«Болашақ» бағдарламасы: ауылдан шыққан үміткерлер үшін квота сақталады

Автор: Azattyq Rýhy

Биылғы іріктеу бойынша стипендия иегерлерінің тізімі қыркүйек және қараша айларында белгілі болады

113 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Шешім маусым айында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында қабылданды. Қазіргі таңда стипендия жеңімпаздарын анықтау бойынша конкурс жалғасуда. Келесі тізім қыркүйек және қараша айларында жарияланады.

Сонымен қатар, биыл ауылдық елдімекенде тұратын қазақстандықтар үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша квота сақталады. Ауыл жастары жеңілдік талаптары бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатыса алады.

Осы және өзге де жаңалықтар жөнінде Azattyq Rýhy тілшісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілімен сұхбаттасты.

«БОЛАШАҚ» СТИПЕНДИЯСЫН ТАҒАЙЫНДАУ ҮШ РЕТ ӨТКІЗІЛЕДІ

Биыл «Болашақ» стипендиясын тағайындау үш рет өткізіліп, қорытындысын маусым, тамыз және қараша айларында шығару жоспарланған.

«Стипендиялар медицина, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, білім беру, инновациялар мен жаңа технологиялар, креативті индустрия, сондай-ақ индустриялық инженерия бағыттары бойынша бөлінген. 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға барлығы 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде «Ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. Бұл – шын мәнінде бұрын-соңды болмаған шара. Енді жыл сайын еліміздің 500 ғалымы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, соның ішінде осы орталықтардың зертханаларында бірлескен зерттеулер жүргізе алады. Біз ғалымдарымызды белсенділік танытып, шәкіртақы тағайындауға қатысуға шақырамыз», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Конкурстық іріктеуден өткен стипендиаттар енді магистратура мен докторантурада оқиды немесе әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша тағылымдамадан өтетін болады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 4 мамырдан басталып, 28 қазанға дейін жалғасады.

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ҮМІТКЕРЛЕР ҮШІН ҒАНА КВОТА САҚТАЛАДЫ

«Болашақ» бағдарламасының қағидаларына сәйкес, квота бойынша халықаралық стипендияға соңғы үш жылда ауылда тұратын үміткерлер үміткер бола алады. Сондай-ақ, олар ауылдық елдімекенде соңғы екі жылда жұмыс істеуі тиіс.

«Оған қоса, GPA – ауылдық квота бойынша үміткерлер дипломының орташа балы 4.00-ден 2,67-ден кем болмауы қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл бойынша В1 деңгейінен кем емес, шет тілі бойынша IELTS кемінде 9.0-ден 6.0, TOEFL: PBT 677-ден 500, IBT 120-дан 60-78 нәтижесімен емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы міндетті.  Үміткерлер бакалавр немесе маман дипломы бойынша мамандықты, мәндес мамандықтарды таңдай алады», - деп нақтылап өтті, ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозова.

Ауылдық квота бойынша стипендиаттар Қазақстан аумағында 6 айға дейінгі мерзімде тегін тілдік дайындықтан өте алады. Бұған қоса, ауыл тұрғындарына «Болашақ» бағдарламасына құжаттарды тапсыру сәтінде шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше түсу міндетті емес. Олар стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама шеңберінде оқуға ұсынылатын ЖОО тізімінен оқу орнын таңдай алады.

АУЫЛДЫҚ КВОТА БОЙЫНША ТҮСКЕН СТИПЕНДИАТТАР КЕПІЛ МҮЛКІ ШАРТЫНАН БОСАТЫЛАДЫ

2020 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына ауылдық елдімекеннен шыққан үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады.

Сонымен қатар, ауылдық квота бойынша түскен стипендиаттарға кепіл мүлкін ұсыну міндетті емес. Екі кепілгер болса жеткілікті. Кепілгер ретінде соңғы 12 жыл ішінде тұрақты табысы бар, ҚР-ның 50 жасқа дейінгі азаматы бола алады.

«Өңірлерге жұмыс істеуге баратын түлектер үшін еңбекпен өтеу мерзімі қысқартылды. Олар 5 жылдың орнына 3 жыл еңбекпен өтейтін болады. Біз бұл шара өңірлерге барып, ауылды жұмыс істейтін болашақшылардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз» - деп атап өтті Айнұр Кәрібозова.

КОНКУРС АРНАЙЫ ПЛАТФОРМАДА ӨТКІЗІЛЕДІ

2020 жылдан бастап құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процесі толығымен автоматтандырылды. Бұл конкурстық іріктеудің ашық өтуін қамтамасыз етті. Үміткерлер еGOV мемлекеттік қызметтер порталы арқылы өтінім береді және өңірден шықпай-ақ, порталдағы онлайн іріктеудің барлық кезеңдерінен өтеді.

2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1055 стипендия бөлінді. Олардың ішінен 555 стипендия магистратура, резидентура және докторантура бағдарламасы бойынша бөлінген. 500 стипендия жаңа «Ғалымдар» санаты бойынша тағайындалады. Бұл санат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік беру мақсатында бекітілді.

СТИПЕНДИЯ МӨЛШЕРІ – 2 000 АҚШ ДОЛЛАРЫ

«Болашақ» бағдарламасының шарты бойынша мемлекет студенттерге оқу шығындарын, ұшып бару мен қайту билеттерін, сондай-ақ виза алымдарын, медициналық сақтандыруды, ай сайынғы стипендия және оқу материалдарын сатып алуға жәрдемақы төлейді. Стипендия мөлшері қаланың және сол елдің өмір сүру деңгейіне қарай өзгереді. Мәселен, Нью-Йорк пен Лондонда ай сайынғы стипендия 2 мың АҚШ долларынан асады.