін бе? 

- Ауғанстанда тұрақтылық өздігінен орнамайды, тынымсыз келіссөздер жүргізу керек. Қазір АҚШ әскерін әкетті. Тәліптер елдің бұрынғы билігімен әлі келісе алмай жатыр. Кейбір аймақтарда қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Бұл ұзаққа созылатын азаматтық соғыстың басталуына себеп болмақ. Шындығында бұл процесс басталып та кетті.

- Өзбекстан босқындарды қабылдауға дайын ба?

- Халықаралық келісім бойынша шекараға соғыстан қашқан босқындар келсе, оларды сол мемлекет қабылдауға тиіс. Өзбекстан босқындарды қабылдауға қауқарлы. АҚШ виза бергенге дейін босқындар бірнеше ай бізде өмір сүре алады. Босқын мәртбесі бойынша қашып келгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Әсіресе, олар балалар, әйелдер мен қарттар болса. Ауғандық әскерилердің шекарадан өтіп кетуі басқаша сипатқа ие, олар босқындар емес. Сондықтан кері қайтарылды. Алайда әзірге халықаралық деңгейде қандай да бір нақты шешім қабылданған жоқ.  

- Көрші тұрған қос елдің арасында қазір қандай байланыс бар?

- Соңғы 100 жылда Ауғанстан мен Өзбекстан арасында Кеңестік әскердің бастауымен 10 жылдық соғыстан басқа айтарлықтай байланыс болған жоқ. Тарихымыз ортақ, болашағымыз бір болса да, біріктіретін жобалар жоқ. Ешкім көрші таңдай алмайды. Таңдау мүмкіндігі болғанда, біз басқа мемлекеттерге жақын болар едік.

- Тәліптердің жеңілмеуінің басты себебі қаржылық мүмкіндіктерінің таусылмауы. Оларды кім қолдап отыр?

- Тәліптер - әу баста антиресейлік партизандар болды. Кейін олар саяси күшке айналды. Олардың қаржыны қайдан алатынын бәрі біледі. Араб түбегіндегі мұнай державасы тәліптерді қаржыландырады. Сауд Арабиясы екенін бүкіл әлем біледі. Тәліптер соңғы кездері Қытайдың қолдауына да ие болды. Бұл әлемдік держевалар арасындағы теке-тірестің, соның ішінде Ауғандағы саяси ахуалдың жуық арада тоқтамайтынын білдіреді.  

- Қазақ-өзбек билігі туризм бағытындағы біріккен ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Мақсаты - тек екі елдің ғана емес, Азия аумағындағы адамдарды турист ретінде тарту. Сіздің ойыңызша туристер ағыны арқылы шекарадан содырлар, қылмыскер қашқындар өтіп кетеді деген күдік тумай ма? 

- Өзбекстан-Қазақстан арасында біріккен туристік пакет құрылса, Оңтүстік Азия мен Еуропадағы қалталы туристерді көптеп тартуға мүмкіндік туады. Шетелдік әрбір турист өзінің саяхатына кемінде бір мың доллар тастап кетсе, жобаның ақталғаны. Бұл Орта Азия мемлекеттерін интеграциялаудың басы деп айтуға болады. Өткен ғасырдың 50-жылдары Еуропа елдері көмір және металлургия қауымдастығын құрып, соның негізінде бір-бірімен тығыз араласып кетті. Орталық Азиядағы елдерді туризм байланыстырмақ. Түркістаннан Хиуаға дейін турпакеттер мен жүрдек пойыздарды шығару жобасы өте тиімді. Біздің жаққа келетін туристердің көшін Қазақстан бастап тұр. Туристер арқылы қауіп тудыратын адамдардың кіріп кетпеуін қадағалау - тікелей шекараға жауапты органдардың міндеті. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар көп деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Әмірболат Құсайынұлы